Нашақорлық қазіргі қоғамдағы өткір проблемалардың бірі болып отыр - Қ.Ахметов

None
None
АСТАНА. Қарашаның 21-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Нашақорлық қазіргі қоғамдағы өткір проблемалалардың бірі болып отыр. Бұл пікірді бүгін елордадағы Политехникалық колледжде өткен «Есірткісіз әлем» атты республикалық семинар-кеңес барысында  «Әлеуметтік-мәдени бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің бас кеңесшісі Құттыбай Ахметов білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нашақорлықтан сақтандыру үшін тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырған іс-шара барысында Павлодар мен Қостанайдың бұрын есірткіге тәуелді болған адамдары сөз сөйледі.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты нашақорлыққа қарсы күресте қазіргі заманғы жаңа тәсілдер мен әдістерді іздестіру болып табылады. Семинарға қатысушылар қазіргі уақытта республикада есірткіге тәуелді азаматтардың саны кемудің орнына, артып келе жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Олардың пікірінше, бұған Қазақстанның географиялық орналасуы, яғни еліміздің Ауғанстан есірткісін Ресей мен Еуропа елдеріне тасымалдауға қолайлы транзиттік дәлізде орналасуы өз әсерін тигізіп отыр. Осыған орай семинарға қатысушылар нашақорлықпен күрес бойынша алдын алу іс-шараларын күшейту қажет деп есептейді.

Жиын барысында сөз сөйлеген «Әлеуметтік-мәдени бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің бас кеңесшісі Қ.Ахметов «Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, елімізде бүгінгі таңда 55 мыңнан астам есірткіге тәуелді азамат тіркелген. Ал шын мәнінде бұл сан одан да көп.  Бізге осы бір әлеуметтік дерттің алдын алу мақсатында іс-шараларды күшейтуіміз қажет», деді.

Оның айтуынша, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бастамасына орай жоспарланған екінші семинар. Соңғы жиын желтоқсан айында өтеді. Семинар қорытындысы бойынша ұсыныстар жинақ болып топтастырылады. Нашақорлықпен күресті жетілдіру бойынша қабылданған ұсыныстармен жергілікті атқарушы органдар жете танысуы үшін жіберіледі.

Іс-шараға депутаттар, Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер және Білім министрліктерінің, әртүрлі орталықтардың өкілдері бас қосты.

Соңғы жаңалықтар