Мысырмен тарихи-рухани байланыстар экономикалық мүддеге де жол ашады - Елші

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдық - сыртқы экономикалық байланысқа ойысып келеді.

Әйтсе де елдер мен елдердің өзара тығыз араласуы мен ықпалдастығы тек экономикалық мүдделермен шектеліп қалмақ емес. Мәселен, Мысыр елі Қазақстан үшін тарихи байланыстар жағынан ерекше қызық. Ол елдің де Қазақстанға қызығушылығы артпаса кеміген емес. Кешегі тарихи байланыстар мен келешектегі мүмкіндіктер туралы Мысыр Араб Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиев айтып берді.

- Арман Қайратұлы, кәсіби дипломатиялық қызметіңіз араб елдерінде өтуде. Еліміздің Араб мемлекеттері лигасындағы Тұрақты өкілісіз. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатындағы араб мемлекеттерінің рөлі қаншалықты маңызды ?

- Қазақстан тәуелсіздік алған кезде еліміздің егемендігін алғашқылардың бірі болып араб мемлекеттері мойындады. Олар мұны ресми жариялап қана қоймай, Алматыда Елшіліктерін ашып, елімізбен екіжақты саяси, сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен араб әлемі арасында тарихи тереңге бойлайтын мәдени байланыстар жатыр. Адамзат өркениетінің дамуына үлкен үлес қосқан бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби, мұсылман мәдениетін крест жорықтары мен Құлағу шапқыншылығынан сақтап алған Сұлтан Бейбарыс - Ұлы даланың дара тұлғалары Мысыр және Сирия сияқты араб елдерінде өмір сүріп, үлкен жетістіктерге жеткен.

Сыртқы саясат бағытында Қазақстанның араб елдерінің барлығымен ынтымақтастығы жоғары деңгейде қалыптасқан. Халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз үндес немесе жақын болып келеді. Араб мемлекеттері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларын толық қолдайды. Мәселен, бірқатар араб елдері Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше болса, Астанада 3 жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер Съезіне араб әлеміндегі ірі дінбасылары жүйелі түрде қатысып тұрады.
Қазақстан да араб мемлекеттері үшін халықаралық және аймақтық үдерістердің белсенді қатысушысы ретінде үлкен маңызға ие. Халықаралық саяси терминологияда «Астана процесі» деп танылған Сириядағы қантөгісті тоқтату мақсатында елордада өткен келіссөздер араб еліндегі қантөгісті азайтуға септігін тигізді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі барысында Қазақстан ұсынған «Терроризмен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі іс-қимыл Кодексін» деструктивтік құбылыстан зардап шегіп отырған араб елдері бірінші қолдады.

Саяси-экономикалық үдерістермен қайнап жататын араб әлемі экономикалық тұрғыдан Қазақстан үшін маңызды әріптес болып отыр. Мысалы, соңғы жылдары еліміздің сауда айналымы Туниспен 2,9 есе, Мароккомен 2,6 есе, Алжирмен 1,9 есеге өсті. Инвестиция саласында да Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерімен ынтымақтастық жаман емес. Сондықтан, қазіргі таңда араб әлемі қазақстандық өнімдерге маңызды нарық және сауда-экономикалық, инвестициялық мүмкіндік болып табылады. Сауд Арабиясының, Мысыр және Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары Қазақстанның туристік орындарына қызығушылығы жоғары. Бұған дәлел - алдағы уақытта Каир сияқты ірі қалалардан Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан араб туристерін тасымалдайтын чартерлік рейстер шығатыны жоспарланған.

- Мысырдағы Қазақстанның Елшісі қызметіңізге де екі жылдай уақыт болыпты. Астана мен Каир арасындағы байланыстар қалай дамуда ?

- Қазақстан мен Мысыр арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы жоғары деңгейде деп айта аламын. Қазақстан үшін Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы маңызды серіктес ел болып табылатын Мысырмен сенімді саяси диалог, халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде тығыз ықпалдастық орнатылған.

Екі ел арасындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде 2018 жылғы 10-11 қазанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен 6-шы рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне ислам әлемі делегациясының басшысы ретінде «әл-Азһар» шейхі, Бас имам Ахмед әт-Тайебтің қатысқанын атап өткім келеді.

Елбасының тапсырмаларына сәйкес, екі елдің сауда-экономикалық қатынастарына ерекше мән берудеміз. Қазақстанның Африка континентіндегі ең ірі сауда-экономикалық серіктесі Мысырмен бұл саладағы ынтымақтастығы соңғы жылдары даму белесіне түсті. Статистика деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Мысыр арасындағы сауда айналымы 2018 жылғы қаңтар және қараша аралығында 79,8 млн АҚШ долларына дейін өсті.

