Наурыз-2019: Алматыда «Домбыра party» өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматыда Наурыз қарсаңында «Домбыра party» іс-шарасы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, биыл қала билігі Наурызды тарихи-танымдық бағытта өткізуді жоспарлап отыр.

«Биылғы жыл Қазақстанда жастар жылы болып жарияланды. Көпшілік ойын-сауықты ұйымдастырушылар мерекелік іс шаралар ең алдымен жастарға тарихи-танымдық тұрғыдан пайдалы болса деген мақсатты көздеп отыр», - деді әкімдіктің қоғаммен байланыс қызметі.

Almaty Arena және Halyk Arena мұз кешендері мейрамды 22 наурызда қарсы алмақшы, 23 наурызда сауықтар Sunkar халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде өтеді.

Шығармашылық тұлғалар өз өнерін ортаға салуы үшін Almaty Arena мұз сарайында нағыз алаң құрылады. Бабаларымыздан қалған алтыбақан - Наурыз мейрамын тойлау кезінде көшпелі жастар сауық құратын орын болғандықтан, осы алтыбақандардың тұтас бір паркі орнатылмақшы.

Сондай-ақ, «Домбыра party» музыкалық сайысы өтеді. Ұлттық спорт ойындары жарыстарын өткізу үшін арнайы аумақтар ұйымдастырылады.

Қаланың 10 мейрамханасы қатысатын дәстүрлі Big City Picnic көше тағамдары фестивалі де - мерекелік шаралардың бір бөлігі.

Almaty Art Center орталығында бірден екі мерекелік - көркем және қолөнер көрмелері жұмыс істейді.

Halyk Arena мұз кешенінің негізгі мерекелік сахнасы Құлжа күре жолы көшесінің кіре берісіне орналастырылады. Бұл жерге киіз үйлер, тағам сатылатын шағын вагондар және бірнеше алтыбақан құрылады. Спорт кешенінің мұз айдынында мәнерлеп сырғанаушылар өнер көрсетеді деп күтілуде.

Алматы қаласының екі мұз кешенінде барлық мейрам күндерінде конькимен жаппай сырғанау сеанстары сағат 11.00-ден сағат 23.00-ге дейін өткізіледі.

Sunkar халықаралық шаңғы трамплині кешенінде мейрам кезінде отбасылық демалыс үшін ыңғайлы орта жасалмақ. Қала тұрғындарына зип-лайн және роупджампинг аттракциондары, мотокросс-шоуы, балалар батуты, квадрациклдер мен баггилерде сырғанау ұсынылып, шаңғышылар өнер көрсетеді. Мұнда музыка ойнап, ұлттық дастархан жайылады, жәрмеңке, спорттық жарыстар өтеді.

Соңғы жаңалықтар