Мыңдаған елордалық жастар пәтер кілтін алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада жұмыс істейтін 1050 жас азаматқа жалдамалы пәтер кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа баспанаға ие болып жатырсыздар. Бұл игілікті шара Елбасы мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында іске асуда. Біз ол тапсырманы орындадық. Міне, 1050 жас осы пәтерге қол жеткізгелі отыр. Одан бөлек 500-ден аса пәтер аз қамтылған отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, ескі және апатты үйлерді сүру бағдарламасы аясында 141 пәтер қарастырылуда. Жастар елге аянбай еңбек етуі үшін осылай баспанамен қамтуды жүзеге асырып жатырмыз. Үйдің бірінші қабатында шағын маркет, емхана, полиция учаскесі болады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пәтер кілтін табыстау рәсімінде.

Пәтерге құжат қабылдау қараша айында жүргізілген екен.

«Мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кадр бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл бағдарлама туралы ұжымдағы әріптестерімнен естіп, құжат тапсырдым. Кеше бізге хабарласып, құжатымыз өткенін айтып құттықтады. Бастапқыда сенген жоқпыз. Біз үшін мемлекет тарапынан осындай көмек болғаны - үлкен қуаныш. Елордада тұрғаныма 10 жыл болды», - дейді елорда тұрғыны Айдана Қайролла.

Еске салсақ, 5-10 қараша аралығында елордада жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бойынша өтініш қабылданды.

Айта кетсек, Жастар жылына орай Елбасының тапсырмасымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкен қалаларында жұмысшы жастарға тұрғын үйді беру бойынша ережелерді бекіткен болатын. Аталған бұйрықты ҚР Тұңғыш Прездиенті Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылының ашылу салтанатында берген еді.

Соңғы жаңалықтар