«Мың бала» жобасы 73 мың баланың мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал етті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясы бастамасымен өткен «Мың бала» мәдени-ағарту жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы 2015 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары мен түрлі этнос жастары арасында мемлекеттік тіл арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау.

«Мың бала» жобасы мемлекеттік тіл арқылы туған жер, салт-дәстүр, бауырмалдық, достық сөздерімен балаларды біріктіру. Жыл бойы осы жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде қазақ тілін оқыту бағдарламалары әзірленіп, түрлі шаралар өтті. Абайдың 175 жылдығына ұлы ойшылға арналған акция ұйымдастырылды. Мұнда жылдан-жылға жеңімпаздар саны артып келеді. Бұл жоба жастарға биіктерді бағындырып, табысты мансапқа жетуіне көмектеседі деп үміттенеміз», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев марапаттау рәсімінде.


Биылғы эпидемиялық жағдайға байланысты жоба онлайн форматта ұйымдастырылған. Соған қарамастан, қатысушылар саны көбейген.

«Үміткерлер өте көп болды. Біз тұтас Қазақстаннан үздіктерін таңдадық. Олардың барлығы қазақ тілін жетік меңгерген, қазақ дәстүрлеріне құрмет көрсетіп қана қоймай, тарихтан да хабардар», - дейді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қызметкері Виктория Трегубова.


Жеңімпаздар «Тіл мектебі», «Асыл сөз», «Абайдың 175 жылдығына арналған Челлендж», «Тиімді тілдік орта» атты төрт номинация бойынша іріктелді.

Байқауға жалпы 1000-нан астам адам қатысты, олардың ішінде 65 қатысушы жеңіске жетті.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Асыл сөз» аталымында №52 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Руслан Захаренко, №77 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Анастасия Те үздік деп танылды.

Абайдың 175 жылдығына арналған челлендж жүлдесін №77 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Лейла Монерон Дэйлин жеңіп алды.

Ал «Тиімді тілдік орта» номинациясында №77 Кремонези мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Джулия Ару және №79 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Дарья Зуева жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарға грамоталар мен естелік сыйлықтар берілді.


Соңғы жаңалықтар