Наурыз: Мәлім де беймәлім құндылықтар туралы мамандармен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлтымыздың ұлы мейрамы – Әз-Наурыздың тарихы мен осы мерекеге тиесілі салт-дәстүрлердің бүгінге дейін зерттеліп, тың деректердің табылып жатқаны белгілі. Ұлыстың ұлы күні жасалатын, бірақ қазір ұмыт қалған дәстүрлер, ұлттық тағамдар және Наурыздың тарихын айшықтайтын археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері көпшілікті қызықтырады. Осы орайда тарихшы-этнограф мамандар ҚазАқпарат ХАА арнайы сұхбат беріп, Наурызға қатысты мәлім де беймәлім құндылықтар туралы баяндады.

Зүбайда Сұрағанова, тарих ғылымдарының кандидаты

«Наурыз мерекесі 3 қағидаға негізделген. Бірінші қағида – жаңғыру. Яғни, табиғат жанданады және айналадағы сол өзгерістерге сәйкес адамдар да бейімделе бастайды.

Екінші қағида – бұл тепе-теңдік. Бұл ұғым тек күн мен түннің теңелуіне ғана қатысты емес, ол адамдар арасындағы, жалпы қоғамдағы теңдік деген мағынаны да көздейді. Себебі Ұлыстың ұлы күні адамзатты күнделікті күйбең тіршіліктен демалтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, барлығын бір ортаға тоғыстыратын күшке ие.

Үшінші қағида – игілік. Яғни, бұл принципке сай, адамдар жағдайы төмен отбасылар, күш-қуаты кеміген қарттарға және өзге де көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуы қажет.

Бұл үш қағида табиғатпен адамзаттың арасындағы тылысым байланыстың барын көрсетеді. Осының айқын бір дәлелі – қазақ халқының ұлттық асханасы. Әр әзірленетін астың нәрі мен мәні ерекше. Бұл әсіресе, Наурызда ұсынылатын тағамдарда айрықша байқалады. Бірінші кезекте атап өткім келетін Наурыз дастарханындағы тағам - селт еткізер. Аталған ас дәстүр бойынша әз Наурыз мейрамында жастар қауымына ұсынылған. Яғни, ол жақында үйленген ер азаматтар мен таяуда тұрмысқа шыққан қыз-келіншектер болуы мүмкін. Сондай-ақ бұл рәсімге 15 жастан асқан бойдақ ер жеткен жігіттер мен бойжеткен қыздар да қатысатын болған. Әйелдер қауымы ер азаматтарға осы дәмді ұсынады, ал ерлер оған алғыс ретінде сыйлық сыйлайды. Селт еткізер ұрпақ жалғау,ер азаматпен әйел арасындағы табиғи гендірлік байланысты нығайту мақсатында әзірленетін ас.

Екінші тағам - бел көтерер деп аталады. Өзбекәлі Жәнібековтың тарихи жазбаларына сәйкес, бел көтерер тағамы өгіз етінен дайындалатын болған. Себебі түркі аңыздарына сай, өгіз – ол қыс мезгілінің, қаталдық пен бірбеткейліктің символы. Қыс мезгілі де қатты болады және ұзаққа созылады емес пе?! Сондықтан көктем шығуы үшін өгізді құрбандыққа шалу қажет. Бел көтерер ХХ ғасырдың бірінші жартысында Оңтүстік Қазақстан аумағында әзірленген деген деректер бар. Тағам өте жоғары калориялы, жұмсақ әрі дәмді. Бел көтерерді әзірлеп, оны кішкентай балалар арқылы жасы үлкен туыс-туғандарға беріп жіберетін болған. Ал үлкендер қауымы өз кезегінде асты әкелген балаларға «Алғыс бата» оқып, жаңа жылға ізгі ниетпен тілек білдірген.

