Нарыққа такси қызметін ұсынатын басқа да компанияларды тарту керек - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан нарығына такси қызметін ұсынатын басқа да компанияларды тарту керек. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Елнұр Бисембаев түрлі онлайн сервисте 500 мыңнан аса қазақстандық жұмыс істейтінін, оның ішінде 200 мыңға жуығы адам Яндекс Такси қосымшасы арқылы нәпақасын тауып отырғанын айтты.

«Яндекс такси қосымшасы такси жүргізушілерінен алатын комиссиясы 18 – 22 пайыз аралығында. Бұл не деген дүниеқорлық? Біріншіден, Бәсекелестікті қорғау агенттігі қайда қарап отыр? Бұл тұрғыда Қазақстанның салығынан да көп комиссия алынады? 200 мыңға жуық адамның соншама комиссиясы қазақстандық емес ұйымға қаражат ретінде кетіп жатыр. Неге осыны бақылауға алмайсыздар? Екіншіден, Яндекс таксиге балама ретінде Қазақстанның қосымшасы жоқ. Ресейге түрлі санкция салынып жатыр. Бірнеше ел Яндекс таксидің жұмысын тоқтатты. Ертең 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыстан сыртқа қалып қою қаупі бар. Яндекс такси қосымшасында 200 мың адам жұмыс істейді деген ақпарат нақты емес. Онда қанша қазақстандық жұмыс істейді? Қазақстанда Яндекс таксиге бәсекелес болатын қазақстандық қосымшаны ойластыру жоспарда бар ма?», - деді депутат.

Өз кезегінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда осындай қосымша жасауға бірнеше адам оған талпынғанын, алайда жүзеге асыра алмағынан айтты.

«Оны жасау үшін тек қана қаражат емес, жақсы толыққанды команда керек. Біртіндеп бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Тиіс қосымшалар елімізде табысты болып жатыр. Бізге DiDi (такси саласында) деген қытайлық оператор келді ғой, сосын кетіп қалды. Осы орайда Яндекс жалғыз қалды. DiDi келсе, екеуі жұмыс істесе, бәсекелестік орта болса, мұндай бағалар болмас еді деген ойдамын. Сондықтан осы тұрғыда тергеулер жүргізіліп жатырмыз. Ал біз DiDi-мен біздің нарыққа келуі бойынша қайтадан келіссөз жүргізіп жатырмыз. Басқа елдерді де қарадық, дамыған үш компания бар: Яндекс, DiDi, Uber», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 4 наурыздан бастап Қазақстандағы DiDi таксиі өз қызметін тоқтататынын мәлімдеді.

Айта кетейік, DiDi – такси, каршеринг және райдшеринг қызметтерін көрсететін қытайлық конгломерат. Компания 2012 жылы Бейжің қаласында құрылған. Қазіргі уақытта компания Еуропа, Азия, Аустралия, Латын Америкасындағы елдерде миллиондаған адамға қызмет көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар