Мыңдаған адамдарға жұмыс берген «Жол картасы» алдағы жылы да жалғасатын болады -БҚО әкімінің орынбасары С. Сүлеймен

None
None
Л. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Жол картасы» бағдарламасы жұртқа жұмыс тауып беруде, ауыл-аймақтың әлеуметтік тынысын кеңейтуде игі септігін тигізіп отыр. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлейменмен сұхбаттасқан болатын.   

 - Серік Кенжебекұлы, «Жол картасына» сәйкес өңірде не тындырылды, басты жұмыстарға тоқталсаңыз?

 -  «Жол картасына» орай құрылыс-монтаждау жұмыстарында 8823 жаңа жұмыс орнын ашу, кадрларды даярлау мен қайта даярлау, 2355 әлеуметтік жұмыс орны, 1422 түлекке жолдама беру үшін «Жастар тәжірибесін» кеңейту бағытында БҚО-ға 4976,9 млн.теңге бөлінді. Мұндағы инвестициялық жобалар саны - 75, атап айтқанда, 17 білім беру, 6 денсаулық сақтау, 13 мәдениет нысанын ағымдағы және күрделі жөндеу, жалпы ұзындығы 5235,5 шақырым жергілікті маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу, 20 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысанын қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Биылғы қазанның 1-іне дейін облысқа бөлінген қаражаттың 97,9 %-ы игерілді.

Елбасы және Үкімет дағдарыс зардаптарын жеңілдету үшін жұмыспен қамтылмаған немесе осы қиын кезде жұмыссыз қалуы мүмкін адамдар үшін қосымша еңбек орнын ашуға орасан зор қаражат (140 млрд. теңге) бөліп, ел иығына түскен жүкті жеңілдетті. Мысалы, БҚО-да қосымша 8823 жаңа жұмыс орнын ашу көзделсе, соншама адам еңбек етуде, соның ішінде 6 мыңнан астамы жұмыспен қамту қызметтерінің жолдамасы бойынша жіберілді.

  «Жол картасы» жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, сонымен қатар көптен бері шешілмей келе жатқан әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жол нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеуге мүмкіндік беріп отыр.

    Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан 75 нысанның 25-інде жұмыстар толығымен аяқталды. Облыс аудандарында 6 мектеп, 2 мектеп жанындағы интернат, 5 балабақша, 2 кәсіптік мектептің оқу корпустары, 3 дәрігерлік амбулатория мен 4 ауылдық клуб жөндеуден өткізілді, Тасқала ауданының Мереке ауылында сумен қамту жүйесі күрделі жөнделді, ал Ақжайық ауданының Жолан ауылында электрмен қамтуды қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Таяуда тағы да үш денсаулық сақтау, 2 білім беру, 9 мәдениет, бірнеше тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу және облыс орталығын абаттандыру жұмыстары аяқталмақ. Жол мен су, газ, электрмен қамту нысандарын қайта жаңғырту мен жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін жалғасатын болады.

Мақсатты топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға да қаражат қарастырылды. Әлеуметтік көмектің бұл түрі тұрғындар арасында кең қолданыс тапты, сондықтан жоспардағы 2355-тің орнына биылғы қазанның 1-іне дейін 3573 әлеуметтік жұмыс орны ашылып, жоспар 151,7 %-ға орындалды.

«Жастар тәжірибесін» ұйымдастыру өте тиімді болды, өйткені жас мамандар - кәсіптік лицейлер, колледждер мен ЖОО түлектері алты ай ішінде алған мамандықтары бойынша облыс кәсіпорындарында сыннан өтіп, оған қоса еңбекақы алатын болды. Тоғыз айда 1422-нің орнына 2257 түлек тәжірибеден өтуге жіберіліп, бұл да артығымен орындалды (158,7 %). Сондай-ақ маңызды мамандықтар бойынша шетелдік мамандарды ауыстыру, бос жұмыс орындарын толтыру мақсатында қажетті қаржы бөлініп, 3114-тің орнына 3108 адам оқуға жолданды (99,8 %). Білім алған 1251 адам тегістей жұмысқа орналастырылды.

