NASA-ға жұмысқа қабылданған алғашқы қазақ - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.  

Ауылдар әлі қызыл жендеттің атында... - «Жетісу» газеті
null 

«Жетісу» газеті жариялаған мақалада автор: «еліміздің барлық облыстарында Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы болған (1927-1934 жылдары) Елтай Ерназаровтың атымен аталған 12 ауыл, ауылдық округтер бар. Ал тәуелсіздік алғанға дейін бұдан да көп, 20-дан аса ауыл болған.  Шынында, Елтай Ерназаров деген кім? Қазақстанның барлық облыстарынан ауылдардың атын беруге лайықты тұлға ма еді? Мұның тарихын біреу білсе, біреу біле бермейді» деп жазыпты.

Автор Елтай Ерназаровтың Қазақстанға сіңірген ауыз толтырып айтарлықтай ешбір қызметі жоқ екенін, оның шын тегі Тышқанбаев екенін көрсете отырып, біраз жайтты ашып көрсетіпті. Жазуыншы, оны отызыншы жылдарда Қазақстанды қан қақсатқан басшы Филипп Голощекин Шымкент облысының Бадам болысында жүрген жерінен  алдырып, комитет төрағалығына тағайындаған. Бұл ретте автор «Ф. Голощекиннің мұндағы ойы Тұрар Рысқұлов, Жалау Мыңбаев, Смағұл Садуақасов сынды ұлтшыл, принципшіл, сауатты қазақ кадрларын ығыстырып, өзінің айтқанымен жүріп-тұратын шала сауатты белсенділерді қарамағына жинау болатын» деп пайымдайды.

Автор Елтай Ерназаровтың Қазақстандағы ашаршылыққа тікелей қатысы барын алға тартады. Соңында Алматы облысындағы Елтай Ерназаровтың атымен аталған ауылдарды тізіп шығады.

«Осы қызыл коммунист, шолақ белсенді Елтай Ерназаровтың аты қашанға дейін қала бермек? Осы ауылдардың ескі тарихи аты болмаса осы жерден шыққан құрметке лайық басқа азаматтар жоқ па?!» деп түйіндейді автор.

NASA-ға жұмысқа қабылданған алғашқы қазақ - «DIDAR» газеті

null 

«Didar» газетінің жазуынша, ол - Аягөз ауданының тумасы, АҚШ-тағы қазақ диаспорасының жетекшісі Дархан Нұрмағамбет. Осыдан 16 жыл бұрын жұмыс бабымен Америкаға қоныс аударған. Содан бері америкалық ғарыш агенттігінде абыроймен еңбек етіп келеді екен. Айта кетерлігі, Дархан Нұрмағамбет АҚШ-тың Вирджиния штатына көшіп келгеннен кейін Қазақ-Америка қауымдастығын құрыпты. Басты мақсат - мұндағы қазақтардың басын қосып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, кейінгі буынның бойына патриоттық сезімді ұялату.

«Аягөз ауданындағы Бидайық ауылында дүниеге келдім. Мен қазақы қаймағы бұзылмаған шығыс өңірінде туып өскенімді мақтан тұтамын. Сол себептен Америкаға келе салысымен қазақтарға арналған қауымдастық құрып, қандастарыма қолдан келгенше көмек көрсетіп келемін, - деп ағынан жарылды Дархан Нұрмағамбет».

Ол қазір ғарыш стансаларындағы автоматтандыру технологияларын жетілдіру жұмыстарымен айналысады екен. Бұдан бөлек дархан Нұрмағамбет шетел асып кеткен қазақ балаларының басын жиі қосып, оларға қазақ халқының ұлттық құндылықтарын үйретеді.

