Намбарын Энхбаяр: Қазақ халқына қатысты екі оқиға мәңгі жадымда - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстанда «Даналық әліппесі» кітабының тұсаукесері өтті - «ӨзА» ақпарат агенттігі

Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданындағы №2 қазақ мектебінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі тарапынан Өзбекстандағы қазақ тілінде білім беретін мектептерге берілген «Даналық әліппесі» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық порталы.

Агенттіктің келтірген дерегіне сүйенсек, 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында шет елдегі қандастарды қолдау және қазақ жастарының ана тілінде білім алуына жағдай жасау мақсатында осындай игі шара өткен. Оған Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі Р.Дүйсенов, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының және аудандық Халыққа білім беру басқармасының өкілдері, зиялы қауым қатысқан.

«Шет елдегі қазақ жастарын ана тілінде білім алуына бағытталған бастама арқасында Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданындағы №2 қазақ мектебінің кітапханасы «Даналық әліппесі» топтамасымен толықты. Топтама құрамында «Билер сөзі», «Аталар сөзі», «Бабалар батасы», «Домбыра күйі», «Қобыз үні», «Бесік жыры», «Нақыл сөз», «Халық жыры», «Халық тағылымы», «Халық ертегісі», «Халық әні», «Халық аңызы» атты қазақ халқының салт-дәстүрінен сыр шертетін кітаптар бар», - деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Иран мен Қазақстан кеме қатынасы саласында әріптестікті арттыру қажеттігін қуаттады - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иран мен Қазақстан арасындағы теңіз және тасжол қатынасы туралы вебинарда екі елдің кеме қатынасы саласындағы әріптестігін арттыру қажеттігі қуатталды, деп хабарлайды parstoday.com.

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, Иран мен Қазақстанның айлақтар, теңіз және тасжол тасымалына қатысты басшылары қатысқан вебинарда тараптар екі елдің айлақтары арасында кеме қатынасын жалғастыру қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, айлақтағы қызметтерге қатысты өзара жеңілдіктер беру және тауар көлемін арттыру, виза беруді жеңілдету, кемені босату және жүк тиеу уақытын азайту туралы келісті.

Иранның Қазақстандағы елшісі Маджид Сабер екі ел арасындағы кеме қатынасының соңғы сәтті үлгілерін тілге тиек етті. Оны жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, мұны екі ел қатынасындағы бетбұрыс нүктесі екенін айтты.


Намбарын Энхбаяр: Көреген және батыл болудың себебі - Kaznews

Осы аптада Kaznews ақпараттық порталы Моңғолияның үшінші президенті Намбарын Энхбаярдың Қазақстанның Тұңғыш Президент күніне орай жазған «Көреген және батыл болудың себебі» атты мақаласын жариялады.

Намбарын Энхбаяр алғашқы сөзін «Қазақ халқының мейірімділігі, кең көзқарасы жөнінде» деген тақырыппен бастаған.

«2012 жылы Қазақстан жыл сайынғы 1 желтоқсан күнін – «Тұңғыш Президент күні» мемлекеттік мерекесі ретінде белгілеп, атап өтіп келе жатқанына бірнеше жылдың көлеміндей болып отыр. Бұл күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі мен жетістіктерін бағалауға арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылса да, мерекенің басты мәнісі – көпұлтты Қазақстанда бітімгершілік пен бейбітшілікті нығайту болып табылады. Осыған байланысты мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті– Нұрcұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесуімді еске алып, жеке естелігіммен бөлісуді жөн көрдім», - деп жазады Моңғолияның үшінші Президенті.

Ол: «Жас кезімде болған Қазақстан мен қазақ халқына қатысты басымнан кешкен екі оқиға менің жадымда мәңгі сақталады», - деп атап өтеді.

Намбарын Энхбаяр 1975 жылы Мәскеудің Әдебиет институтында оқуда жүргенде Солтүстік Кавказдың Қабарда-Балқариядан келген Махти есімді жігітпен танысып, екеуі институттың жатақханасында 5 жыл бірге тұрған екен. Сол Махтидің мойнында үлкен тыртық болған. Н. Энхбаяр одан мойнындағы тыртық жөнінде сұрағанда, оның «тарихын» баяндап берген екен.