 - Әлеуметтік сала мәселелері Батыс Қазақстанда қалай шешілуде? Сала нысандарын жөндеу, қысқа дайындық жайын айта кетсеңіз?

    - Мемлекетіміз тәуелсіз ел болғаннан бері әлеуметтік саланы, халықтың әл-аухатын жақсартуды ешқашан ұмыт қалдырған емес.

Әлемді шарпыған қаржы дағдарысына қарамастан, облыс бюджеті 91,0 млрд. теңгеге жетіп, Елбасы Жолдауына сәйкес өзінің әлеуметтік бағдарын сақтап қалды. Оған өткен жылмен салыстырғанда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және басқа да әлеуметтік салаларға қомақты қаржы жұмсалып отырғаны дәлел.  Мәселен, биылғы оқу жылын жалпы білім беретін 428 мектеппен бастадық. Биыл облыстың 96 білім нысаны күрделі жөнделсе, оның 19-ы «Жол картасы» аясында жүзеге асты, оның 67-сі - жалпы білім беретін мектептер, 15-і - мектепке дейінгі ұйымдар, 8-і - кәсіптік лицейлер және алтауы - басқа да білім ұйымдары. Облыс бойынша білім беру ұйымдарына 4 млрд. 56,6 млн. теңгеге күрделі жөндеу (оның 739,0 млн. теңгесі «Жол картасы» есебінен) жүргізілді. Оған қоса 361 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына  340,0 млн. теңге жұмсалды.

     Білім ұйымдарына 4738 тонна сұйық отын және 18329 тонна қатты отын толық көлемде жеткізілді, ал 139 мектеп газбен жылытылады.

Мұндай жұмыстар денсаулық сақтау мекемелерінде де жүргізілуде. Биылғы жылы күрделі  жөндеуге 1 млрд. 994,5 млн. теңге (жергілікті бюджеттен 1 млрд. 568,3 млн. теңге, республикалық бюджеттен 426,2 млн. теңге) қаралса, қазанның 1-іне дейін соның 1 млрд. 607,8 миллионы немесе 86,0 %-ы игеріліп отыр. 14 дәрігерлік амбулатория (соның үшеуі «Жол картасы» аясында), 4 медициналық пункт, 1 аурухана және облыстық диагностикалық және перинаталдық орталықтар күрделі жөндеуден өтті. №4 қалалық емхананың, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының шаруашылық корпусы мен тағы да төрт денсаулық сақтау ұйымының күрделі жөндеулері аяқтала келді. Бұдан басқа барлық денсаулық сақтау нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту жүйелері тазартылып, ретке келтірілді. Ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарға 3647 тонна қатты (100%) және 769 тонна (100%) сұйық отын жеткізілді. Өңірдегі барлық 483 денсаулық мекемесі қысқа толық дайындықпен кіргелі отыр.

Биыл облыстағы 36 мәдениет нысанын 855,8 млн.теңгеге күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Соның ішінде ауылдық жерлердегі 11 мәдениет нысаны мен облыстық филармония ғимаратын күрделі және облыстық халық шығармашылығы орталығы ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізуге «Жол картасына» сәйкес республикалық бюджеттен 330,0 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда барлық бөлінген қаржының 685,0 млн. теңгесі немесе 80,0 %-ы, соның ішінде облыстық бюджет бойынша 405,0 млн. теңге (77,0 %), «Жол картасы» бойынша 279,7 млн. теңге (85,0%) игеріліп, жұмыстар одан әрі жалғасуда. Қысқы маусымға дайындық жоспарына сәйкес 3431 тонна көмірдің 3431 тоннасы (жылдық қажеттіліктің 100 %-ы), 643 тонна сұйық отынның  559,3 тоннасы (87 %) жеткізілді.