Екі тентек кездессе, төбелеспен тарқайды... - «ARAI» газеті
null 

Жамбыл облыстық «ARAI» жастар газеті өңірде белең алған жасөспірімдер қылмысына назар аударыпты. «Тараздық тентектердің бұзақылығы талай мінберлерде көтеріліп, майшаммен де қаралды. Десе де, бұдан нәтиже шығар емес. Керісінше, мектеп және арнаулы орта оқу орындарындағы бопсалау, ұрып-соғу, тіпті адам өлімі фактілеріне дейін азаймай тұр. Бұған не себеп? Отбасы мен білім ошақтарындағы тәрбие жұмыстарының аздығы ма? Әлде, басқа да факторлар бар ма? Неліктен жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу мүмкін болмай тұр?» деген сұрақтарға назар аударады газет.

Келтірген деректерге сүйенсек, өңірде жасөспірімдердің ауыр қылмысы азаймаған. Оқушылар арасында пышақ салу, қарақшылық шабуыл жасау секілді фактілер де тіркелген.

«Иә, бұл шын мәнінде алаңдайтын жайт. Ай-күннің аманында мектеп оқушылары бір-біріне пышақ салып, одан қалса қарақшылық шабуылдар жасап жатса, бұл білім мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарының кенжелеп тұрғанын айғақтайды. Сонымен қатар, Талас пен Т.Рысқұлов аудандарында жасөспірімдер заңнан да, басқадан да қорықпайды деген сөз. Ата-ана да балаларын қараусыз бетімен жіберген секілді» депті құқық қорғаушылар. Сосын мектеп оқушылар арасындағы есірткіге әуестіктің де белең алғанын атап өтіпті. «Өткен жылдың қараша айында Тараз қаласындағы №6 мектеп оқушысы, 13 жасар Н. есімді жасөспірім токсиндік мас күйінде сол мектептің 4-сынып оқушысын өлтіріп қойды. Екі жасөспірім бірлесіп желімді иіскегеннен кейін бірі екіншісін күртешенің бауымен буындырып, абайсызда өмірін қияды»...

Айта кетерлігі, бұл бір ғана Жамбыл облысының аумағындағы ахуал емес. Республика өңірлеріндегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуал бірдей. Суық қару қолдану, нәтижесінде адам өлімі орын алатын оқиғалар шынымен жаға ұстатады. Қайтпек керек? Мақалаға қарағанда құқық қорғаушылар ата-ана жауапкершілігін күшейту керек дейтін секілді.

Қыздар да насыбай атып жүр - «Замана» газеті

Газет редакциясына шымкенттік тұрғын хабарласып, осындай мәселе көтеріпті. «Болашақ ана деп жүрген аруларымыздың кейбірі енді арақ, темекі, калянды  ысырып қойып, насыбай атуға көшкен бе? Не айтарымды да білмей тұрмын. Сіздер не дейсіздер? Қандай ақыл-кеңес бересіздер? Қыздарымыз ерсі қылықтарға ұрынбас үшін не істеуге болады? Аталарымызбен жарысып насыбай ататын қыздарға оның зияндығы туралы айтып, түзу жол көрсетсеңіздер екен» - депті ол. Осыған орай, мақалада насыбайдың құрамы, оның адам денсаулығына зияны туралы жазылыпты.

«Бағасы арзан деп насыбай атып, өз денсаулығын аямайтындар ақыры соңында жазылмас дертке шалдығып, сан соғып жатады. Сондықтан жұртшылық, әсіресе қыздар жағы осындай жат әдеттен бойларын аулақ ұстаса екен. Ілгеріде көнекөз қарияларымыз қыз баласын насыбайға жұмсай да алмаушы еді. «Атын айтудың өзі ұят қой. Оны сатушыдан қалай сұрайды?» - деп отыратын. Жалпы, қыз болсын, ұл болсын, қайсымыз болсақ та зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстайықшы, ағайын!»...    

Өз батырларымызға еліктесе - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null 

«Мына көрші қырғыз ағайындар әлі күнге «Манас» жырын ұйып тыңдайды. Манасшыларды төбесіне көтереді. Өйткені, бұл жыр ұлттың рухын көтереді, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейді. Жырлайтын болсақ, біздің қазақта батырлар жыры аз емес» деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті. Мақалада ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесіне назар аударылып, бүгінгідей жастарды ұлтжанды етіп тәрбиелеу өзекті мәселеге айналған тұста бабалар тәрбиесіне жүгіну керектігін алға тартады. «Ал, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі батырлар жырларында жатқаны анық» деп түйіндейді.

«Осы орайда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауын екі жыл қатарынан ұйымдастыруы көпке үлгі ететін өнегелі іс дер едім. Алғашқы жылы балалар «Қамбар батыр» жырын толық жатқа айтса, биыл «Алпамыс батыр» жыры ұсынылды. Ең бастысы, бұл байқауды Алматы қаласының әкімдігі де қызу қолдап, іліп әкетті. Алдағы жылы бұл байқау республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатса, нұр үстіне нұр болатын еді. Сонда балаларымыз әлеуметтік желіден ажырап, батырлар жырымен сусындап, өз батырларымызға қарап бой түзер еді» деп түйіндейді автор.

Оралу немесе күйеуі жат ағымға еріп, қайта оралған келіншектің әңгімесі- «Орал өңірі» газеті

Келіншектің әңгімесі арқау болған көлемді мақалада адасқан ағымның жетегіне кеткен жас ғұмырдың басынан кешкендері баяндалады. Қалай басталғаны, нендей шым-шытырықтың бастан кешкені әңгімеленіп, оқиғалар желісі үзілмей айтылады.

«Қысқа балақты, сақалды, жылтырбас Қанат біздің үйге күнде келетін болды. Бір күндері жұбайым «Түкірік жинайды, жын-шайтан ұялайды» деп балағын қысқартты. Жайлап сақал өсіре бастады. Сақалды достары күннен-күнге көбейе  берді. Бәрі үйлерін салғызып алып, ақша төлемейді. Қайтадан тегін жұмыс істей бастады. «Ақи - ауыр деген сөз. Біз бір-бірімізге бауырмыз. Мен олардан ақша сұрай алмаймын» деп айтатын болды. Таңмен ақилар звандап, машинамен алып кетеді, кешке әкеліп тастайды.  Осылай ол күннен-күнге көз алдымда өзгеріп бара жатты»...

Кейіннен отбасындағы шырғалаң, мінездің өзгеруі, оның отбасына әсері туралы да сөз етіледі.

«Бірде мен олардың әйелдер жиналатын жамағатына бардым. «Олардың әйелдері қандай болады? Не айтады екен?» деп көргім келді. Күйеуім мен де өз қатарына қосылады деп ойлап, қуанып кетті.  Бірақ мен күнделікті киіммен бардым. Кілең қара жамылып, беттерін тұмшалаған әйелдер екен. Өздері бір-бірін «сестра» деп атайды.  Бір әйел маған: «Шашың жалбырап, бұл не жүріс? Күйеуіңді аямайсың ба? Егер хиджаб кимесең, күйеуіңе басқа әйел алып береміз» деп ұрысты. Мен де өз уәжімді айттым»...

Ақыры күйеуі Сирияға кетіп бара жатқан жолда, шет мемлекеттердің бірінің шекарасында ұсталыпты. Кейіннен түрмеге түскен. Мақалада оның түрмедегі өмірі де суреттеледі. Түрмеден оралғаннан кейінгі жағдайы қалай болды? Оны да осы мақаладан оқуға болады.

Youtube: Балаңыз не көріп жүр? - «Орталық Қазақстан» газеті

null 

«Бала тәрбиесіне, әуелі ата-ана, содан кейін тәрбиеші мен ұстаз жауапты. Бұрын солай болған. Қазір ше? Бәрі өзгеріп кеткен тәрізді. Жұмысбасты ата-аналар жан тыныштығы үшін баланың қолына смартфон ұстата салады. Осыдан соң тентегі үйді басына көтеріп жүгірмейді, мазасын алмайды. Бір бұрышта мұрны пысылдап, өзімен-өзі отыра береді. Ол не көріп отыр? Не үйреніп жатыр? Бас қатырып, уайымдап жүрген адам аз» деп жазады «Орталық Қазақстан» газеті.