«Мен Қазақстанда дүниеге келгенмін. Сталин балқарларды қылмыскерлер деп жариялап, олардың барлығын туған жерінен күштеп шығарды, Қазақстанның шөл даласына қуып жіберді. Көптеген адам жолда қаза тапты. Сол кезде біз алдымен шұңқыр қазып, жер астындағы баспанада тұрдық. Кішкентай кезімде мені шаян шағып, өлім аузында болғанда, анамның емдеуінің арқасында аман қалдым. Содан кейін мойнымда тыртық қалып қойды. Балқарлар шөл далада қалғанда көп азап шекті. Біз 1956 жылға дейін Қазақстанда тұрып, Хрущевтің басқаруы кезінде ғана отанымызға оралдық. Сол қиын қыстау кезеңде қазақтар бізге көп қол ұшын берді. Егер қазақтардың көмегі болмағанда, көптеген балқарлар жойылар ма еді… Біз, балқарлар қазақ халқына сол үшін ризашылығымызды білдіреміз», - деп жауап береді Махти есімді досы.

Автор қазақтар туралы екінші әсер еткен оқиғасы ретінде әйгілі ақын Олжас Сүлейменов жазған «Аз и Я» туындысының соңы дау-дамайға әкеп соқтырған кезден бастау алғанын тілге тиек етеді.

«Бізге орыс әдебиетінен сабақ берген танымал аудармашы, профессор Юрий Селезнёв сабақ кезінде Олжас Сүлейменовтің шығармасын сынға алғаннан кейін барлығымыздың қызығушылығымыз артып, О.Сүлейменовтің шығармасын оқығымыз келді... Еуропа көзқарастық тұрғыда емес, Азиялық көзқарастық тұрғыда анықтап көрсе, көшпелі түріктер тұрғысынан Ресейдің әйгілі «Игорь жасағы туралы жыр» шығармасын оқып қарасақ, көшпенділердің қоныстанған өркениетке айтарлықтай әсер еткендігін аңғаруға болады. Осылайша, қазақ жазушы-зерттеушісі туындысының арқасында біздер – студенттер, кез келген дүниені кең көзқараста, толық бейнеде көрудің маңызды екендігін түсінген едік. Осылайша, менің жадымда қазақ халқы мейірімді, жанашыр адамдар деген түсінік қалыптасып, қазақ жазушысының орыс тарихы мен мәдениетінің ең іргелі шығармаларының бірі «Игорь жасағы туралы жырды» азиялықтар, әсіресе көшпенділер тұрғысында оқып, көптеген қызықты тұжырымдамалар жасап, орыстың жазушы, зерттеушілерімен орыс тілінде пікір таластырып, батылдық танытқандығы есімде сақталды», - деп жазады Моңғолияның үшінші Президенті Намбарын Энхбаяр.

Моңғолдың экс-президенті бұл көлемді мақаласының екінші бөлімін «Тәуелсіздікті жариялаудың ұлы тағдыры» атаған. Аталған бөлімде Кеңес одағының ыдырау тарихын сөз ете келген автор, одақ ыдырағаннан кейін, Қазақстан да өз тәуелсіздігін жариялап, Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланғанын жазды. «Тәуелсіздік алу – елдің бүкіл саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйесін қайта құру деген сөз. Бұл дегеніміз аса үлкен еңбекті талап ететін процесс. Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы жауапкершілікті өз мойнына жүктеді...», - дейді Намбарын Энхбаяр.

Ол Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін толыққанды нығайту іс-қимыл шеңберінде Н.Назарбаевтың жүргізген кешенді саясатының бірі әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды тәуелсіз Қазақстанда тұруға шақырғанына кеңінен тоқталады. Елбасы осындай саясат жүргізіп, оны қарқынды іске асыруы қалай болғанда да, Қазақстанның болашағына оң әсерін тигізгенін, осыған байланысты ол Елбасының бойындағы 3 қасиетті ерекше атап өткенді жөн көріпті.

«Бірінші, қиын жағдайлар мен дағдарыстан шығу үшін тек қазіргі ахуалға ғана тоқталмай, болашаққа кеңінен қарап, алдына үлкен мақсаттар қойды. Екінші, саясатты анықтау және оны ұсынарда соңғы нәтижесі қандай болу керек екендігін жақсы білді. Үшіншіден, бірден әзірленген саясатты дәйекті түрде іске асыра алатын батыл тұлға», - деп жазады экс-президент Н. Энхбаяр.


Қазбадан мифологиялық тас маскалар табылған - TRT

Түркияда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының уақытша тізіміне енген Стратоникейа қаласында археологиялық қазбалар жүргізілуде. Нәтижесінде екі мың жылдан асқан ерекше жәдігерлер табылды. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, қазіргі заманғы түрік Мугла провинциясының батыс бөлігіндегі жұмыс бір жылдан бері жалғасып келеді. Археологтар тобын Памуккале университетінің профессоры Билал Шогут басқарады. Жақында шамамен 3 мың жыл болған Стратоникея қаласының ежелгі театрында сахнаның тас блоктарын безендіретін он маска табылды. Сарапшылар оларды 2200 жыл бұрын жасалған деп санайды.

Соңғы екі жылда команда қалпына келтіру процесі аяқталғаннан кейін мұражайда қойылған 33 масканы тапты. Қазір олардың саны 43-ке жетті. Олардың әрқайсысы бұрын осы аумақта өмір сүрген түрлі өркениеттердің бар екендігінің дәлелі. Шогут қаланың өзінде барлық тарихи кезеңдердің, соның ішінде Рим, Византия, Османлы кезеңдерінің іздері бар екенін баса айтты, деп мәлімдейді TRT.

Қазба жетекшісі сонымен қатар мифологиялық маскалар театрландырылған қойылымдарда қолданылғанын және олардың өздері құдайлардың, богинялардың және жануарлардың мүсіндерімен безендірілгенін айтады.

Құлжа ауданына қыстауға келген сыбырлақ аққулар - Тяньшаньнет

Мұндағы қоршаған орта жақсарып келеді. Сондықтан көптеген сыбырлақ аққулар осында қыстап шығуды таңдайды, дейді аққуларға тамақ беріп жүрген Іле Қазақ автономиялы облыстық Құлжа ауданы «Аққулар көктемі» сулы саябағының әкімшісі Хан Синлин.

Бұл туралы осы аптада kazakh.ts.cn порталы жазған болатын.

«Аққу көктемі» деп аталатын сулы саябақ Құлжа ауданы, Жаңатам қалашығына қарасты Іле өзенінің жағалауында орналасқан. Мұнда жыл бойы ағып жататын бұлақ суы жер асты арасанынан келеді, сондықтан қыста мұз қатпайды, әр жылы бұл араға келіп қыстайтын жабайы құстардың түрі оннан асады. Соның ішінде тұрақты «тұрғынға» айналған сыбырлақ аққуларға осында келген туристер ерекше қызығушылық танытады.

Сыбырлақ аққулар Қытайда мемлекет жағынан екінші дәрежелі қорғалатын жануарлар тізіміне енгізілген. Соңғы жылдары Құлжа ауданы аққулардың сулы саябағының маңындағы су бетін қорғауға арналған бірқатар шараларды енгізді. Сыбырлақ аққулар мұнда алғаш 1997 жылы келе бастаған болатын. Сол кезден аққулар сияқты суда жүзетін құстардың тіршілік ету ортасын және көбеюін қамтамасыз ету үшін қамқорлық ұйымы құрылған. Аққу сияқты су құстарының тіршілік етуіне ыңғайлы жағдай жасалғандықтан, осы араға келіп мекендейтін жыл құстарының саны жыл сайын артып келеді екен.

«Соңғы жылдары бұл аққулар саябағына күзет үйлерін, қорғаныс қоршауларын және басқа құрал-жабдықтарды бірінен соң бірін салып, оны арнайы қызметкерлер басқарады. Қазіргі кезде «Аққу көктемі» аталатын бұл саябақ Іле өзені алқабының «экологиялық визит картасы» болды» деп түйіндейді Тяньшаньнет.


Соңғы жаңалықтар