Мың айдан да қайырлы - Рамазан келді, жамағат...

None
None
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Күллі ислам әлемі асыға күтетін Рамазан айының бірінші жұлдызы бүгін, 9 шілдеде басталып, мұсылмандық ай күнтізбесімен қасиетті ай биыл 29 күнге толады. Исі мұсылман бұл айда ораза ұстап, ауыз аштырып, тігінен-тік тұрып тарауих намазын оқып және Құран қатымға қатысып, пітір садақасын берумен жүректерін нұрға шомылдырып, рухани мәре-сәре болады. Өйткені, бұл Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы - Аллаһ тағаланың пенделеріне мұстақим тура жолға бастаушы қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы мүбәрәк аяттары түсе бастаған, сексен үш жыл төрт айға тең келетін Қадір түні бар, сондай-ақ тілек-баталар қабыл болатын қасиетті Рамазан айы.

Рамазан - игілік, береке, кешірім, мейірім және қайырымдылық айы. Тақуа молдаларымыз айтатындай, осынау айда шайтан біткен шынжырланып, ел ішінде имандылыққа бетбұрыс басым болып, игі істер жасаушылар өзара жарысқа түсетін ай. Міне, бұл - жер жүзіндегі күллі мұсылман аңсап күткен үммет айы!

Рамазан /Рамадан/ - Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған қасиетті ай, бұл мұсылмандардың ай есебі бойынша тоғызыншыға тура келеді. Бұл айда исламның бес парызының бірі - ауыз бекіту дәстүрі орындалып, ол ай атына сәйкестендіріліп, парсыша «рузе», түрікше «ураза», қазақша «ораза» деп аталады. Сонымен қатар ораза араб тіліндегі «саум» сөзінен бір нәрседен алыстау деп аударылады. Шариғаттағы мағынасы - мұсылман адамның шын ниетпен таң атқаннан, күн батқанға дейін ішіп-жеуден бас тартып, ауыз бекіту және құмарлық сезімдерден өзін тию деп түсініледі. Ораза айы - бұған дейін істеген істерді таразылап, адам баласын жұмсақтық пен мейірімділікке, бауырмалдылық пен сабырлылыққа тәрбиелейтін, сондай-ақ кісі мінезіне мін келтіретін барлық жаман әдеттен айықтыратын ғибадат.

Дінтанушы ғалымдардың айтуына қарағанда, ораза барлық діндерде, тіпті, илаһи діндерде бұрыннан бар. Бірақ бұл құлшылық әрқайсысында әр түрлі орындалады. Кейбірінде үш мезгіл тамақтың бір мезгілін жемеуді ораза ғибадаты деп санаса, енді кейбірі түске дейін аш жүруді, кейбір діндер еш нәр татпай, бірақ су ішіп жүруді ораза десе, кейбір діндер тағамның кейбіреуін ғана жемей ораза ұстайды. Мысалы, көне мысырлық балгерлер жылына жеті күннен жеті аптаға дейін ораза ұстапты. Қытайлықтар болса, бастарына бір іс түскенде өздерін ораза ұстауға мәжбүрлеген. Кейбір қытайлықтар мен тибеттіктер оразаны жиырма төрт сағат ұстаған екен, гректер де әйелдерін көбірек ораза ұстауға міндеттегенге ұқсайды. Сол сияқты юнондық тайпалар оразаны соғыс бастамас бұрын, бірнеше күн қатарынан ұстаса, римдіктер мен итальяндықтар жауға қарсы шабуылда жеңіске жетудің бірден-бір амалы - ауыз бекіту деп санаған. Сондықтан оразаны - төзімділік пен шыдамдылыққа шынықтыратын, рухани күшпен қатар, ағзаға шипа беретін ғибадат деп айтуға болады. Ал дініміз Исламдағы ораза иләһи мағынаны қамтитын нағыз ғибадат.

Рамазан - қайырымдылық, мейірiмдiлiк, сауап-амалдар жасайтын, күнәлар кешiрiлетiн, iстеген ғибадаттарымызға орай тақуалығымыз үшiн ұжмақ нығметтерiмен сыйланатын ай. Рамазан ислам діні тарағанға дейін де қасиетті төрт айдың бірі ретінде танылатын. Мұсылмандық әпсана Мұхаммед пайғамбарға /с.ғ.с./ алғашқы «қасиет» осы Рамазан күндерінде дарығанын айтады. Ол Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні болатын. Осы түні пайғамбарға /с.ғ.с./ Қасиетті Құранның алғашқы аяттары аян етіле бастапты. Ол туралы Құранда: «Рамазан адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» /«Бақара» сүресі, 185-аят/ делінген. Сол себепті де бұл ай мүбарак, яғни қасиетті ай. Құран түскен түнді дәстүр бойынша мұсылмандар «Қадір түні» ретінде атап өтеді. Осы түні Алла тағала адамдар тағдырын белгілейді деп есептеледі. Сондықтан да Қадір түніндегі ғибадат, құлшылық етудің жөні ерекше бөлек.

