Наразылыққа шыққан бес жаңаөзендікке ескерту жасалып, босатылды - Бас прокуратура

None
АСТАНА – Елордада наразылық шарасын ұйымдастырған жаңаөзендік жұмысшылардың арасынан бес белсендіге ескерту жасалды. Бұл туралы Бас прокуратураның орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 сәуірде Астанада Энергетика министрлігі ғимаратының алдында «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы қызметкерлері «БерӘлі Маңғыстау Company» жұмысын қалпына келтіруді немесе оларды «ӨзенМұнайГаз» квазимемлекеттік компаниясына жұмысқа орналастыруды талап етіп, заңсыз митинг өткізді. Олар акция өткізудің хабарламалық тәртібін бұзды. Астананың жергілікті атқарушы органы оларға рұқсат хабарламасын бермеген», - деді Жандос Өмірәлиев Мәжілістің кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, наразылық білдірген жұмысшылармен кездесу өткізіліп, еңбек жағдайы мен жалақы көлемін сақтай отыра, басқа компанияларға жұмысқа орналасу ұсынылған. Бірақ, олар ұсыныстан бас тартып, Энергетика министрлігі ғимаратының алдында заңсыз жиналыс өткізу әрекеттерін жалғастырған.

«Әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу үшін полиция қызметкерлері оларды полиция органдарына жеткізді. «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы қызметкерлерінің басым бөлігі босатылды. Олар Маңғыстауға бара жатыр. ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысқаны үшін ең белсенді бес құқықбұзушы жауапқа тартылды, яғни оларға ескерту жасалып, босатылды», - деді Жандос Өмірәлиев.

Еске салсақ, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік («Бералы Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері) жиналды.

11 сәуірде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың талаптары бойынша ресми шешім әзірленіп жатқанын айтты.

Бұл мәселеге байланысты пікір білдірген вице-премьер Алтай Көлгінов заң аясында әрекет ету қажеттігін, «тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шыққанын талап ету» дұрыс еместігін айтты.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген жұмысшылармен келіссөз жүргізді.

Жаңаөзендік жұмысшылар санкцияланбаған митинг өткізгені үшін полицияға жеткізілді.

Кейін наразылыққа шыққан мұнайшылардың көшбасшылары мәлімдеме жасап, екі жақ келісімге келгенін хабарлады.

Бүгін наразылық білдіргендер талаптары бойынша құрылған арнайы комиссия құрамына кіретін 10 адам астанада қалып, қалғаны Жаңаөзенге қайтты.

Соңғы жаңалықтар