  - Жергілікті билік органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың байланысы қандай дәрежеде деп ойлайсыз?

   - Батыс Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстана отырып, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын ақпараттық-насихаттау жұмыстарына белсене қатысып, әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуда.

Қазіргі уақытта ҮЕҰ-ның араласуы арқылы облыс тұрғындарының экономикалық және іскерлік белсенділігін дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде гендерлік саясат пен жастар бастамаларын іске асыру, қоршаған орта мен экологияны қорғау, түрлі аурулармен, нашақорлықпен күрес, қоғамдағы тұрақтылықты, халықтың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және басқа салаларды айрықша атап өтуге болады. 

Облыста ҮЕҰ-мен атқарылатын іс-шаралардың  басым бөлігі азаматтық қоғам қалыптастыруға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, сондай-ақ аймақ үшін өзекті болып саналатын әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған. Мұның бәрі ел бірлігін сақтауға оң ықпал ететіні сөзсіз.

ҮЕҰ, мемлекет пен бизнес-құрылымдардың әріптестік қатынастары бойынша мәселелерді үйлестіру рөлін үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңес атқарады. Кеңеске облыс әкімі төрағалық етеді және тоқсан сайын мәжілісі өткізіліп тұрады. Сонымен қатар ҮЕҰ-мен тұрақты байланыс орнатқан облыстық ішкі саясат басқармасы түрлі шараларды ұйымдастырып отырады.

  Облыста  үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың 2008-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы іске асырылуда. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен жыл сайын қаржы бөлініп келеді. Айталық, 2009 жылға 20 млн. 250 мың теңге қарастырылса, соның 19 млн. 750 мың теңгесі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде үкіметтік емес ұйымдар арасында әлеуметтік маңызды жобалар байқауларын жүзеге асыруға қаралды. 250 мың теңге ҮЕҰ қызметіне арналған арнайы бейнероликтер мен сыртқы жарнамаларды жасау және шығаруға бағытталса, соншама қаржы облыста ҮЕҰ-ның дамуына арналған ақпараттық-әдістемелік материалдарды әзірлеу және жарыққа шығару ісіне жұмсалды.  Аймақтық бағдарлама аясында жыл сайын 40-тан астам ҮЕҰ әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға арналған тендерлерге қатысып, 13 басымды сала бойынша жұмыстанып отырады. 

Жалпы, қазіргі таңда биліктің үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланысы жоғары дәрежеде деп айтуға толық негіз бар. Мұндай бірлескен іс-қимыл одан әрі жалғасын табатын болады.

  - «Жол картасына» байланысты жұмыстар алдағы жылы да жалғаспақ. Бұл ретте қандай мәселелерге баса көңіл бөлінбек?

 - «Жол картасын» жүзеге асыру барысында биылғы жылы тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдар бұл іс-шараның тиімділігін айқын сезініп отыр. Жалпы жұмыссыздық деңгейі биылғы екінші тоқсанда 1-тоқсанмен салыстырғанда 6,9 %-дан 6,3 %-ға төмендеп, 0,6 %-ға, ал тіркелген жұмыссыздар саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,2 %-ға қысқарған. Осындай жағдай еліміздің көптеген облыстарында қалыптасып отыр. Сондықтан бұл жұмысты 2010 жылы да жалғастыру туралы шешім қабылданды. Алдын ала жоспар жасалып, қаражат қарастырылды.

2010 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы сомасы 4691,6 млн. теңгеге 5083 жаңа жұмыс орнын ашу арқылы 60 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр, яғни тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолдар, денсаулық сақтау, білім, мәдениет нысандарын жөндеуге бағытталған жұмыстар жалғасатын болады. Сондай-ақ  тұрғындардың мақсатты топтарына арналған әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және «Жастар тәжірибесін» ұйымдастыру да назардан тыс қалмайды.

 

Соңғы жаңалықтар