Наурызда дайындалатын тағы бір тағамға тоқтала кетсем. Оның ішінде кем дегенде 7 дәм болуы керектігін барлығы біледі. Дегенмен мен бұл астың өзге мән-маңызын атап өтейін. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің деректері бойынша, наурыз көжеге қыстан қалған ет және міндетті түрде жаңа сойылған малдың еті қосылатын болған. Яғни, ескі мен жаңаны, қызыл (ет) мен ақты (сүт өнімдері) байланыстыра отырып әзірлеген. Табиғат беретін дәмінің барлығы осы тағамға қосылады. Мәселен, бұрынғы кезеңде көше болып тойлағанда, онда әр үй иесі өз наурыз көжесін жеке әзірлеп, барлығы бір қазанға құйған. Кейін барша тұрғын жиналып, сол ортақ қазаннан тамақтанған. Бұл біріншіден, табиғаттың бізге беретін барлық өнімін біріктіре пайдалану мәнін көздесе, екіншіден, тағамды бірлесе жасаған адамдардың бірлігін көрсетеді.

Біз осы мерекенің мол философиялық маңызын түсініп, тарихына қайта оралуымыз керек. Осы әлемде өмір сүріп жатқанымызға және табиғаттың берген сыйына риза болу керекпіз деп ойлаймын. Біз күнге, суға, жерге табынуымыз керек. Бұл рәсімдерден ұялудың қажеті жоқ. Менің ойымша, мұның барлығын қалпына келтіру орынды.

Ақан Оңғарұлы, археолог, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының басшысы

Наурыз мерекесінің тарихықола дәуірінен бастау алады. Оған дәлел – археологиялық ескерткіштер. Наурыз дүниесінің барлығы – бұл тікелей күн және от культімен байланысты. Тіпті керек болса, «Қазан көтеру» деген салтпен сабақтасып жатыр.

Біздің жыл санауымызға дейінгі IV ғасырларда Үстірт пен Маңғыстауда ұлутастан (ракушка) храмдар салынған. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бұл орын тек маусымдық қана рәсімдер орындайтын жер болып есептеледі. Табылған жалаң күмбездікешеннің жалпы диаметрі 20 метр, ал биіктігі 7 метрді құрайды. Оған төте жол арқылы кіре алмайсыз. Оның ішіне ену үшін биік қырға шығып, кейін төменге түсесіз. Құрылымға шамамен 10 адам сыйады. Ал негізгі адамдар сыртта болады. Осыны біз он жыл зерттедік. Нәтижесінде абыздың ғана ішке кіргеніндігін, ортада от жағылып, жалаң күмбездегі шағын ойық арқылы түтін шыққан кезде ғибадатхананың сыртында қалған рәсімдердің орындалғандығын анықтадық.

Толығымен қазба жұмыстарын жасаған кезде аталған жерден шұңқырлар көп шықты. Шұңқырлардан далалық жабайы аңдар мен қолда ұстаған малдың сүйектері табылды. Сондай-ақ түрлі құрал-жабдықтардың қалдықтары шықты. Яғни, бұл дерек сол дәуірлердегі адамдардың жабайы жануарлар мен мал еттерін жегендігін, жеп болғаннан кейін арнайы рәсім орындап, кейін сүйектерді шұңқырға тастап, кейбір жерінде өртеп, кейбір жерінде адам аяғы баспайтындай етіп көміп кеткенін дәлелдеп отыр. Әрине, мұның барлығы күн мен от культіне тікелей байланысты. Қазақта ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын деген сөз бар. Сол сияқты ерте дәуірлерде де адамдар барлық бәле артта қалсын деген ниетпен көктем шыға ой мен қырда қыстап қалғандар жиналып, үлкен ұйытқы жасап, осы жерде рәсім өткізген.

Ал енді қазіргі таңдағы мұның сарқыншағы – Отпан тау. Яғни, Отпан таудың басына от жағады, халықтың барлығы жиналады, бір-бірімен көрісіп, наурыз көже ішеді.


Серік Ерғали, мәдениеттанушы

Бес мың жылдық тарихы бар Наурыздың тасқа қашалған, петроглифге бедерленген куәлігін таптық. Ешқандай елде, халықта жаңа жылға қатысты мұндай куәлік жоқ.

