Мырзалин Целиноград жəне Қорғалжын аудандарында болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин жұмыс сапарымен Астананың іргесіндегі Целиноград жəне Қорғалжын аудандарында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы алдымен Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылындағы «Агро-Парк» ЖШС жаңадан салынып, негізгі жұмыстардың ауқымды бөлігі аяқталған бордақылау кешенін аралап көрді. Алаңның аумағы 58 гектарды құрайды. Мұнда 3000 бас ірі қара

күтімге алынып, жылына 1200 тонна ет өндіру көзделуде. Серіктестік директоры Бейбітхан Қабдырахмановтың айтуынша, жобаның құны 900 миллион теңге. Кешенде əрқайсысына жас ерекшелігіне қарай 25 ашық баспана жабдықталған. Сондай-ақ, малшылар үйі, санитарлық өткізгіш, мал азығын өңдеу цехы мен ангар түріндегі қойма, техникалық база қазірдің өзінде жұмыс істеуде. Бүгінгі күні жергілікті тұрғындардан сатып алынған 500 бұзауды үстемелеп қоректендірудің озық технологиясы қолданылуда.

Ал, Рахымжан Қошқарбаев атындағы ауылдың егістік алқабында «Ен-Дала» ЖШС механизаторлары астық бастыруда алдыңғы шептен көрінуде. Тимур Пішенов басқаратын серіктестік биыл гектарынан 30 центнерден астық жинауды  көздеп отыр. Бұған қоса олар мал шаруашылығымен де айналысады.

Мəншүк ауылында мемлекеттік- жекеменшік əріптестіктің жарқын үлгісін көруге болады. Мұнда «ВІ Group» компаниясы 50 миллион теңге қаржыға пəтерлі жатақхана салып берді. Онда бюджеттік ұйым қызметкерлері орналасатын болады. Жақында Астанадан келген информатика жəне ағылшын тілінің мұғалімдері осында қоныс тойын тойламақ. Осындай игі іске қолұшын созған осы ауылдың тумасы, қазіргі кезде Астанада тұратын  «ВІ Group» компаниясының басшысы Бауыржан Исабаев.

Қорғалжын ауданында аймақ басшысы Кеңбидайық ауылында  «сақалды» құрылыс су құбырын тарату желісін көрді. 2011 жылдары құрылысы басталған нысан тек биыл ғана жөнделіп, іске қосылды. Құрылыс жұмыстары кезінде 8,5 шақырым су құбыры, су сору стансасы, су мұнарасы, 13 колонка салынды.

Сапар барысында аймақ басшысы қос ауданның активтерімен кездесіп, өңірлердің əлеуметтік-экономикалық дамуы туралы əкімдер мен сала мамандарының атқарылған жұмыстары жəне алдағы жоспарлары туралы есептерін тыңдады.

Соңғы жаңалықтар