Нәрестені тастап кету фактілерін хабарламаған медицина ұйымдарына жаза күшейеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа туған баланы тастап кету оқиғаларын хабарламаған мемлекеттік медициналық ұйымдарға жаза күшейтілмек. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен әзірленген бұл ұсыныс «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, жаңа өзгеріске сай, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жаңа 135-1-бабы енгізілмек.

«Мемлекеттік медициналық ұйымдар және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған баланы тастап кету, жетім балалар мен ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың келіп түсуі және жеткізілуі фактісін 3 күнде хабарламауы ескерту жасауға әкеп соғады.

Көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған дәл сол әрекет үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», - деп жазылған жаңа редакцияда.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамада мұндай норма жоқ. Енді тиісті өзгеріс күшіне енсе, онда бұл бағыттағы істерді қарау құзыреті баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға беріледі. Яғни, баланы тастап кету фактілерін хабарлау, ішкі істер органдарына хат жолдау уәкілетті органның басшысы мен оның орынбасарларына жүктеледі.

Құжат 3 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Мемлекет басшысына жолданады.


Соңғы жаңалықтар