Мюнхенде дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 7-9 маусымда Германия Федеративтік Республикасының Мюнхен қаласында дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтеді. Жыл сайын бұл іс-шара этникалық қазақтар көп тұратын елдерде өткізіледі. Қазіргі уақытта Германияда Еуропадағы ең көп қазақ диаспорасы - 3 мың адам (шамамен 250 отбасы) тұрады. Бұл туралы «Отандастар қоры» баспасөз қызметінен хабарланды.

Іс-шараның негізгі мақсаты - мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық жобалар негізінде қазақ диаспорасының өкілдерін біріктіру.

Кіші құрылтайдың жұмысына қазақ диаспорасының 100-ден астам өкілі, сондай-ақ, Қазақстанның мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері, «Отандастар» қорының мамандары мен сарапшылары қатысады.

Кіші құрылтайдағы негізгі тақырып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының ережелері контекстінде ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Шара ясында әлемнің түрлі елдеріндегі қазақ диаспорасының ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау, «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бастамашылық еткен бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Күн тәртібінде шетелде тұратын отандастарды қолдау үшін нормативтік базаны жетілдіру, білім, туристік бағдарламаларын іске асыру, қазақ тілін дамыту, байланыс орнату және бизнес-жобаларды жүзеге асыру секілді мәселелер талқыланатын боллады.

Құрылтайдың спикерлері Қазақстанның Германиядағы Елшісі Болат Нүсіпов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов, «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов, Швециядағы Қазақтар қауымдастығының төрағасы Мұрат Ермиш болады.

Құрылтай қорытындысы бойынша Швецияда, Ұлыбританияда, Германияда, Францияда, Данияда, Нидерландыда, Австрияда және Бельгияда жұмыс істейтін қазақ мәдени орталықтарымен «Отандастар» қорының ынтымақтастығы және әріптестігін дамыту туралы екі жақты меморандумға қол қойылмақ.

Бұдан бөлек, құрылтай шеңберінде «Қазақ үйі» - ортақ брендімен әлемнің түрлі елдерінде жұмыс істейтін барлық қазақ мәдениет орталықтарының бірыңғай базасына біріктіруге бағытталған жоба басталмақ.

Сондай-ақ, құрылтай шеңберінде қазақстандық делегация шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің арасындағы жастармен кездесіп, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру көрмесін өткізеді. Көрме жұмысына Назарбаев университетінің, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің және Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің өкілдері қатысады. Көрме аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндіктері таныстырылады және шетелдік университеттермен ынтымақтастық жобалары ұсынылады.

Сонымен қатар, құрылтай аясында алғаш рет отандық және шетелдік кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өтеді. Бизнес-форум шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түрлі салаларында тәжірибе алмасуға, Қазақстан, Германия және Еуропа мен Азияның басқа да елдерінің кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда Қазақтардың кіші құрылтайын өткізу жаңа серіктестерді іздеу, іскерлік және гуманитарлық байланыстар орнату, шетелдік қоғамдастыққа Қазақстан Республикасының түрлі салаларындағы мүмкіндіктерін көрсету үшін тиімді алаңды қамтамасыз етеді.

Соңғы жаңалықтар