Наурыз мерекесі әлемнің әр түкпірінде аталып өтті

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Наурыз мерекесі әлемнің әр түкпірінде тойланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Софияда қазақ дәстүрінің сұлулығы паш етілді

Қазақстан Елшілігі София техникалық университетімен бірлесіп, Болгарияның мемлекеттік органдары өкілдерінің, Қазақстанның достар клубы мүшелерінің, журналистердің, болгар жұртшылығының және қазақ диаспорасының қатысуымен Наурыз халықаралық мерекесін атап өтті. София техникалық университетінің ректоры Иван Кралов сөз сөйлеп, Наурыз мерекесінің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.

Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев өзінің құттықтау сөзінде Наурызды біздің бай рухани мұрамыздың, ұрпақтар арасындағы ажырамас байланыстың, жаңарудың және жаңа өмірге деген ұмтылыстың жарқын нышаны деп атады. Ол Наурыз бейбітшілік пен жақсылықты бейнелейтінін, қуаныш пен сүйіспеншілікке толы, терең философиялық мәні мен жалпыәлемдік мәдени маңызы бар, бірлік пен келісім, достық пен өзара сыйластықты нығайтуға ықпал ететін шын мәнінде жалпыхалықтық мереке екенін атап өтті.

Іс-шара барысында Наурыз туралы деректі фильм көрсетіліп, қазақстандық студенттер домбыра тартты және гадулкада (қобызға ұқсас аспап) қазақ және болгар халық композицияларын орындады. Сондай-ақ, университетте көктемгі мерекеге арналған тақырыптық фотокөрме ашылды.

Қонақтар қазақ ұлттық тағамдарынан дәм татып, қазақ дәстүрлерінің барлық сұлулығы мен байлығын бейнелейтін қызықты және алуан түрлі мәдени бағдарламаны тамашалай алды.

Канада Парламентіндегі мерекеге 600-ден астам адам жиналды

Қазақстан-Канада парламентаралық тобының бастамасымен Канада Парламентінде Наурыз мерекесі өтті. Іс-шараны Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Үндістан, Түркия және т.б. елдердің ұлттық диаспоралары бірлесіп ұйымдастырды. Қатысушылардың жалпы саны 600-ден асты.

Парламентаралық топтың мүшесі – Канада Парламентінің депутаты Чандра Арья Наурыз 5 мың жылдан астам ежелгі тарихы бар мереке екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын Канадада бұл мереке кеңірек тойланып, Наурызға қызығушылық артып келеді.

Канададағы шетелдік дипломатиялық корпус атынан сөйлеген сөзінде Қазақстан Елшісі Ақылбек Камалдинов Наурыз көктемнің дәстүрлі мерекесі ретінде шығыс күнтізбесі бойынша табиғаттың жаңғыруы, жаңару және жаңа жылдың басталуы идеясын бейнелейтінін атап өтті. Сондай-ақ, ол Наурыз мейрамы жақсылықтың, берекенің, бақыт пен достықтың нышаны, дүние жүзіндегі көптеген халықтарға ортақ мереке екенін айтты.

Бангкоктегі шарада бишілер тамсандырды

Қазақстанның Таиландтағы Елшілігінің бастамасымен Бангкок қаласындағы БҰҰ Азия және Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) штаб-пәтерінде Наурыз халықаралық күніне орай мерекелік іс-шара өткізілді. Үндістан, Иран, Қазақстан мен Өзбекстан елшіліктері бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға БҰҰ АТМЭӘК Хатшылығының әрі басқа да халықаралық ұйымдардың қызметкерлері және АТМЭӘК-қа мүше елдердің өкілдері қатысты.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және АТМЭӘК Атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алисджабана мерекелік іс-шараға қатысып, Наурыз халықаралық күнін мерекелеудің мәдени әртүрлілікті сақтау мен бүкіл әлем халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайту үшін маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы аясында өнерпаздар ұжымдары көрермендер назарына Үндістан, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының фольклорлық және заманауи билерін ұсынды. Мереке қонақтарына Наурыз мекересіне орай әзірленетін ұлттық тағамдар ұсынылды.

