Нью-Йорктің 11 тұрғынынан коронавирус анықталды

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Нью-Йорк қаласы коронавирустың таралуына жол бермеуге барлық күшін жұмылдыруда, деп хабарлайды Қазақпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Нью-Йорк қаласының 11 тұрғынынан коронавирустың жаңа түрі анықталған. Штат үкіметі індетке шалдыққандармен байланыста болған 1000-ға жуық адамға үйдегі карантинде отыруға кеңес берді.

Сондай-ақ, Нью-Йорк маңында орналасқан Маунт-Вернондағы барлық мектептер 9 наурызға дейін жабылатыны туралы хабарланды. Қызметкерлерінің бірінен жаңа коронавирус анықталған Facebook компаниясы Сиэтлдегі кеңсесін жапты.

Бұдан басқа, бүгін Техас және Нью-Джерси штаттарының билігі коронавирусқа шалдығудың бірінші оқиғаларының тіркелгенін растады. Техаста індетке шалдыққан адам Хьюстон маңындағы Форт округінде анықталды. 70 жастағы ер адам бұған дейін шетелге барып келген. Қазіргі кезде ол ауруханада жатыр.

Нью-Джерсиде коронавирус 30 жастағы ер адамнан анықталған. 3 наурыз күні ол Берген округінде ауруханаға жатқызылды.

Құрама Штаттар жаңа коронавирусты жұқтырудың 158 оқиғасы туралы хабарлады. Соның ішінде 48 адам шетелге барып келген соң ауырды: үш адам қытайлық Уханьға барса, 45 адам Жапонияның Diamond Princess круиздік лайнерінен түскен. Ауруға шалдығудың тағы 110 оқиғасы ел аспаған азаматтардан анықталды.


Соңғы жаңалықтар