Нашақорлықпен күрес: Көкшетау жастары квест-ойынға қатысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Халықаралық нашақорлық және заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес күні қарсаңында қалалық білім ордаларының оқушылары, студенттері және белсенді жастары арасында квест-ойыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны Ақмола облыстық Полиция департаменті нашақорлыққа қарсы күрес қызметінің қызметкерлері мен облыстық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мақсат – ойын түрінде қатысушылардың танымдық және ойлау үдерістерін жандандыруға ықпал ету, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға тарту.

«Барлық мемлекеттік органдар есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған түрлі алдын алу іс-шараларын жеке-жеке де, кешенді түрде де жүзеге асыруда. Біз жастармен және өскелең ұрпақпен жұмыс істеудің жаңа жолдары мен әдістерін іздейміз. Бүгінгі квест – бұл алдын алудың, шығармашылық және қызықты ойынның жаңа түрі, онда қатысушылар өздерін көрсетуге және командада жұмыс істеуді үйренуге мүмкіндік алады», - деп атап өтті облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Рәзия Курсанова.

Квест-ойынға 7 команда қатысты. Бір қызығы, ойынға қатысушылар әлеуметтік желілер арқылы тартылды. Ойын барысында командаларға химиялық қоспа заттардың алдын алудың барлық әдістерін табу, зияткерлік ребустарды, кроссвордтарды шешу және бүкіл тапсырманы мүмкіндігінше тез аяқтау қажет болды.

М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы студенттерінің командасы жеңімпаз атанды, екінші орынды «Арна» жоғары колледжінің студенттері, үшінші орынды Көкшетау жоғары медициналық колледжінің студенттері иеленді. Ойынның барлық қатысушылары бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар