Нарынқол картобынан фри және чипсы өндірілмек

None
None
НАРЫНҚОЛ. ҚазАқпарат - Алматы облысының Нарынқол өңірі картоп өндірісін қолға алуға өте қолайлы аймақ. Қазірдің өзінде бұл жақта 2 мыңнан астам гектар алқапқа картоп өсірілуде. Болашақта Нарынқол картобынан фри және чипсы өндірілу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір кездері Нарынқол өңірінде 8 мың гектардан астам жерде картоп өсірілген. Қазіргі таңда төрттен бір бөлігі қалған. Сондықтан осы салаға ерекше назар аударылып, байырғы көлемді қайтару жоспары тұр. Мәселен Текес ауылындағы «Өркен» шаруа қожалығы негізінен картоп тұқымын өндірумен айналысады. «Былтыр 200 гектар алқаптан 5 мың тонна өнім алынған. Қазір көктемгі егіс науқанына дайындалып тұқым іріктеуге кірісті. Шаруашылық маңайдағы және облыстың өзге аудандарын элиталы және супер элиталы картоп тұқымымен қамтып келеді. Нарынқол өңіріне өнімділігі жоғары шетелдік картоп та жерсіндірілген. Себебі шетелдік тұқым гектарынан 40-45 тонна өнім береді. Ал жергілікті шаруалар өсіріп отырған элиталы тұқым 27-28 тоннадан аспайды», дейді қожалық жетекшісі Талғат Нүсіпқожаев.

Биыл облыстан картоп шаруашылығын дамытуға 240 млн теңге қаржы бөлінді. Ауданда сервистік дайындау орталықтары құрылып, заманауи техникамен жабдықталатын болды. Сондай-ақ картоп өндірісіне Голландиядан инвесторлар да қызығушылық танытуда. Олар алдымен өңірде  тұқым шаруашылығын жолға қоймақ. Жылына 7 мың тонна тұқымдық картоп экспортқа шығару көзделген. Одан бөлек голландиялықтар Іле ауданында осы картоптан фри және чипсы шығаратын кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. 

Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін суармалы жерлерді кеңейту мәселесін қолға алған. Бұл мақсатта суару жүйелері қалпына келтіріліп, каналдардың арналары тазартылмақ. Аудан әкімінің айтуынша, топырағы құнарлы, балбониті жоғары Нарынқол жері көкөністі де, дәнді дақылды да өсіруге қолайлы. Сондықтан ауыспалы егістік технологиясын сақтай отырып өзге да ауылшаруашылық дақылдарын игеру көзделген.

 

Соңғы жаңалықтар