Мырзағалиев мұнай-газ шаруашылығындағы экологиялық проблемалар туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атыраудағы мұнай газ саласын дамыту жөніндегі кеңеске қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында министр республикадағы мұнай-газ шаруашылығындағы негізгі экологиялық проблемаларды, сондай-ақ оларды төмендету жоспары туралы баяндады. Кеңеске Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Мәселен, министр М. Мырзағалиевтің айтуынша, негізгі экологиялық проблеманың бірі – Маңғыстау облысындағы едәуір жинақталып қалған мұнай қалдығы.

«Бұл проблема ондаған жыл бойы шешілмей келеді. Осыдан үш апта бұрын министрлік пен ҚазМұнайгаз арасында меморандумға қол қойылып, оған сәйкес, ҚазМұнайГаз қалдықтарды 2030 жылға дейін қайта өңдеуге міндеттелді», - деді Экология министрі.

Көкжиде кен орнындағы жерасты суларын ластауға жол бермеу – министрлік мойнындағы тағы бір проблема.

«Көкжиде кенорны – бірегей жоба. Ол батыс өңірдегі халықтың қажеттілігін өтей алады. 1983 жылдың өзінде-ақ мұндағы тәуліктік су қорының мөлшері 196 мың м3 екені тұжырымдалған. Қазіргі уақытта кен орны аумағында 8 көмірсутек шикізатын өндіруші қарқынды жұмыс істеуде. Ауыз судың тамаша көзін ластап алу қатері бар», - деді министр.

Осыған орай, Үкімет Көкжижені зерттеуге қаржы бөліп отыр.

М.Мырзағалиевтің айтуынша, үш жыл ішінде жерасты су қорын бағалау жүргізіліп, кен орнының сұлбасы нақтыланады, экологиялық ауыртпалық та есептеледі.

«Министрлік сондай-ақ мұнай операцияларын бақылау мен мониторингілеуді күшейтеді», деді ол.

Тағы бір экологиялық міндет – айналымды сумен қамтамасыз ету.

«Мұнай компанияларының орташа айналымды сумен қамтамасыз ету деңгейі 30-40%. Біз 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 70%-ке жеткізу мақсатын қойып отырмыз», - деді министр.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша осы және өзге де экологиялық мәселелерді шешу үшін жаңа экологиялық кодекс әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта ол жұртшылық арасында талқылануда. Жыл соңында оны Парламентке енгіземіз», - деді министр.



Соңғы жаңалықтар