Наурыз мейрамы қазақ ұлтын қайта оятты - Дәулет Әбенов

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе өңірі. Наурыз мерекесін 80-жылдардың аяғында қайта тойлана бастады. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар мен ұлттық ойындар да қайта түледі. Бірақ әлі де ұмыт қалған салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындарымыз бар. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов айтып берді.

- Наурыз мерекесі бізге қайдан келді? Тарихи негізі туралы айтып берсеңіз...

- Наурыз мейрамының 5 мың жылдық тарихы бар. Ежелгі Иран жерінде шыққан. Көп жағдайда Наурызды діни мереке деп шатыстырып жүреді. Бұл - қате түсінік. Наурыз мерекесінің дінге ешқандай қатысы жоқ. Бұл алғашында жер шаруашылығына, жыл басы ретінде шыққан мейрам. «Жаңа жыл келді, көкке ауыз жетті, ақ мол болсын» дегенді білдіреді. Мал шаруашылығына да тікелей байланысты. Қазақ халқы мал шаруашылығына басымдық бергенін «малым арымның, арым жанымның садақасы» деп айтатын сөзінен білуге болады. Наурыз келді дегеніміз - көк шығып, көктемнің келгені. Ежелде әлемнің көп бөлігі жыл басын Наурыздан бастап тойлаған. Қазақстанның батыс өлкесінде наурыз мейрамының өз ерекшелегі бар.

null

- Еліміздің батыс өңірі 14 наурызға баса назар аударып, «Көрісу күні», «Амал мерекесі» деп айтады. Неге?

- 1918 жылы Ленин жаңа декретке қол қойды. Декретте 1918 жылдың 31 қаңтарды кейінгі күн 14 ақпан болып есептелінді. Қазіргі қолданыстағы Григорян күнтізбесі сол кезден енгізілген болатын. 1700 жылы Петр І қабылдаған күнтізбе арасында 14 күн айырмашылық бар. Бұрын біз 1-наурыз жыл басы деп тойласақ, жаңа күнтізбеге байланысты 14-наурызда атап өтілетін болған. Сол күні Қазақстанның батыс өңірінде «Көрісу мейрамы» басталады. Бұл салт батыс өлкесінде жақсы сақталған, оның ішінде Маңғыстауда ерекше. «Амал мерекесі» деп те тойланып жүр. Маңғыстауда Отпан тауда, яғни «Адай ата» басында бар нақышымен атап өтіледі. Бұл өңірде қазақи рух сақталған. Патша үкіметі мен қызылдардың орыстандыру, мәңгүрттендіру, рухсыздандыру саясаты ол аймаққа тарала қоймады. Қаймағы бұзылмаған қазақтардың ортасында «Амал мейрамы» жақсы сақталған, алғашқы қалпында қалған.

Ежелде Наурызды «Қызылбастылар мейрамы» деп атаған. Яғни, қызылбастылар дегеніміз, парсылар. «Бұқар тізбесі» деп те атаған.

- Көрісудің мәні неде?

- «Көрісудің» Қазақстанның әр өңірінде өзіндік мәні бар. Кей жерлерде, адам өліп, жоқтау айтқанда бір-бірімен көрісу, қыз үйінен ұзатылғанда да жылап, сыңсу айтып қоштасу салты болған. Ал, басқа бір өңірлерде адамдар бір-бірімен табысқан кезде көрісіп, төс қағыстырады. Наурыз мейрамында «аман-есен көрістік, жылдан аман есен-шықтық», «көкке аузымыз жетті» «ақ мол болсын» деген мағынаны білдірсе, екіншіден бір-бірінен өткендегі реніштері үшін кешірім сұрап, бірін-бірі кешіре білген. Баяғыда, тіпті соғыстар да тоқтатылған. Адамдар бір-бірін құттықтағанда «Жасыңыз құтты болсын, 1 жасқа толуыңызбен!» деп айтады. Наурыздан наурызға жеттік, жылды өткіздік деп қуанады. «Еліміз тыныш, дастарханымыз мол болсын» деп қонақ күтеді. Мұнда «қыстан қалған ет» деп айтуға болмайды. Сол күнге арнайы сақталған бар тәттісін шығарады. Наурызда адамдар кешірімшіл болады. Балалар да бұл мейрамды жақсы көреді, ерекше күтеді. Бүкіл үйде дастархан жайылып, балаларға тәтті тағам ұстатады. Түске дейін үлкендерге сәлем беріп, құттықтайды. Сөйтіп бұл халықтық сипат алған мейрам болды. Қазір «Наурыздан мейрамы» 21-нен бастап тойлаймыз. Бұл амал - күн мен түннің теңесуі. Яғни, тек астрономиялық құбылыс.

- Бүкіл ел болып тойланған мейрам неге кілт үзілді?