ЮНЕСКО Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген Наурыз халықаралық күні көптеген халықтардың мәдени дәстүрі ретінде көктемнің алғашқы күні мен табиғаттың жаңаруын білдіреді. Бұл мереке ұрпақтар арасындағы, сондай-ақ отбасы ішіндегі бейбітшілік пен ынтымақтастық құндылықтарын ілгерілетуге, сондай-ақ татуласу мен тату көршілікке, мәдени әртүрлілікті сақтауға және халықтар мен түрлі қауымдастықтар арасындағы достықты нығайтуға ықпал етеді.

Бейжіңде Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі үзілмеді

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде аталып өтті. Мерекеге Бейжіңдегі қазақ елінің дипломаттары мен олардың отбасы мүшелері, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының және Қазақстан ұлттық компаниялары өкілдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдері мен Қытай жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.

Салтанатты іс-шара аясында Қытайдағы танымал жазушы, Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесінің бұрынғы депутаты, Абай Құнанбайұлының шығармаларын қытай тіліне аударған қандасымыз Ақбар Мәжит жиналған қауымға ақ батасын берді.

Елшілік мерекелік концерт ұйымдастырып, онда Бейжіңде жұмыс істейтін дипломаттар мен қазақстандықтардың балаларымен бірге жергілікті қандастар әртүрлі нөмірлермен өнер көрсетті.

Әртістердің орындауындағы «Наурыз мереке», «Наурыз думан» сияқты қазақ әндері, «Балдырған», «Аққулар» сынды билері жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт ойындары көпшіліктің көңілінен шықты.

Мерекелік жиында көпшілікке арналған ұлттық тағамдардың дастарханы молынан жайылып, Ұлыстың ұлы күніндегі басты тағам – Наурыз көже ұсынылды.

Латвияда «Қамажай» би флэшмобы ұйымдастырылды

Латвияда Наурыз мейрамы көптеген жылдар бойы отандасымыз Айнұр Дабулова басқарып келе жатқан Елгава қаласындағы «Сәуле» қазақстандық мәдени орталығында өтті.

Бұл жолы Наурыз мейрамы Латвияда тұратын қазақстандықтарды ғана емес, өзбек, ұйғыр және башқұрт диаспораларының өкілдерін, әрине латвиялық достарды да біріктірді.

Дәстүр бойынша мерекенің барлық қонақтарын «Көктем туды!» деген сөздермен қарсы алған, себебі Наурыз көптен күткен көктемнің басталуын, табиғат пен адамзаттың жаңаруын, достық пен махаббаттың бейнесін білдіреді.

Іс-шараға қатысушыларға қазақ халқының салт-дәстүрі, билер мен әндер, ұлттық киімдері көрсетілді. Қазақтың дәстүрлі тағамдарынан берекелі дастархан жайылды.

Наурызды атап өту ұлттық ойындарсыз, жарыстарсыз және байқауларсыз болған жоқ. «Қамажай» қазақ халық әніне би флэшмобы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, «Сәуле» орталығында еліміздің туристік маңызы бар көрікті жерлерін паш еткен «Менің шуақты Қазақстаным» атты фотокөрмесі ұсынылды.

Қазақстанның Латвиядағы Елшілігі «Сәуле» қазақстандық мәдени орталығына, Елгава қаласының «Қоғамдық мәдени орталығына» және «Земгале» КЕҰ-ға іс-шараны ұйымдастырғаны және өткізгені үшін ризашылығын білдіреді.

Латвияда қазақ мәдениетін дәріптеуге бағытталған белсенді жұмысы, сондай-ақ екі ел арасында достық қарым-қатынас орнатқаны үшін А. Дабулова Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінің алғыс хатымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар