Nauryz бәйгесінде Қазақстанның үздік актерлері мен үздік саундтрек белгілі болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық сериал контентіне арналған «Nauryz» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары – жылдың үздік актерлері мен түсірілім мамандары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін «Үздік тарихи сериал», «Үздік драмалық сериал», «Үздік комедиялық сериал», «Үздік веб-сериал» номинацияларының жеңімпаздары жарияланған еді.

«Nauryz» ұлттық бәйгесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет өтуде.

Бәйгеге 2021 жылғы 1 қаңтар – 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығында қазақстандық телеарналардың эфиріне, YouTube арнасында шыққан сериалдар мен шығармашылық топтар 13 номинация бойынша қатысып жатыр.

Жеңімпаздарға NAURYZ арнайы мүсіншесімен бірге 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Осылайша, «Үздік актер» жүлдесі «Serjan Bratan» сериалының бас кейіпкері Дулыға Ақмолдаға берілді. Бұл аталымда Аян Өтепберген («Ақжауын»), Әбунасыр Серіков («103»), Берік Айтжанов («Ангел-хранитель») есімдері бар еді.

«Үздік актриса» жүлдесін «Няня» сериалының бас кейіпкерін сомдаған Жанель Серғазина жеңіп алды. Бұл тізімде Ақбота-Нұр Сейтмағамбет («Бақыттың кілті»), Анна Оразбаева («Қаныш. Қазына»), Дариға Бадықова («Келінжан») болған еді.

«Екінші пландағы үздік актер» марапатын «Келінжан» сериалындағы рөлі үшін Рүстем Жаныаманов алды. Бұл сайысқа Әділжан Шомбалов («Патруль»), Ғани Құлжанов («Ақжауын»), Нартай Сауданбекұлы («Ахмет. Ұлт ұстазы») түскен еді.

«Екінші пландағы үздік актриса» жүлдесін «Ақ пен қара» сериалына түскен Камалия Байтілеуова жеңіп алды. К. Байтілеуова Әйгерім Жаңылбаева («Медеуде кездесейік»), Зарина Кармен («Міржақып. Оян, Қазақ!»), Райхан Айтқожанова («Қимылдаған қыр асар») арасынан үздік атанды.

«Үздік режиссер» номинациясында Ернар Нұрғалиев («Келінжан»), Ерлан Нұрмұхамбетов («Қаныш. Қазына»), Қанағат Мұстафин («Тағдыр тасы»), Мұрат Есжан («Міржақып. Оян, қазақ!», «Ахмет.Ұлт ұстазы») сайысқа түсті.

Қазылардың шешімімен «Қаныш. Қазына» сериалын түсірген Ерлан Нұрмұхамбетов жеңімпаз атанды.

«Үздік сценарист» жүлдесін «Mystan» сериалының сценарийі үшін Бекзат Мырзахметова жеңіп алды. Шорт-тізімге Әмір Әменов («Қаныш. Қазына»), Гүлнұр Мамасарипова («Келінжан»), Майя Искакова («Няня») енген болатын.

«Үздік қоюшы-оператор» аталымында Асқар Серікқазин («Әке мен әке»), Ернұр Рысбаев («Ақ пен қара»), Қазбек Әміржанов («Жусан иісі») арасынан Бағдат Арғынов жеңімпаз атанды.

Ол танымал «SHEKER», «Serjan Bratan», «5:32» сериалдарында жұмыс істеген.

«Үздік монтаж» марапаты «Хабар» телеарнасындағы «Ақ пен қара» сериалындағы жұмысы үшін Рақымжан Яхьяровқа берілді.

Бұл жүлдеге Ақан Мұсақұлов («Женатики»), Бауыржан Нұркеев («Қаныш. Қазына»), Төребек Бейсебаев («Ақжауын») таласқан еді.

Ең соңғы «Үздік саундтрек» марапаты «Sheker» веб-сериалына жазылған «Sheker» әні үшін Дархан Жүнісбековке (Darkhan Juzz) берілді.

Дархан Жүнісбеков осыдан бірер ай бұрын Тайландта жол апатынан қаза тапқан еді.

Белгілі композитор Ринат Гайсин жүлдені Д. Жүнісбековтың балаларына табыстады.

Сонымен бірге, кеш соңында «Патруль» сериалына «Шетелге көп сатылған үздік коммерциялық сериал» марапаты қосымша табысталды.

Жүлдені BasProduction ұйымының продюсері Ақылбек Досжан алды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы сериалдарының бірі «Тоғысқан тағдырлар» (Перекресток) туындысына «Nauryz» арнайы жүлдесі берілді. Марапатты сериалдың кейіпкерлерін сомдаған Бақытжан Әлпейісов пен Венера Нығматуллина алды.


Соңғы жаңалықтар