Бұл мақалада да бала тәрбиесі туралы мәселе қозғалып, автор бүгінгі смартфонның тәрбиесін көріп жатқан балалардың болашағына алаңдайды. Не істеу керек? Өйткені, көрсетпеймін, телефон ұстатпаймын деген болмайды. Өйтсеңіз, баланың психикасына зақым келіп, өзін қатарластарынан кем көруі мүмкін. Автор бұл ретте «тығырықтан шығар жол жалғыз - баланың не көріп отырғанын қадағалау» дегенді алға тартыпты. Осыған орай, мақалада балалар ең көп көретін youtube желісіне тоқталып, оны қалай бала үшін қауіпсіз ету шаралары көрсетіліпті.

Желінің балаларға пайдалы тұстары да айтылыпты. Соның бірі баланы  ағылшын тіліне бейімдеу болса керек.

Жасанды сұлулықтың «құрбаны» болатындар көбейіп кетті - «Атырау» газеті

null 

«Атырау» газетінің жазуынша, қазір түріне «түзету» енгізбекші болып, «артық қыламын деп, тыртық қылып» жүргендер көбейіп кеткен екен. Автор осыған орай «Сұлулық «құрбаны» болған кімдер?» деген сұраққа жауап іздепті.

Жазуынша, қазір әлемде сұлулық индустриясының дәуірі жүріп тұр екен. Әлеміңіз не, қазақ қыздарының арасында да сұлу болуға сұраныс жоғары екен. Мақалада осындай сұраныстардың түрлері салмақталып, бояп, сылауға кететін шығындарға көз жүгіртіпті. Ең ақыры боянудан бөлек, әдемілікке құмартып отаға жүгінетіндердің көбейгені айтылады.

«Мамандардан сұрастыра келе, хирургиялық операцияның ең арзаны ерінге жасалатынын білдік. Оның бағасы 35 000 теңгеден жоғары көрінеді. Ал, құлақ пен көз айналасына жасалатын ота 80 000-150 000 мың теңге арасында екен. Егер дене пішініңізді өзгертуге бел бусаңыз сізге 500 000 теңгеден жоғары қаражат қажет».

Айтпақшы, әлемде Корея мен Жапонияның қыз-келіншектері пластикалық ота жасатудан алдына жан салмайды екен. Мақалада сонымен бірге, сұлулық «құрбаны» болғандар ботокс жасатушылар арасында да көп екені айтылады. Бұл ретте мақалада «бейресми мәліметке сенсек, бүгінде Қазақстанда әрбір оныншы әйел осы инеге әуес екені, алайда, оның денсаулыққа зияны шаш етектен екенін түсінбейтіні» айтылады.

«Сұлу болған жақсы-ау, бірақ, кейде көшеден кей қыздарымыздың ажарын көріп, оның жас шамасын да анықтай алмай қалатынымыз бар. Сондықтан, ерте жастан косметикаға жақын болғаннан гөрі күтімге назар аударып, ботокстың да, басқаның да «көмегіне» жүгінбегеніміз жақсы емес пе? Айтпағымыз, сұлу болу үшін ақыл-естен айырылудың қажеті жоқ. Әйелдің бәрі әдемі!» деп түйіндеген екен автор мақаланы.

Ауыр қылмыс неге көп?-  «Сарыарқа Самалы» газеті

null

Газеттің келтірген мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері Павлодар облыснда 40 кісі қылмыскердің қолынан қаза тапқан екен. Өкініштісі сол, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артыпты.

