Мысырдағы әйгілі Александрия кітапханасында «Көшпенділер» трилогиясы таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 сәуір күні әлемге әйігілі Александрия кітапханасында танымал қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің араб тіліне аударылған «Көшпенділер» трилогиясына арналған әдеби кеш өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Мысырдағы елшілігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Романды аудару ісі Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің бастамасымен қолға алынған болатын.

Әлемдегі ең ежелгі әрі ең үлкен кітапханадағы халықаралық кітап көрмесі аясында ұйымдастырылған кешке, қазақ классикасының шедеврін талқылау үшін мысырлық ақындар, жазушылар, сыншылар, тілшілер мен оқырмандар қауымы жиналды.

Кештің ашылуы барысында елші Арман Исағалиев «Заманауи қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» атты жобаны жүзеге асыру Қазақстан мен Мысыр арасындағы мәдени байланыстарды арттыра түсетіндігін айтты.

Ол сөзінде әлемдік классикалық туындылардың ажырамас бөлшегіне айналған І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романы қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін ерекше маңызды еңбек екендігін атап өтті. Туындыда 550 жыл бұрын құрылған Қазақ хандығынан кейінгі кездерден бастап, Хан Кене басқарған ұлт-азаттық көтеріліске дейінгі қазақ халқының өмірі суреттеледі.

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев І. Есенберлиннің еңбектерінің арасында әйгілі «Көшпенділер» романының орны бөлек екендігін айтқан.

Сонымен қатар Арман Исағалиев екі арасындағы мәдени байланыстарды нығайту ісіне әрі романның араб тілінде жарық көруіне үлес қосқан танымал Мысыр меценаты, доктор Хусейн Шафииге «Қазақстан Республикасының дипломатиясына 20 жыл» атты естелік медалін тарту етті. Сондай-ақ романды аударған мысырлық аудармашы, Танат университетінің профессоры, доктор Мұхаммед Риядқа романды аударғаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаты табысталды.

І.Есенерлиннің трилогиясын талқылау ісіне белсенді үлес қосқан мысырлық әдебиетшілер оған әлемдік классикалық әдебиеттің шедеврі әрі Қазақстан тарихының оқулығы деген баға берді. Сыншылар Қазақ хандығының қалыптасу жылдарын қамтитын тарихи романның сол уақыттағы дара тұлғалар мен қазақ халқының даналығын оның бостандық жолындағы күрескерлігін танытатындығын айтты. Шараға қатысушылар І.Есенберлинді тіпті әйгілі мысырлық жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Нагиб Махфузбен де салыстырды.

Кештің қатысушылары І.Есенберлиннің еңбегіндегі образдарды, батырларды қазақ халқы үшін ғана емес қатар әлем үшін де үлгі бола алатындығын айтты. Ұлт-азаттық қозғалыстың символына айналған Кенесары хан туралы көптеген ақындар мен жазушылар айтып өткен. Олардың арасында әйгілі француз жазушысы Жюль Верн де бар.

Сондай-ақ айта кететін мәселе трилогияның үшінші бөлімі бойынша түсірілген «Көшпенділер» фильмі де елшіліктің бастамасымен араб тіліне аударылып, мысырлық телеарналардан таратылуда. Осы кезде «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қазақ хандығы» сериалын да араб тіліне аударып, оны араб әлеміне ұсыну көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар