Нью-Йоркте алғашқы медициналық көмек бойынша Астана декларациясының маңыздылығы айтылды

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат– ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алғашқы медициналық көмек көсету саласында елімізде жасалып жатқан реформаға басқа елдердің қызығушылығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі.

«Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясының базасында медициналық қызметтердің жалпы қамтылуына арналған жиын өтіп жатыр. Бұл мемлекет басшылары, үкімет және сыртқы істер министрлері деңгейіндегі жоғары кездесу. Оның негізгі мақсаты – әлемдегі барлық тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Бүгін жалпы халықты қамтитын денсаулық сақтау қызметтері туралы декларация қабылданды. Осы декларацияда алғашқы медициналық көмек көрсету маңызды тармақтардың бірі ретінде көрсетілді» - деді Елжан Біртанов Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы алдында қазақстандық журналистерге.

«Аталған құжатта медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясына тікелей сілтеме және оны енгізу бойынша басқа елдерге ұсыныстар бар. Біз мұны Қазақстан үшін үлкен жетістікке бағалаймыз. Оның үстіне бүгін медициналық-санитарлық алғашқы көмекті ілгерлету бойынша Қазақстан мен АҚШ үкіметтері бірлескен жекелеген кездесулер мен жиындар өткізіледі. Аталған жиынға денсаулық сақтау саласындағы белді ұйымдар, UNICEF, Дүниежүзілік банк өкілдері қатысады», - деп толықтырды ол.

Министр медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетуде халықаралық тәжірибемен алмасу маңызды екендігін атап өтті.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама штаттарында жұмыс сапарымен жүр.



Соңғы жаңалықтар