Науқастанған жағдайда оразаны ашуға болады - Алматының бас имамы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының бас имамы менингококк вирусына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда менингококк вирусының тіркелу оқиғалары жиілеуін және бірнеше адамның осы аурудан қаза болғанын ескере отырып мынаны ескерулеріңізді сұраймын. Егер бойларыңызда менигиттің белгілері байқалған болса, уақыт оздырмай дереу дәрігерлерге қаралып, қажет болса оразаны ашуға шариғат рұқсат етеді. Рамазан айында нақты ауырған кісінің ораза ұстауы аурудың асқынуына, емнің кешігуіне кедергі болған жағдайда оған оразасын ашуға болады. Оразаның ауру кісіге зиянды екені не өзінің бұрынғы тәжірибесінен, не білікті дәрігердің нұсқауымен анықталуы қажет.  Қатты науқас кісінің «Ауырсам да ұстай беремін» деп шешім жасауы дұрыс емес. Себебі, денсаулық Алла Тағаланың адам баласына берген аманаты, оған қиянат жасауға болмайды. Біз қала тұрғындарын өз денсаулықтарын сақтауға, аманатқа қиянат етпеуге шақырамыз», - деді Алматы Орталық мешітінің Бас Имамы Еркінбек Шоқаев.

Имамның айтуынша, оразасын ашқан адам ұстамаған күндерінің қазасын соңынан басқа айларда, яғни сауыққанда өтесе болады.

«Рамазан - әрбір мүміннің асыға күтетін береке мен мейірімге толы ай. Алайда, Алла Тағала адам баласына тек қана жеңілдік қалайтынын, ауырлық қаламайтынын естен шығармауымыз қажет. Сол үшін Алла Тағала адамның түрлі жағдайлары мен күйін ескере отырып қажеттілік туындаған кездерде оразасын үзіп, кейінірек қайта өтеуіне Құранда рұқсат берді. Себебі, біздің дініміз ешбір уақытта, ешкімге ауырлықты жүктемейді. Керісінше қоғамның өсіп-өркендеуіне қолайлы жағдай жасап, адамзаттың өмірін жеңілдететін дін», - деді дін қызметкері.

Айта кету керек, бүгін Алматыда менигококк жұқпасынан 27 жастағы өрт сөндіруші жігіт қайтыс болған еді.

Туыстарының айтуынша, марқұмның аузы берік болған.

Оның алдында аталған жұқпадан 4 адамның көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Олардың 2-еуі 4-5 жастағы балалар.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанда қауіпті жұқпадан 12 адам көз жұмған.

Фото: muftyat.kz

Соңғы жаңалықтар