Сауда-экономикалық қатынастардың басты мәселелерінің бірі Мысырға қазақстандық астықты экспорттау. 100 млн-нан астам халқы бар Мысыр жылына 10-12 млн тонна астық импорттайды. Ал, Қазақстан бидай экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарында тұр. Осыған орай, қазіргі таңда қазақстандық бидайды Мысырға экспорттаудың тиімді логистикалық жолдары қарастырылуда. Бұл үшін Мысыр өз аумағында астық терминалын ашуды ұсынып отыр. Бұл жоба қазақстандық астықты Мысыр нарығына ғана емес, басқа да Африка елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.

Сосын Мысырдың Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөздер жүруде. Аталған келісім екі ел арасындағы сауда айналымының қарқынды дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

2017 жылдан бастап Мысырдың демалыс орындарына келетін қазақстандық туристердің саны едәуір артты. Астана, Алматы, Шымкент қалалаларынан ұшып келетін чартерлік рейстердің саны аптасына 20 ұшаққа дейін жетуде. Шарм-Эль-Шейх қаласына баратын қазақстандық азаматтарға визасыз режим енгізілген. Қазіргі таңда қазақстандық туристер саны жағынан Украинадан кейін екінші орында тұр. Демалуға келіп келеңсіз жағдайларға түскен қазақстандық азаматтарға Елшілік дер кезінде көмек көрсетуде.

Елшілік өз тарапынан мысырлық саяхатшыларды Қазақстанға тарту үшін қарқынды имидждік іс-шаралар ұйымдастырып, үгіт-насихат жүргізуде. Нәтижесінде Қазақстанға демалуға барғысы келетін мысырлықтардың саны артуда. Мысалы, мысырлық «Тишури турс» туристік компаниясымен 2019 жылы сәуір айынан бастап Алматы және Шымкент қалаларына, жаз айларында Астана және Өскемен қалаларына чартерлік рейстерді ұшыратын болды. Қазіргі таңда мысырлық саяхатшылар үшін туристік пакеттер, қонақ үй мәселелері пысықталуда.

- Әңгіме ауанын ауыстырсақ. «Қазақта әке көрген оқ жонар» деген сөз бар ғой. Кәсіби дипломат Қайрат Исағалиұлы туралы айта кетсеңіз. Сіздің қыр-сыры көп дипломатия саласына қызығуыңызға әкеңіздің өмір жолы қаншалықты әсер етті ?

- Қазақстан дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, мемлекет қайраткері Қайрат Исағалиевтың ізбасары болғанымды мақтан тұтамын. Әкем көп жылдар бойы әлемнің көптеген елдерінде Қазақстанның сыртқы саяси мүдделерін ілгерілету бойынша жұмыс атқарып, Тәуелсіз Қазақстанда Сыртқы істер министрлігінің қалыптасуына үлес қосты.

Жастайымнан маған дипломатияның қыр-сырын үйретіп, бұл маңызды да қызықты мамандыққа мені баулыған әкем болатын. Жалпы айтсам, қазақ дипломатының бойында болуы қажет қасиеттерді отбасы тәрбиесінен алдым десем артық кетпеген болармын.

- Ал дипломатияға келгісі келетін жас үміткерлерге қандай кеңес берер едіңіз. Тіл білу, мінезді жаттықтыру деген қасаң қағидалардан бөлек, өзіңіз байқаған сәттермен бөліссеңіз.

- Менің мамандығым арабтанушы. Араб елдеріне мамандандырылған дипломатпын. Білікті дипломат болу үшін барған елдің тілін және мәдениетін, тарихын, экономикасын жетік білу қажет. Әр елдің өзінің ерекшелігі болады, әдет-ғұрыптары әралуан болып келеді. Мемлекеттердің қатынастары адамдар арасында қатынастардан тұрады. Сондықтан болатын, баратын елін толық меңгеру дипломат үшін басты алғышарт.
Қазіргі таңда экономикалық дипломатияның маңыздылығы артып, жыл сайын бұл бағытта Қазақстан дипломаттарына қойылатын талаптар күшеюде. Өйткені әрбір дипломаттың бірінші мақсаты еліміздің тауарларын өзі болатын елдің нарығында көтермелеу және инвестиция мен туристер тарту болып табылады. Бұл талаптарды іске асыру үшін сол елдің мемлекеттік қызметкерлерімен ғана емес, бизнес өкілдерімен тығыз жұмыс жасау керек. Сондықтан дипломатқа мемлекеттік қызметтен басқа, жекеменшік сектордың ұңғыл-шұңғылын, мән-жайын жетік білу қажет.

- Еліміз Тәуелсіздік алысымен араб елдеріне діни білім алуға ұмтылған жастардың қатары күрт көбейді. Қазіргі кезде бұл үрдіс қалай?

