Мыңға жуық қыз-келіншекті қолөнерге баулыған әженің арманы - өнер мектебін ашу

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласындағы «Айша Бибі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Бірлік» медалінің иегері, он саусағынан өнер тамған шебер Айман Ыбырайқызының есімі көпшілікке таныс. Ол бүгінде көптеген жас қыз-келіншектерді қолөнерге баулып жүрген әжелердің бірі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА. 

Айман Ыбырайқызы 1945 жылы 28 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Шегелек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 3 ұл, 7 қыздан кейін туған  үйдің кенжесі биыл 73 жасқа толады.  Әйтсе де әжей қартайдым деп қарап отырған жоқ, керісінше жастарды қолөнерге баулып, ұдайы қалада өтетін мәдени шараларының басы-қасынан табылады.
null

Жолдасы дүниеден өтіп, өзі зейнетке шыққаннан кейін қалалық Достық үйі ішінен 2002 жылы  «Айша бибі» қалалық мәдениет орталығы қоғамдық бірлестігін құрады. Мұндағы мақсат - ұлттық салт-дәстүр мен қазақтың мәдениетін жастарға насихаттау. Алғаш бірлестік құрылған уақытта 5-6 әже болса, кейін мүше болуға ниет танытқан әжелер саны артып, қазірде 60-қа жеткен. Ең үлкені 80 жаста. Барлық әжелер он саусағынан өнер тамған шеберлер. Өз білгендерін жас буынға үйрету мақсатында  орталық ішінен «Алтын оймақ» үйірмесін ашқан.
null 

Бүгінде түрлі курстар өткізіп, құрақ көрпе тігу, текемет басу, сырмақ оюдың қыр-сырын жас қыз-келіншектерге үйретіп жүр. Әжелер бүгінге дейін мыңға жуық қыз-келіншекті қолөнерге баулыған екен.  

null«Менің әкем де, шешем де шебер кісілер еді. Бала күнімде үйдің кенжесі болған соң ерке болып өстім.  Сондықтан болар, қолөнер жұмыстарын аса ұната қоймайтынмын. Анам жүн түткен уақытта көмекке шақырғанда шөшек теремін деп сылтауратып, қашып кететінмін. Бірақ өсе келе анамнан барлығын үйрендім. Жаз шықса матаны бояп, қайнатып, алаша тоқитынбыз. Тұрмысқа шыққан кезде алаша, сырмақ, текеметті көргенде менің жасауыма барлығы қызыға қарады. Жасауым әлі күнге дейін сақтаулы», - дейді шебер әжей Айман Ыбырайқызы.

nullСондай-ақ, қоғамдық бірлестіктегі әжелер өздері жасаған бұйымдарын 2009 жылдан бері аймақаралық, халықаралық байқауларға, концерттер мен көрмелерге қатыстырып келеді. Олардың туындылары Астанада өткен халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне де қойылып, өнерлерін көпшілікке паш етіп қайтқан.

nullЕлді ашаршылық жайлаған 1930-шы жылдары Айман Ыбырайқызының ата-анасы отбасын аман сақтап қалу үшін Ресейге көшіп, 1938-ші жылы елге қайтып оралған екен. Қазақ мектебі болмаған соң әке-шешесі амалсыз орыс мектебіне берген.  Орысша білім алып, жұмысқа орналасып, орыс ұлтының өкілдерімен бірге қызмет атқарады. Бірақ  қалалық Достық үйіне келіп, өзі орталық ашқаннан  кейін небәрі 3 жылда  қазақ тілін меңгерген.  
null

«Әкем бізге қарап қайғыратын. «Сендер орысша оқыдыңдар, жұмысты орысша істейсіңдер. Енді жер бетінен қазақтар жойылып кетпесе екен» деп уайымдайтын. Қарасуға көшіп келгенде орыс мектебі ғана болды. Ондағы мұғалімдердің барлығы Мәскеу-Лениград институтын бітіргендер. Бірақ санаулы жыл ішінде қазақ тілін үйрендім», - дейді әже.

Жолдасымен 26 жыл отасқан Айман Ыбырайқызы 1 ұл 2 қызды дүниеге әкелген. Бүгінде 10 немере сүйіп отырған ақжаулықты әже. Ендігі арманы - Семейде өнер мектебін ашу. Осылайша қолөнерге қызығушылық танытатын қыз-келіншектерді ұмытылып бара жатқан қазақтың қолөнеріне баулу.   

Соңғы жаңалықтар