Наталья Годунова ұлттық жобалардың тиімділігіне күмән келтірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова ұлттық жобалардың тиімділігіне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бюджет шығыстарын қойылған стратегиялық мақсаттарға байланыстыруды сол күйі үйрене алмай қойдық. Салдарынан – жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізуге ешқандай әсер етпейтін іс-шараларға қомақты ресурстарды жұмсадық. Ұлттық жобаларды әзірлейміз, алайда іске асырылған екінші жылында олардың күшін жоямыз. Барлығы орындалып жатқан сияқты көрінеді, бірақ беретін әсері күмәнді. Бір жақтан мыңдаған жұмыс орны құрылып жатса, екінші жағынан Еңбек министрлігі жұмыссыздардың саны өседі деген болжам айтып отыр. Алынатын экономикалық әсер соңына қалдырылған. Жобалық қуатты кеңейту және оған шығу үш-бес жылдан кейін жоспарланған. Ал мұны ешкім бақыламайды», - деді Наталья Годунова.

Оның атап өтуінше, көптеген жоба іске асырылып болғаннан кейін бірден мониторингтен алынып тасталады.

Әсерді бағалаудың жекелеген әрекеттері бар, бірақ бұл ережеден гөрі айрықша жағдай.

«Мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау да оңай шаруа емес. 2022 жылғы нысаналы индикаторлардың 37 пайызының статистикалық деректері әлі жасалмаған. Ал қолда барына қарап, нәтижесін тұтас айту мүмкін емес. Егер көрсеткіштер орындалу шамасына қарап түзетілсе, ал қаржыландыру көлемінің өзгеруі көбіне олардың мәніне әсер етпесе, мәлімделген жетістіктермен қалай келісуге болады. Министрліктер мен ведомстволардың дұрыс емес болжамдарының ауқымы емес, олардың әдемі есептері мен дұрыс емес статистикасының артында жасырылғаны алаңдатады. Ал Үкімет солардың негізінде басқарушылық шешімдер қабылдайды», - деді палата төрағасы.


Соңғы жаңалықтар