- Дін үйренеміз деп шетел асқан қазақ жастарының көбеюі күтілген құбылыс. Алайда, соңғы жылдары жастардың шетелдік жоғары оқу орындарында діни білім алу үдерісі қолға алынып, толық жүйеге салынды. Мәселен, Мысырда діни білім алу үшін қазақстандықтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынысымен ғана келе алады. Өйткені, жастардың жат ағымдар мен деструктивті жамағаттардың жетегіне ілініп кетпеу үшін олардың ресми оқу орындарында ғана білім алуын қадағалау қажет. «Әл-Азһар» университеті мұсылман әлемінің ең ірі білім және ғылым ордасы болып табылады. Онда 120-ға жуық қазақстандық студенттер білім алуда.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Мысыр арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды нысанына айналған Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» университеті жылдан жылға дамып, діни білім алам деген жастарға оқу ордасы болып отыр. Алдағы уақытта қазақстандықтар магистратура мен PhD деңгейін «Әл-Азһар» университетінде оқитын болады. Бұл да жастардың шетелдердегі жат ағымдар мен жамағаттардың құрығына ілінбеуін қамтамасыз етеді.

- Мысыр елінің тарихы бізге жақын. Бабамыз Сұлтан Бейбарыс билігінің тұсында Мысыр мен Алтын Орда арасында байланыстар қарқынды дамығаны белгілі. Ендеше Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары шеңберінде араб әлемінде із қалдырған бабаларымыз Бейбарыс пен әл-Фараби мұраларын сақтау, зерттеу және дәріптеу жұмыстары қалай жүруде ?

- Жергілікті халық арасында Қазақстанға деген қызығушылық тудыруға үлкен септігін тигізіп отырған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын атап өту қажет. Аталған жобаның шеңберінде қазақ мәдениетін, тарихын таныту үшін бірқатар іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы араб тіліне аударылды. 2019 жылы Елшіліктің демеуімен қазақ поэзиясы мен прозасының араб тіліндегі антологиясы шығады. Сонымен қатар, 2018 жылғы 11-14 сәуірде Александрия және Каир қалаларында ҚР Халық әртісі, әлемге әйгілі өнер қайраткері Айман Мұсақожаеваның басшылығымен Қазақ ұлттық өнер университеті студенттері мен оқытушыларының «Kazakh Eli Classic» концерті өтті.

Мысырда бабамыз Бейбарыстың қалдырған мұралары көп. Солардың ең маңыздысы өзінің атын алған Каир қаласының ең ірі мешіттерінің бірі - Бейбарыс мешіті. 2018 жылғы 16 қазанда 2011 жылдан бері тоқтап қалған Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітін реставрациялау жұмыстары қайта басталды. Жобаның ашылу салтанатына МАР Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Анани, жобаның бас мердігері «Араб контракторс» компаниясының Басқарма төрағасы Мухсин Салах, Парламент депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, журналистер, тарихшы ғалымдар, белсенділер және жергілікті халық қатысты.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген Халед әл-Анани жобаның құны 100 млн мысыр фунтын құратынын хабарлап, қайта қалпына келтіру жұмыстары 18 ай ішінде бітетінін жеткізді. Бұған дейін жобаның архелогиялық және сәулеттік зерттеулері, сондай-ақ іргетас және жерасты жұмыстары біткенін мәлімдеген мысырлық министр мешіттің шаңырақты бөлмелерін, дәлізін, күмбезін, мұнараларын, орталық алаңын және сыртқы қабырғаларды жөндеу жұмыстары іске асырылатынын хабарлады. Жобаның техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді. Аталған комиссия мешіттің ішкі бағаналарына бұған дейін пайдаланылған қызыл қыштарды жарамсыз деп тауып, өзінің түпнұсқасына ұқсас жоғары сапалы граниттік қыштар пайдаланылатын болды. Сонымен қатар, Мысыр министрі Каирде екінші ең ірі мешіт болып саналатын бабамыздың мұрасы Каир үшін тарихи маңызды нысан, ал саяси тұрғыдан Қазақстан мен Мысыр арасындағы қатынастардың рәмізі екенін атап өтті.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы тапсырмалар шеңберінде Каир университетінде «әл-Фараби» орталығы ашылды. 2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің Әдебиет факультетінде «қазақ тілі» мамандығы оқытылатын болды.

Сонымен қатар, жылдың бірінші іс-шарасы ретінде 5 қаңтарда «Әл-Фарабидің мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шарада ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, Каир университетінің профессорлары, араб зиялы қауым өкілдері, Фарабитанушы философтар бабамыздың баға жетпес мұрасы мен құнды идеяларын өскелең ұрпаққа жеткізудің өзектілігі мен тәсілдері туралы өз ойларымен бөлісті. «Әл-Фараби» орталығы ұлы ғұламаның пікірлерін насихаттап қана қоймай, Қазақстан мен Мысыр арасындағы академиялық, ғылыми зерттеу және мәдени байланыстарды жандандыруға атсалысатын болады.

Бұдан бөлек, Елшілік пен ҚазҰУ Шығыстану факультеті бірлесіп «Таяу Шығыстағы қазақ халқына киелі орындардың атласын» басып шығармақ. Жалпы алғанда, Қазақстан мен Мысыр арасындағы тығыз тарихи байланыстар болғандықтан Елшілік алдында «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Архив-2025» бағдарламалары шеңберінде үлкен жұмыстар тұр.


- Сұхбатыңызға рахмет !



Фото:astanatimes.com

Соңғы жаңалықтар