Наурыз: Алты құрлықтан құттықтаулар ағылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтаулар әлемнің әр түкпірінен түсіп жатыр. Франция, Германия, Польша, Словакия, Моңғолия, Тайланд, Австралия, Әзербайжан, Иран елдерінен танымал тұлғалар мен қарапайым тұрғындар жүрекжарды тілектерін жолдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыртқы істер министрлігінің Telegram каналына Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтаған ресми тұлғалар мен шетелдік азаматтардың лебізі толассыз жарияланып жатыр. Солардың ішінде Deutsche Bank-тің басқарушы директоры Йорг Бонгартц та бар.

«Құрметті қазақстандықтар! Deutsche Bank атынан мен сіздерді көктемнің шуақты Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз жаңа жылдың басталуын ғана емес, табиғаттың жаңаруын да білдіреді. Ал Қазақстандағы табиғат өзінің әсемдігімен және алуандығымен таң қалдырады. Біз ірі халықаралық банк ретінде Қазақстанның төл табиғатын сақтауға деген ұмтылысын қолдаймыз және Қазақстан Үкіметімен тең дәрежеде жасыл энергияны дамытуға белсенді қатысамыз. Біздің қазақстандық «жасыл» жобаларды қолдауымыз, жалпы неміс және еуропалық бизнеспен қарым-қатынас бүкіл Қазақстан халқына пайдалы болады деп үміттенеміз», - дейді банкир.

«Польша-Азия» сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Януш Пехочинский болса, өзінің құттықтауында Қазақстан Польша үшін маңызды әріптес екенін жеткізді.

«Наурыз – көктем мерекесі. Үлкен дәстүр мен мәдениеттің, достықтың отбасылық мерекесі. Биыл бұл мереке Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында тойланып жатыр. Осындай қысқа мерзім ішінде экономикасы орнықты, саяси жүйесі берік және үлкен құрметке ие заманауи мемлекет құра алдыңыздар. Поляк халқы үшін, Польша экономикасы үшін Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды әріптес. Азия - Қытай - Польша - Еуропалық Одақ көлік дәлізіндегі маңызды мемлекет деп білеміз. Бұл екі арадағы ынтымақтың үлкен әлеуеті бар екенін көрсетеді. Ел басшылығына және кәсіпкерлерге әріптестік қатынастар үшін алғыс айтамын. Көктем мерекесіне орай сіздерге пандемиямен күресте жеңіс, ел дамуында табыс тілеймін», - деді Януш Пехочинский.

Таиландтағы Air Astana компаниясының өкілі Дурачат Паниавут та қазақстандықтарды Ұлыс күнімен құттықтай келіп, Таиландқа біздің елден баратын туристерді күтетінін айтты.

«Наурыз мерекесіне орай барлық қазақстандықтарға тек бақыт, береке, зор денсаулық тілеймін! Біз қиын кезеңдерден өтіп, таяу уақытта Таиландта қазақстандық туристерді қарсы алып, қауышамыз деп үміттенеміз», - деді Урачат Паниавут.

Австралияның Фортстрит мектебінің оқушылары да қазақ халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Наурыз мерекесі құтты болсын! Біз сіздерге бақыт, өркендеу, амандық тілейміз. Австралиялықтардың ізгі тілегі қабыл алыңыздар», - дейді оқушылар.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі конвенцияның хатшысы Тиим Кертис те қазақстандықтарға игі тілегін арнап, Наурыз мейрамы әлем халықтарына ортақ мұра екенін атап өтті.

«Наурыз ЮНЕСКО көлемінде халықаралық күн ретінде мойындалған және адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміндегі маңызды элемент болып саналады. Осыған байланысты Наурыз құтты болсын дегім келеді», - дейді Юнеско өкілі.

Құттықтаушылар арасында осыдан 10 жыл бұрын Моңғолияға қоныс аударып, сондағы қазақтардан ұлтымыздың дәстүрі мен тілін меңгерген Портелдер отбасы да бар.

«Біз Баян-Өлгий аймағында 10 жыл өмір сүрдік, қазақ тілін меңгердік. Қазақ тілінде сөйлеу өте көркем», - дейді Сара Портелл.

«Қазақстан халқын көктемнің нұрлы мерекесі әз Наурызбен шын жүректен құттықтаймыз! Наурыз әр қазақтың шаңырағына шаттық пен қуаныш әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», - деді Крейг Портелл.

Еске салсақ, әлемнің әр түкпірінен жолданған құттықтаулар кешеден бері келіп жатыр. Ізгі ниет білдірушілердің арасында әлемге аты әйгілі дизайнерлер, Болливуд актерлері мен саясаткерлер де бар.



Соңғы жаңалықтар