Мысыр Бейбарыс сұлтан мешітін қалпына келтіруге ақша бөледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Каирдегі Бейбарыс сұлтан мешітін қалпына келтіру жұмыстары қайта басталады. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте Қазақстаның Мысырдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ пен Мысыр халықтары арасындағы байланыстардың терең тарихи тамыры бар. Қазақ жерінен шыққан Бейбарыс сұлтан бабамыздың тұлғасы екі елдің арасындағы достық, мәдени және тарихи  байланыстың символына айналды. Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның үлкен мешіті бар.  Ол Мысырдағы көлемі бойынша екінші мешіт саналады. 2007 жылы екі елдің арасында аталған мешітті қалпына келтіру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын», - деді Елшісі.

Оның айтуынша, жоба құны 12 миллион долларға бағаланған.  Оның 4,5 миллион долларын Қазақстан тарапы, ал қалғанын Мысырдың өтеуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.  Осы күнге дейін Қазақстан тарапы өз уәдесін орындап, 4,5  млн доллар бөлген. Аталған қаржы мешітті қалпына келтірудің бірінші кезеңіне жұмсалған. Алайда, Мысыр тарапы осы уақытқа дейін өз уағдаластығын орындай алмай келді. Оған елдегі саяси толқулар, екі төңкеріс, экономикадағы үлкен дағдарыс себеп болды.

«Қазіргі кезде туристердің артуына және одан бюджетке түсетін қаражат көлемінің ұлғаюына байланысты бұл мәселе қайта көтерілді. Мысыр Премьер-Министрінің жеке араласуымен бас мердігер мен Көне ескерткіштер министрлігі арасындағы келіспеушілік шешілді. Сондықтан жақын арада, осы күндері мешітті қалпына келтіру жобасы қайтадан басталады. Министрдің маған берген уәдесіне сәйкес, мешітті қалпына келтіру жүмыстарының басталуынан аяқталуына дейін 12 ай кетеді. Яғни, сол 12 айдың ішінде жұмыстар толық аяқталады деп сенемін», - деді Арман Исағалиев. 

Соңғы жаңалықтар