Мырзахметов отандық өндіріс жайлы: Мақта бар – киім тікпейміз, ет бар – шұжық жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов отандық тауар өндіру саласындағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз малды Өзбекстанға сатамыз. Ал елдегі 15 ет комбинаты 45 пайыздық деңгейде ғана жұмыс істеп тұр. Айналып келгенде біздегі ет комбинаттарында ең мықты технологиялар баршылық. Тіпті кейбірі еш қалдықсыз ет өңдей алады. Жағдай осындай. Қазір өкінішке қарай, құрылысқа керекті қарапайым швеллерлерді жасай алмай отырмыз. Соның өзі Ресейден келеді. Өзбекстанға мал сатып алып, қайтадан олардан шұжық сатып алудан намыстанбаймыз. Сол себепті импорт алмастыруды қолға алып, сұраныс жасау керек. Мақта бар – киім тікпейміз, ет бар – шұжық жоқ. Осының бәрін комиссия қолға алып, әр ай сайын БАҚ-қа ақпаратты жеткізіп отырсақ дейміз», - деді Абылай Мырзахметов.

Осы мәселе бойынша терең талдау жұмысы жүргізіліп, Қазақстанда импортты алмастыру жөніндегі кеңес құрылғалы отыр. Кеңес алаңында бизнес-қоғамдастық уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен бірлесіп, жергілікті қамтуды және реттелетін сатып алу жүйесін, кедендік-тарифтік саясатты, техникалық реттеу, шикізат базасын дамыту, инфрақұрылымдық даму, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі дамуына байланысты басқа мәселелерді талқылайды.

Кеңес отандық тауар топтарын бес салаға - машина жасау, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсібі, химиялық өнеркәсіп және жиһаз өнеркәсібі бойынша іріктеп алған. Соның ішінде бүгінгі таңда бизнес өкілдермен бірлесіп, жиһазға арналған ДСП/ДВП, тығын арматурасы, пластик өнімдері, ет, түрлі химиялық заттар бойынша 20-ға жуық инвестициялық жоба әзірлену үстінде.

Аталған жобалар жуық арада ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен импортты алмастыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында таныстырылады.


Соңғы жаңалықтар