Мырзағалиев экологиялық туризмді дамытатын нақты ұсыныстар әзірлеуге 10 күн уақыт берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экологиялық туризмді дамыту үшін жұмысқа бизнес өкілдерін тарту қажет. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары біз ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санын едәуір өсірдік. Елдің туристік секторын дамытуға күш жұмсайтын уақыт келді. Экологиялық туризмді дамыту үшін жұмысқа бизнес өкілдерін тарту қажет. Орман шаруашылығы комитеті ұлттық парктердің экологиялық туризмін дамыту үшін жағдай жасауы тиіс. Ол үшін 10 күн ішінде нақты ұсыныстар беруді тапсырамын», - деді министр

Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының Қарағанды облысында «Ұлытау» ұлттық паркін құру жөніндегі тапсырмасын мерзімінде орындау қажеттігін баса айтты.

«Ерлан Нұралыұлы, осы мәселені ерекше бақылауға алуды сұраймын. Осы жылдың соңына дейін бұл жұмысты бітіру керек»,- деді ол.

Министр балық шаруашылығын дамыту да - маңызды мәселе екеніне тоқталды.

«Әлеуеті зор. Бірқатар өткір мәселелер бар. Олар: балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы, браконьерлік, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесінің аумақтық бөлімшелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етудің нашарлығы, тыйым салынған аулау құралдарын, оның ішінде синтетикалық бұйымдарды пайдалану мен сату. Осыған байланысты Орман шаруашылығы комитеті әзірлеп жатқан «Балық шаруашылығын ұзақмерзімді дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасында» балық аулау мен өсіру көлемін ұлғайту жөніндегі мақсатты индикаторларды белгілей отырып, проблемалық мәселелерді шешу көрініс табуы тиіс», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар