Науқастың өліміне себепші болған хирургқа шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда апелляциялық сот пластикалық хирург Дмитрий Писаревке шығарылған сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Хирургтың ота үстелінде былтыр екі әйел көз жұмған болатын. Дәрігер 3 млн теңге болатын моральдық шығын көлемін 500 мыңға дейін төмендету туралы апелляциялық шағым түсірген еді. Ол ақшасының жоқтығына байланысты бұл қаражатты жинап бере алмайтынын айтты.

Сонымен қатар, ол сот үкімін қайта қарап, өзін ақтауды сұрады.

«Осы іске қатысым бар екенін сезіну маған өте қиын. Сот үкімі шықты. Мен енді отбасымды асырай алмаймын. Мен дәрігермін, басқа ешқандай жұмыспен айналыса алмаймын. Сот шешімін қайта қарап, мені ақтауыңызды өтінем», - деді хирург Дмитрий Писарев.

Шағымды қараған апелляциялық коллегия Алматы аудандық сотының 29 желтоқсандағы үкімін өзгеріссіз қалдырды.

«Біз сіздің айыбыңыз толық дәлелденді деп санаймыз. Сізді ақтап алуға ешқандай негіз жоқ», - деді коллегия мүшелері.

Естеріңізге сала кетейік, Украина азаматшасы Дана Агамұрадова Алматыда іш майын алғызу үшін жекеменшік емханалардың бірінде ота жасатқан. Отадан соң 6 сағат өткенде Дана есін жимастан көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, пациент май түйіршіктерінің өкпе тамырларын бітеп қалуынан қайтыс болды. Оған отаны пластикалық хирург Дмитрий Писарев жасаған болатын. Дәл осы хирургтың қолынан былтыр қарашада тағы бір әйел өмірден озды. 30 жастағы Лаура Ізбасарова пластикалық ота жасатып, омырауын тарттырмақ болған. Бұл қылмыстық оқиғаны да полиция тексеруге алды.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті пластикалық хирург Дмитрий Писаревтің клиникалық ем жасауына сот арқылы тыйым салды.

Көп ұзамай Алматыда тағы бір әйелдің пластикалық отадан қайтыс болғаны белгілі болды. 44 жастағы әйелге отаны «Moskva deLux» емханасының хирургы Роман Алферов жасаған.

Соңғы жаңалықтар