Мюнхен конференциясында Қазақстан мен АҚШ-тың ынтымақтастығы талқыланды

None
None
МЮНХЕН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясында Қазақстан мен АҚШ-тың ынтымақтастығы турылы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ел терроризмге қарсы күрес шараларын қабылдауда. Былтыр Сирия мен Ирактағы азаматтарымызды қайтару бойынша сәтті операциялар өткіздік. Осы орайда, АҚШ үкіметіне көрсеткен көмегі үшін алғысымды білдіргім келеді», - деді Президент «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі жағдай» тақырыбындағы өткен панельдік пікірталас кезінде.

Бұдан бөлек Қазақстан саясаты үлкен күштер арасында теңгерім ұстауға негізделгенін атап өтті.

«Жақында ғана АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға келді. Бұл да Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстың нығая түскенін білдіреді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономкалық серіктестік тұрғысында Қазақстанда АҚШ-тың бірнеше үлкен компаниялары жұмыс істеп жатқанын еске салды.

«АҚШ-тың Қазақстан үшін маңызы зор. Ынтымақтастығымыз одан әрі арта түсуіне үлкен мүмкіндіктер бар деп санаймын», - деп атап өтті Президент.

Еске сала кетейік, биыл ақпан айының басында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков «Жусан» гуманитарлық операциясы кезеңдеріне қатысты түсінік берді.

Жалпы ҰҚК «Жусан» гуманитарлық операциясының төрт кезеңін қорытындылады.

Бұған дейін хабарланғандай, 14 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Мюнхен қаласына екі күндік жұмыс сапарымен келді.

Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Президент көршілес елдермен өзара тиімді қарым-қатынас туралы айтты.

Айта кетейік, ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Мюнхен конференциясында Орталық Азиядағы процестерге ерекше назар аударылғанын жеткізді.



Соңғы жаңалықтар