Мыс өндіруші компания «Birgemiz» қоғамдық қорына 2,2 млрд теңге аударды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін төтенше жағдай енгізілгеннен кейін KAZ Minerals тобы бірден тиісті шараларды қабылдады. Компания қарамағындағы кәсіпорындардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін қызметкерлер ғана қалып, қалғандары қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Бұл жайлы ҚазАқпарат тілшісіне KAZ Minerals тобы корпоративтік департаментінің менеджері Ермек Дүзкенов айтып берді.

КAZ Minerals – Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдегі карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған ірі мыс өндіруші компания. Өз жұмысын ШҚО-дағы Ақтоғай мен Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кеніштерде, сондай-ақ Шығыс Қазақстанда орналасқан 3 кеніш пен 3 кен байыту фабрикаcында және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді. 2019 жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 311 мың тоннаны құраған.

«Елдегі төтенше жағдайға орай біз кеңселер мен кәсіпорындарға бөгде адамдардың кіруіне тыйым салдық. Барлық алыс-беріс заттар мен құжаттар тексеру-өткізу орнында қабылданып, тапсырылуда. Кәсіпорындардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін қызметкерлер ғана қалып, қалғандары қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Олар қажетті техникалармен және бағдарламалармен қамтамасыз етілді», - дейді Ермек Дүзкенов.

Оның айтуынша, кәсіпорындар бұрынғы қарқынмен жұмыс істеуде. Күніне бірнеше рет дезинфекциялау шаралары жүргізіліп, жұмысшыларға антисептиктер мен маскалар таратылды.

«Тіпті компания бойынша қол алысып сәлемдесуге тыйым салынды. Ақтоғай мен Бозшакөл сияқты вахталық кәсіпорындардағы қызметкерлердің кезекшілігі ТЖ аяқталғанша созылды. Оларға еңбекақылары екі еселеніп төленеді. Вахтааралық демалыста болып, жолдар жабылғаннан кейін келе алмай қалған қызметкерлер базалық жалақысын алып отырады. Қазіргі уақытта жұмысшылар арасында коронавирус инфекциясының белгілері бар адамдар тіркелмеген», - дейді компания өкілі.

КAZ Minerals тобы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қиын жағдайға тап болған отандастарымызға көмек көрсету қажеттігі жайлы бастамасына қолдау білдірді. Бүгінде компания «Birgemiz» қоғамдық қорына 2,2 млрд теңге аударған.


Соңғы жаңалықтар