МЖӘ жобаларына міндетті тәуелсіз сараптама жасалады - Руслан Дәленов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына міндетті тәуелсіз сараптама жасау енгізілетін болады. Бұл туралы бүгін Сенат депутаттарымен кездесу барысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыру барысында анықталған бұзушылықтар жайында айтып берді.

"Өткен жылдың желтоқсан айының ортасында жергілікті жерлерде МЖӘ қалай жүзеге асырылып жатқанына сараптама жүргіздік. Ең алдымен бірінші жылғы төлемнің қасақана немесе келісімшартқа қол қою арқылы кейінге қалдырылуын көрдік. Біз МЖӘ бюджетті жүктемеден арылтады дейтін болсақ, онда бюджет міндеттемесі де біркелкі болуы тиіс", - деді ол.

Сонымен қатар вице-министр МЖӘ жобасын жүзеге асыру барысында тәжірибесі жоқ жеке әріптесті таңдауда проблема бар екендігін атап өтті.

"Үшіншіден, табыстылық нормасында ауытқу болмауы қажет. Біз біртұтас мемлекеттік өмір сүреміз және табыстылық та бірдей болуы тиіс. Төртіншіден, қарыз ставкасында үлкен ауытқушылық бар ма, соны қарадық. Ставкада айтарлықтай айырмашылық болмауы керек",- деді вице-министр.

Оның айтуынша, аталған бұзушылықтарға байланысты министрлік заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасаған.

"Біз барлық жобаларға МЖӘ орталығында, ал жергілікті жерлерде экономика басқармаларында міндетті тәуелсіз сараптама жасауды ұсындық. Олар өздерінің жобаларына өздерінің сараптамаларын бермеуі қажет. Бұл түзетуді бұйрығымызға енгізетін боламыз. Таяу уақытта ол қабылданды және өзіне өзі сараптама жасауға тыйым салынады. Ол үшін сырттан сараптама жасайтын ұйым тартылатын болады",- деді Р.Дәленов.

Соңғы жаңалықтар