Мысырда қонақүйде ресейлік 40 турист уланып қалды

None
None
КАИР. ТАСС – ҚазАқпарат – Қызыл теңіздегі Хургада курорттық қаласының төрт жұлдызды қонақ үйінде уланған ресейліктердің саны 40 адамға жетті. Прокуратураның өкімімен қонақүй санитарлық қауіпсіздік нормаларын бұзғаны үшін белгісіз мерзімге жабылды, барлық турист басқа қонақ үйлерге орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы агенттікке жексенбі күні Мысырдың Туристік палаталар федерациясы мәлім етті.

«ауруханаға 40 адам жүгінді, қазіргі уақытта төртеуі ауруханадан шықты, 36 адам ем қабылдауда», - деді федерация өкілі.

Ол барлық науқастың жағдайы бірқалыпты, тұрақты екенін, өміріне еш қауіп жоқ екенін атап өтті. Дәрігерлер оларды дүйсенбі күні шығарады.

Ресей Федерациясының Хургададағы бас консулы Виктор Воропаев жексенбіде ТАСС-қа жергілікті санитарлық билік өкілдері Хургадада орналасқан AMC Royal hotel қонақүйін 48 сағатқа жабу туралы шешім қабылдағанын айтты.

Айта кетейік, аталған қонақүйдің қонақтары уланып ауруханаға түскен.

«Туристерді басқа қонақ үйлерге орналастырады. Бас консулдық жағдайды қадағалап отыр», - деді ол. Дипломаттар қонақүйде тек ресейліктер ғана уланған ба, жоқ па, соны анықтайды.

Алайда, кейінірек прокуратураның өкімімен қонақүй санитарлық қауіпсіздік нормаларын бұзғаны үшін белгісіз мерзімге жабылғаны белгілі болды және жақын арада ашылуы екіталай.

«Прокуратура AMC Royal hotel қонақ үйінде тергеуді бастады, ол «Ат-Таярин» қонақүйі ретінде де белгілі. Азық-түлік, сусындар мен көрсетілетін қызметтерге қатысты санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін қонақүйге ірі көлемдегі қаржылық айыппұлдар ғана емес, лицензияны қайтарып алып, толық жабылу қаупі төніп тұр», - деп түсіндірді Туристік палаталар федерациясы.


Соңғы жаңалықтар