- Бұл жағдай большевиктердің солақай саясатының кесірінен болды. Сталиннің нұсқауымен 1926 жылдан бастар «Шығыс халықтарының мейрамы, Наурыз -діни мейрам» деп қабылдап, тойлауға тыйым салынды. Тіпті, 1929 жылдан бастап төте жазуымыз жойылды. Төте жазудан латынға көшірілді. Сталин «егер шығыс халықтары арабша һәрпін білсе, олар Құранды оқи алатын болады. Ал, Құранды білсе исламға жақын болады. Исламды бойға сіңірген халықтың арасында коммунистік идеологияны дарыта алмаймыз» деп санаған. Сонымен ұлттық болмысымыздың айшықтары, біріншіден Наурыз мерамының, екіншіден төл жазуымыздың түбіне балта шабылды. Тек, 1988 жылдан бастап «Наурыз мейрамы халқымызға қайтып оралды.

- Наурыз мерекесінің қайта оралған кезі есіңізде бар ма?

- Қазір әр мекемеде, кәсіпорындарда мереке ұйымдастырылады. Балабақша, мектеп, орта, жоғары оқу орындары мен мекемелер тойлауды дәстүрге айналдырды. Яғни, 1988 жылдан бастап қазақтың ұлттық санасының жаңғыру, жаңару кезеңі басталды. Қала, ауыл тойлатып, киіз үй тігіліп, халық мәз-мейрам болады. Әрине, Батыс өлкенің ауа райы бұл уақытта мейрам тойлауға өте қолайсыз, салқын. Алғаш тойлана бастағанда «бір ай кеш, яғни сәуір айына дейін ығыстырылатын». Бірақ әр мереке өз уақытында сәнді. Бұл шаралардың негізгі мақсаты - ұлттық бірегейлікті сақтау. Халықтың бірлігі маңызды. Мұны тек қазақ халқы емес, қазақстандықтар тойлауы керек. Жылпыұлттық, халықтың мейрамы ұлт пен ұлысқа бөлінбеуі тиіс. Сонда бірлігіміз артады. Әр қазақстандық «менің мейрамым» деп тойлауы қажет. Менің елім, менің жерім, менің әдет-ғұрпым, салт-дәстүрім деп білген жөн. Қытайдан бастап Дунайға дейінгі аралықта Наурыз мерекесін тойлады. Қазір де Еуропа елдері, Ресей, Қытайда тойланады. Сондықтан бұл мейрам жоғалып кетеді деген қорқыныш жоқ. Біз Наурызды мереке деп емес, біз оны мейрам деп тойлаймыз. Себебі бұл мейрам әлемдік деңгейде тойланатын думанды іс.

- Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміз, ұлттық ойындарымыз бар ма?

- Моңғолия мен Қытайдағы қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымыз жақсы сақталған ортадағы қандастарымыздың айтуынша, бұрын қазақтарда 160-тан аса ұлттық, спорттық ойын болған. Өкінішке қарай олардың көбісі бізге жетпей қалды, келмеске кетті. Қазіргі кезде ұлттық ойындар көп тойланбайды. Бір жерге алтыбақан құрылады. Гір тасын көтеру, күрес, арқан тарту көпшіліктің алдында өтеді. Бұрынғы бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, садақ тарту тағы секілді басқа ойындарды өткізуге мүмкіншіліктер бола бермейді. Яғни, ұлттық ойындар халықтық сипат ала алмай тұр. Наурызда ойналатын жастар арасындағы бізге жеткен ойын ол - «Айгөлек». Жастар екіге бөлініп, қолдарын ұстап, қаз-қатар тұрады. Сөйтіп қарсы командадын бір адамды шақырады.

Иә, қәзір «Мәңгілік ел» идеясы жастар арасында көп насихаттаудамыз. Алдымен тәуелсіздігімізді, ұлттық бірегейлігімізді сақтауымыз керек. Ұлттық бірегейлікті бірлікпен шатастырады. Жоқ, ұлттық бірегейлік ол - «Мен қазақпын» деген болмысымыз.

- Наурыз көженің құрамы қандай?

- Наурыз көжеге жеті тағам қосу деген бар, солай ғой. Меніңше қазақта жеті саны киелі. Соған байланысты болу керек. Біз жалпы ырымшыл халықпыз. Қазақ баласының өмірінде, тәрбиесінде ырым мен тыйымның орны ерекше. Мысалы, Наурыз көжені тауысып ішу керек, тауыспаса ренжиді, реніші қалды деп есептеген. Жалпы, Наурыз көжені Қазақстанның әр жерінде әртүрлі дайындалады. «Қыстан аман-есен шықтық, барымды сіздерден аямаймын» деп қазан көтереді. Бидай, бидай жоқ болса арпа салады. Күріш немесе тары да салып, мейіз қосады. Оңтүстікте күріш, батыста тары салады. Құрамы нақты емес, бірақ өте дәмді тағам. Құрт-ішімшік, айран қосатын адамдар болады.

- Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар