Нью-Йорктегі бокс кеші: Головкин мен өзге екі қазақстандық салмақ өлшеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нью-Йорктің (АҚШ) «Madison Square Garden» аренасында Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен Стив Роллстың (19-0, 10 КО) жекпе-жегі алдында міндетті салмақ өлшеу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Головкиннің салмағы 163 фунт (73,93 келі) болса, Роллс таразыда 163,8 фунт (74,3 келі) көрсетті. Айқас аралық салмақта өтеді, оның лимиті - 164 фунт. Бұған дейін Геннадий тек 160 фунт санатында өнер көрсетіп келген еді.

Головкин - Роллс кездесуі 9 маусым күні «Madison Square Garden» аренасында өтеді. Басталуы Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 9.00-де. Қазақстандықтар тікелей эфирді «Qazsport» және «Qazaqstan» телеарналарынан көре алады. WBA Super, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы GGG үшін бұл, DAZN стримингілік платформасындағы алғашқы жекпе-жек болады. Қазақстандық боксшының DAZN-мен 100 миллион долларлық келісімшарты жөнінде бұған дейін жазған болатынбыз.

Г.Головкин салмақ өлшеу рәсімінен кейін тілшілерге сұхбат берді. «Аралық салмақ? Мен өзімді жайлы сезінемін. Себебі қалыпты салмақпен салыстырғанда айырмашылық сондай үлкен емес - бар болғаны бірнеше фунт. Енді іске қайта кірістім! Стив өзін бабында сезінеді, ол мықты, бұл қауіпті бизнес екенін түсінемін. Бірақ ертең барлығыңызға Big Drama Show-ды уәде етемін! Бұл керемет айқас болады. Рахмет, бауырлар! Ертеңгі жекпе-жекті өткізіп алмаңыздар!», - деді ол.

Сондай-ақ ол DAZN-мен үшжылдық келісімшарттың мерзімі аяқталған соң, бокспен қоштасатынын айтты.

«Дәл қазір менде алты айқас бар. Келісімшартым үш жылға, алты жекпе-жекке есептелген. Одан кейін спорттық мансабымды аяқтаймын. Себебі өз отбасымды сүйемін», - деп келтірді боксшының сөзін ESPN.

Ол бокстан кеткеннен кейін «GGG Promotions» жеке промоутерлік компаниясының басшысы ретіндегі қызметіне кірісетіні жоспарланған.



Сонымен қатар, рәсім барысында Головкин-Роллс андеркартында шығатын қазақстандық екі боксшы Али Ахмедов пен Бахтияр Эюбов та салмақтарын өлшеді.

Ахмедовтың салмағы - 167,4 (75,93 келі) фунт, оның қарсыласы - америкалық Маркус МакДаниэлдің салмағы 168 (76,2 келі) фунт болды. Боксшылар WBC International Silver титулын сарапқа салады.

Б.Эюбов таразыда 148 (67,13 келі) фунт, оның қарсыласы - америкалық Брайан Себальо 147,6 (66,95 келі) көрсетті. Айқас сегіз раундқа есептелген.

Бокс кешінің андеркартында өнер көрсететіндер:

Джонатан Арройо (3-0-1, 1 КО) - Джордан Моралес (3-7, 2 КО) - жартылай орта салмақ, 4 раунд.

Никита Абабий (4-0, 4 КО) - Хуан Франсиско Лопес Барахас (5-0, 3 КО) - орта салмақ, 6 раунд.

Бахтияр Эюбов (14-0-1, 12 КО)- Брайан Себальо (8-0, 4 КО) - жартылай орта салмақ, 8 раунд.

Чарльз Конуэлл (9-0, 7 КО) - Кортни Пеннингтон (12-3-3, 5 КО) - бірінші орта салмақ, 10 раунд, бос тұрған USBA титулы.

Әли Ахмедов (14-0, 10 КО) - Маркус МакДэниэл (15-0, 2 КО) - суперорта салмақ, 10 раунд, бос тұрған WBC International титулы.

Исраил Мадримов (2-0, 2 КО) - Норберто Гонсалес (23-12, 13 КО) - бірінші орта салмақ, 10 раунд.

Басты жекпе-жек:

Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) - Стив Роллс (19-0, 10 КО) - аралық салмақ (164 фунт), 12 раунд.

null




Әлеуметтік желілерден алынған фотосуреттер

Соңғы жаңалықтар