Мысырда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

None
None
КАИР. ҚазАқпарат - Қазақстанның Мысырдағы Елшілігінде 50-ден астам мысырлық инвестор мен ірі компания жетекшілерінің қатысуымен еліміздің инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған шара өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елші Арман Исағалиев Мысыр Қазақстанның Африка құрлығында ірі сауда-экономикалық әріптесі екенін және соңғы жылдары бұл бағытта екіжақты қатынастар жандана түскенін атап өтті.

«Қазақстан дипломаты қатысушыларды Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарымен, еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі бойынша ҚР Үкіметінің қабылдап жатқан шараларымен, инвестициялық мүмкіндіктермен, шетелдік инвесторларға едәуір жеңілдіктер беретін заңнамалармен, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың жұмысымен таныстырды.

Сонымен қатар, әлеуетті инвесторларға 2018 жылғы желтоқсанда шетелдік инвестициялар тарту міндеті Сыртқы істер министрлігіне жүктелгені туралы хабарланды. Инвестормен және жобамен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік жасайтын Елшілік - СІМ - Қазақстанның өңірі форматында үшдеңгейлі жүйе қалыптастырылғаны айтылды. Осындай жұмыс тетігі жаңа жобалар мен инвесторларды ашуға мүмкіндік беріп, жобаны бастау және іске асыру арасындағы жолды қысқартады», - делінген министрлік хабарламасында.

Бұған қоса, инвесторларды идеядан жобаны іске асыруға дейін сүйемелдеп жүретін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының бұл бағыттағы маңызды рөлі баса айтылды. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы өзінің тиісті қаржы құралдары мен халықаралық деңгейдегі қызметтері арқылы алаң ұсынатыны да баяндалды.

Қазақстан-Мысыр Іскерлік кеңесінің мүшесі, Los Amigos G.T.C. компаниясының басшысы Галял Гор өзінің жеке тәжірибесіне сүйеніп, мысырлық инвесторларға Қазақстанда бизнес жасаудың тартымдылығы, инвесторларға берілетін артықшылықтар мен жеңілдіктер туралы айтып берді. Ол елімізде қазіргі кезде нәтижелі жұмыс істеп жатқан мысырлық компаниялар туралы да мағлұмат берді.

Іс-шара барысында Қазақстан, Kazakh Invest және АХҚО жұмысы туралы бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар, қонақтарға имидждік кітапшалар, баяндамалар, инвестициялар саласындағы заңнамалар, елімізде шетелдік компанияларды тіркеу туралы қажетті ақпарат үлестірілді.

«Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мысырлық инвесторлар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бизнесмендер еліміздегі тұрмыс деңгейі, орташа айлық, энергия және су тарифтері туралы сұрақтар қойды. Бірнеше компания басшылары жақын арада Қазақстанға сапармен барып, инвестиция саласында келіссөздер жүргізуге ниет білдірді», - деді ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар