Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші Бас ассамблеясы ашылды

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Бүгін Бас Ассамблеяның отырысына орайластырылған БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Биылғы ассамблея жылдағыдан ерекше болмақ – пандемияға және АҚШ билігі енгізген шараларға байланысты әлем көшбасшылары Нью-Йоркке келмейді. Оның орнына олар 22 қыркүйек күні басталатын дебатқа бейнеүндеу жолдайды. Бұған дейін Америка билігі Нью-Йоркке келгісі келген әр адамды 14 күндік карантинге жатқызу қажеттігін хабарлаған.

«COVID-19 пандемиясы – дағдарыс және ол өміріміздегі ешбір дағдарысқа ұқсамайды, сол себепті биылғы Бас ассамблеяның сессиясы да басқаларынан ерек» деп мәлімдеді баспасөз конференциясы кезінде БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш.

Гуттериш коронавирусқа қарсы вакцина жасау мен экология үшін күресуге басымдық беру керек деді:

«Жаңа коронавирусқа қарсы вакцина жасау және атмосфераға тарайтын көмірқышқыл газының көлемін азайту – халықаралық қауымдастық жақын уақытта айналысатын ең маңызды мәселелер».

Бұған дейін хабарланғандай, БҰҰ Бас ассамблеясының жұмысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, ағылшын тілінде екі бейнеүндеу жасайды. Оның бірі - ұйымның 75 жылдығына арналса, екіншісі – күн тәртібіндегі дебатқа қатысты.

Дипломаттар мен шолушылардың пікірінше, бұл жолғы ассамблея ұйымның мерейтойынан бөлек, қашықтан ZOOM-дипломатия түрінде өтетінімен ерекшеленеді.

Бүгін мерекелік бөлімдегі шағын ресми рәсімде Антонио Гуттериш штаб-пәтерде болып, сөз сөйлейді. Мерейтойлық сессия «Біз қалайтын болашақ, бізге қажет Біріккен Ұлттар Ұйымы: мультилатерализмге ұжымдық бейілділігімізді нақтылау» деген ұранмен өтеді.



Соңғы жаңалықтар