Науқаспен жанжалдасқан ақтөбелік дәрігер өз еркімен жұмысынан кетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде науқаспен жанжалдасып, төбелесіп қалған дәрігер жұмысынан кетті. Ал медицина қызметкерінен зәбір көргенін айтқан Элмира Жетпісбаева полицияға шағым түсірмейтінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасына сырқаттанып түскен Элмира Жетпісбаева дәрігер өзін ұрғанын айтып, түсірілген видеоны әлеуметтік желіге салған болатын. Аурухана әкімшілігі бірден қызметтік тексеру бастады.

Ал бүгін мәлім болғандай, науқаспен сөзге келген дәрігер өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш білдірген.

«Жас дәрігер облыстық жедел жәрдем ауруханасында бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Сол күні кезекшілігі болды. Науқас телефонның бейнекамерасына түсіре бастағанда, одан түсірмеуін сұраған. Сол кезде науқас дәрігердің шашынан тартып, құлатып тастаған. Дегенмен, мен дәрігердің іс-әрекетін қолдамаймын. Сөзге келіп, қарсылық білдіруі дұрыс емес. Қызметтік тексеру басталуы керек еді. Бірақ дәрігер бүгін жұмыстан босату туралы өтінішін жазып кетті», - деді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов.

Еске салсақ, Элмира Жетпісбаева оқиға болған күні №1 Ақтөбе қалалық емханасына учаскелік дәрігердің қабылдауына барған. Сол жерде аяқ-қолы құрысып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Кейін жедел жәрдем бригадасы шақырылып, ол облыстық Жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген.  null 

«Элмира Жетпісбаева 1 жылдан бері есепте тұр. Ол дәрілерін тегін алады. Диагнозы - эпилепсия. Сол кезде 1-1,5 сағат сайын 5-7 секундқа денесі құрысатынын бізге айтты. Дәрі егіп, жедел жәрдемді күтті. Кейін оны алып кетті. Науқас учаскелік дәрігер мен невропатологтың бақылауына алынған», - деді учаскелік дәрігер Виталий Брагин.

Келіншектің айтуынша, облыстық Жедел жәрдем ауруханасының дәрігері оны қараудан бас тартып, намысына тиетін сөз айтқан.  

«Жедел жердем ауруханасына барған кезде каталкаға салып қойды. Дәрігер өткен сайын итеріп кетіп, отыруымды бұйырды. «Қазір психиатр шақыртамын» деді. Себебін сұраған кезде «қарамаймын» деп кесіп айтты. Мен облыстық ауруханада бұрын жатып, ем қабылдаған едім. Дәрігерді таныдым. Қайталап айта берген соң бейнекамераны қосып, түсіре бастадым. Ескерту жасады, бірақ  түсіре бердім. Жаныма келіп, телефонды өшіруді талап етіп, екі бетімнен ұрды. Видеоны өшіруге мүмкіндік бермей, телефонымды бұғаттап қойдым. Ашуыма тиген кезде шашынан ұстап, жерге құлаттым. Бірден оқиға орнына учаскелік полицияна шақырды. Дәрігер денесіндегі ізді тіркетіп алған екен. Мен тек «психиатр шақырамын» деген сөзіне ашуландым», - деді Элмира Жетпісбаева.

Ол ауруханада ем қабылдамай шығып кетіп, қайта учаскелік дәрігерге барған. Ал дөрекілік көрсеткен дәрігерге ешқандай талап қоймайтынын, арыз жазбайтынын айтты.  

«Дәрігерді жұмыстан шығару секілді талап қоймаймын. Дәрігер науқастарға адамгершілікпен қарауы тиіс. Кез келген адам ауырған соң ем іздеп дәрігерге барады. Ақ халаттылар соны түсінуі керек», - дейді ол.

 

Соңғы жаңалықтар