Осы орайда, Наурыз мерекесінде көрініс табатын, бірақ мән-мағынасы көпшілікке беймәлім ұлттық құндылықтар туралы айтпай кетуге болмайды. Соның бірі – алтыбақан ғұрыпы. Алтыбақанды советтік этнография ұлттық ойын деп келді. Ойын болса, онда оның ережесі болуы керек. Ал мұнда ереже жоқ. Демек бұл ойын емес. Бұл күн мен түннің теңелуіне байланысты ғұрып. Алтыбақанның бір басында бойжеткен, екінші жағында ержеткен жігіттің тербелуі – біреуі күннің, біреуі айдың белгісі. Осыларды тербету арқылы – ғаламдық үйлесімді паш ету. Алтыбақан тек қазақтарда нақты сақталған. Қырғыз және хакас халықтарында да бар, бірақ олар ұмытқан. Бізге қарап қайта қалыпына келтіріп жатыр.

Былтыр Алтын Орданың 750 жылдығы болды. Одан бірнеше жыл бұрын мен ресейлік сайттан біздің Алтын Орданың ақсүйектері Наурыз кезінде киген «Наурыз бөрікті» таптым. Енді оны қалыпына келтіруіміз қажет.

Бұдан бөлек, зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған қазақ халқының ұлттық асханасына қатысты деректер де жеткілікті. Қазақтың дәмінен құралған 3 деңгейлік әлем бар. Осыны дәріптейтін «Науан» деген тағамдық сөрені қалпына келтірдік. 3 белдеулік әлем – ол жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлем. Мысалы қазақта ет өнімдерін «қызыл», сүттен жасалған тағамдарды «ақ», көкөніс, жеміс-жидекті «көк» дейді. «Науанның» үш сөресіне осы аталған тағамдарды салып, дастарханға қояды. Айналасына бауырсақты шашып тастайды. Бауырсақ ешқашан қазақтың дастарханында шектеліп, ыдысқа салынбаған. Себебі бауырсақ күннің сәулесінің, жарықтың белгісі.


Жәди Шәкенұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Наурызда жасалатын, бірақ қазір сирек кездесетін салт-дәстүрлердің бірі - «Бұлақтың көзін аш» деп аталады. Аталған дәстүрдің мазмұнын тура мағынасында қабылдасақ, әрине ол бұлақтың көзін ашу, шықпай жатқан суды шығару деген мәнді білдіретіні рас. Ал дегенмен мұндағы негізгі ойдың сананың, жолдың, имандылықтың бастау көздеріне қаратылып айтылғанын көбіміз әлі толық ұғына алмай жүрміз. Бұл дәстүр Наурызда ұрпағымызға көрсететін үлгімізбен дәріптейтін даналығымызды қамтитын, философиялық мәні мол дүние. Ұлыстың ұлы күні ағаш отырғызу, қоршаған ортамызды таза ұстау, баламызға айтатын ақылымыз бен нақылымыз сияқты сан тараулы білімді осы бұлақтың көзін аш дәстүрі қамтиды. Бұлақтың суы көлге, теңізге, одан әрі мұхитқа барып құятыны сияқты бұл дәстүрдің негізінде алынған Наурздың әліппелік сауатына қатысты құндылықтар келер ұрпаққа жете береді.

Қазақ халқының жан-дүниесі ежелден табиғатпен тыныстас. Мысалы ежелгі түркі дәуіріндеде Наурыз мерекесі тойланған. Түркілер бұл мейрамды өздерінің дүниетанымына сай өткізген. Ең қарапайым бір мысал келтірейін: ол кезеңде өкшесі жоқ, басына ешқандай темір қағылмаған, жұмсақ былғары теріден тігілген аяқ киім киетін дәстүр болған. Ол не үшін?! Егер қатты аяқ киіммен атқа мінсең, аттың бауырын жаралайсың, жерде жүрсең жердің шөбін, көгін жаралайсың. Сондықтан шөпті қима, көпті қима деген дүниетанымға байланысты осы дәстүрді сақтаған. Бұл біздің табиғатпен егіз екеніміздің бір көрінісі.


Соңғы жаңалықтар