«40 қылмысқа кінәлі кім? Жоғарыдағы 40 фактінің жартысынан астамы пәтерлерде, жеке-меншік үйлер мен аулаларда тіркеліпті. Ауыр қылмыстың 21-і Павлодар қаласында орын алған. Ал Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданында 5 оқиғадан тіркелген»... Белгілі болғанындай, ауыр қылмыстың денін жұмыссыз жүргендер жасапты. Мысалы, кісі өлтіру фактісінің 37,5 пайызы соларға тиесілі екен. Тарқатып айтсақ, 40 фактінің 15-і - жұмыссыздар, 15 факті - мас күйіндегілер, қалған 10 қанды оқиға бұрын істі болғандар тарапынан орын алған.

Мақалада жұмыссыздықтың жай-күйіне де талдау жасалады. Сосын бұрын түрме «тәртібін» көргендердің екінші қайталай қылмысқа баруы да сараланыпты. Мамандар олармен жұмысты жүйелі жүргізгенімен, қайта қылмыс жасауға бейім тұратындарды қайтара алмайтын көрінеді.

«Бұрындары қазақ халқы қылмысқа барған адамның қолын қайырып байлап, бас киімін шешіп, тізерлетіп, бетіне күйе жағып, киіз үйдің керегесіне байлаған. Бас киімін шешкені - ер азаматтық намысынан айырылғанын, тізе бүктіргені - жазасын мойындатқанын, бетіне күйе жаққаны жұрт алдында қара бет болғанын білдірген. Дегенмен, жаза басқан тентегін мұндай әдіспен тезге салатын уақыттың өткені белгілі. Иә, қазір адамды түзеу оңай шаруа емес. Әлде қылмысқа барғандарды тым жеңіл жазалаймыз ба?» дегенді айтады автор.

Түйіндей айтқанда, мақалада қазіргі әлеуметтік жағдайдың қылмыстың артуына себеп болып отырғаны меңзеледі.

Араз болса ағайын - «Сыр бойы» газеті

null 

Мақалада «қаймағы бұзылмай, қазақылық сақталған» делінетін ауылдың қазіргі көрінісі жайында сөз болады. Автор көптен ауылға ат басын бұрмай кетіп, жақында ғана жол түскенін айтады. Сонда естіген ауылдағы жаңалық: «...ауылда үлкен бір әулеттен шыққан ағайынды екі жігіт үйді бөлісе алмай, араздасып қалыпты. Екі бауырдың таласқаны әке-шешеден қалған қарашаңырақ екен.  Әке-шешенің көзі кеткен соң, екеуінің арасында тартыс басталған. Бір құрсақтан шыққан ағалы-інілі бауырлардың ісіне тоқтау салып, ел ағалары мен ақсақалдары да ақыл айтыпты. Бірақ ағайындылар бір ымыраға келе алмай, даулары одан әрі өршісе керек.  Ақыр аяғы іс насырға шауып, бірін-бірі сотқа сүйреген көрінеді. Даулы іске сот нүкте қойғанмен, бауырлар бір-бірін кешіре алмаған. Қазір бірінің қуанышында екіншісі төбе көрсетпейтін күйге түсіпті. Балалары да ата-ананың ығына жығылып, туысының есігін қақпайды екен».

Шындығында, естіген адамның көңілі құлазиды. Әйтсе де осындай мысалдар қазір Қазақстанның қай тұсынан да табылады. Тіпті анасы балаларын, әпкесі ағасын, інісі апасын сотқа сүйрегені жаңалық болмай қалды. Сонда осындайлардың негізгі араздығы дүние-мүліктен туындап отыр екен.

Мақалада бұрынғы ауыл ақсақалдары бауырлар ортасындағы даулы істі шешуге тырысып, ақылға шақыратыны айтылады. Екі жақты татуластырып, сауап алатын.

«Жалпы, қазақ халқы туыстық байланысты ерекше бағалаған. Оны қадірлеудің негізі шариғатта жатыр. Дініміз адамдар арасындағы туыстық қатынастың  берік болуын қолдайды. Бір сөзбен айтқанда, туыстық  қарым-қатынасты қазақтай сақтайтын ел әлемде кемде-кем еді. Ендеше ағайыннан ажырамай, туыстыққа сызат түсірмеуді ойланайықшы!»...

Соңғы жаңалықтар