Мұсылмандық танымда Рамазан - Құран Кәрім айы. Рамазан - мейірім, рақым, кешірім айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан - айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін айы. Құран бойынша ол мың айдан да қымбат. Сондықтан да бұл айда мұсылман жамағаты Құранды әдеттегіден де көбірек оқып, әдеттегіден де көбірек зерделеп, ілімнің тұнығынан сусындай түскені абзал делінеді. Осы айда мұсылманның үшінші парызы - Ораза талаптарының орындалуы да бекер емес. Ораза кезінде адамдар қанағаттың, сабырдың, ынсаптың мән-маңызын сезініп, қадірлеуді үйренеді. Имандылықты орнықтырып арттыра түсер ғибадаттар жасайды. Дәулетті кісілер кембағалдар мен міскіндерге қарайласып, қол ұшын созудың қаншалықты сауапты екенін ұғынады. Ораза кезінде тәуліктің күндізгі уақытында ас жеуге, сусын ішуге, шылым тартуға, тағы басқа да тақуалыққа кедергі жасайтын нәрселердің барлығына тыйым салынады.

Рамазан айы кезінде барлық мұсылман жолындағы ересек адам ораза ұстауға міндетті. Тек белгілі бір жағдайларға байланысты мұрсаты келмейтін адамдар (денсаулығының жарамауы, ұзақ сапарға шығуы, жат елде болуы, соғыс жағдайы, тұтқынға түсу, т.б.), өз әрекетіне жауап бере алмайтын кісілер (есінен адасқандар мен қояншық ауруы барлар), сондай-ақ жасы ұлғайған адамдар, аяғы ауыр және емшекте сәбиі бар әйелдер және ораза ұстауға кедергі келтіретін басқа да себептері бар адамдар бұл парыздан босатылады. Сондай-ақ рәсім тазалығы жоқтардың, жазасын өтеп бітпеген қылмыскерлердің, күнәсі кешірілмеген күнәһарлардың ораза ұстауына рұқсат етілмейді, делінеді. Оразаның тәрбиелік тұрғыдағы пайдасы да өте көп. Адамдар осы рәсім кезінде бір уақытта ауыз бекітіп, бір уақытта ауыз ашып, бірліктері жарасқан бір қауымға айналады. Жомарт жандылар қолынан келгенінше, жоқ-жітіктердің жағдайын жеңілдетуге тырысады. Әркім де бір-біріне кешіріммен, рәуішті көңілдермен қарайды, ізгі пейілдерге беріледі. Бұл айда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Шайтандар кісенделеді, дейтін түсінік бар. Мұхаммед пайғамбардың /с.ғ.с./ «Кімде-кім Рамазан айы келгеніне қуанса, оған тозақ оты харам болады» немесе «Егер үмбетім Рамазан айындағы Алла тағала тарапынан жіберілетін нығметтердің қандай екенін білсе, ол жыл он екі ай бойы Рамазан айы болуын тілер еді», - деген өсиеті де осы айдың ерекшеліктеріне қатысты айтылған. Ораза тұтқан жамағат осы айда Алла тағаланың мейірім-шапағатынан үміт ете отырып, қасиетті Рамазан айын пайғамбардың /с.ғ.с./ сүннетіне сай зор ынта-ықыласпен өткізуге жұмылады. Тілеген тілектері мен дұғаларын, оразасы мен ғибадаттарын Алла тағала қабыл етсін, деп құлшынады. Мұсылмандық шарттарда, белгілі бір себептерге байланысты оразадан босатылғандар оны кейін өздеріне қолайлы уақытта өтеулеріне болатыны да айтылады. Оразасын бұзған адамдар сол күндерін өтеумен қатар, Құдайға тәубе етіп, күнәсін кешетін құрбандықтар жасайды. Рамазан айында мұсылмандар ішіп-жеуге ғана емес, өсек-ғайбат айтпауға және жаман нәрсені көріп, естімеу үшін - тілге, көзге, құлаққа да ораза тұтады. Осы айда жұмақтың есігі ашылып, дозақтың есігі жабылып ораза ұстағандардың күнәсі кешіріледі. Ораза тұтуға ниет білдірген әрбір мұсылман баласы, рәсім кезінде кісіге ғайбат сөз айтудан, сондай-ақ кісінің сыртынан сөз айтудан аулақ болғаны жөн. Ауыз бекіткен әр азамат күн сәулесі көрінгеннен, күн толық батқанға дейін жоғарыда айтылған талаптардың бірін бұзса, тұтқан оразасы қабыл болмайды.

Ораза - мұсылманның үшінші парызы. Ол күнәдан сақтайтын берік қамал. Ораза - нәпсіні тізгіндеп тәрбиелеудегі басты құралдың бірі. Ол - имандылықты орнықтырып, арттыра түсер ғибадат. Жомарт жанды жайсаң бауырларымыз қолынан келгенінше жоқ-жітіктердің жағдайын жеңілдетуге тырысады.

Оразаның медициналық тұрғыдан пайдасы - таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден тыйылудың көптеген дерттерге қарсы дауа екендігі бұған дейін ғылыми түрде зерттеліп, дәлелденген. Біріншіден, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтіп, көптеген сырқаттарға қарсы тұру қабілетін арттырады. Екіншіден - семіздік пен оның салдарынан сақтайды. Әдетте семіздікке ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуы алып келеді. Ал ас қорыту мүшелерінің бұзылуына әкеп соқтыратын бірден-бір факторлар - қоршаған орта, жан күйзелісі мен қоғамдық қысым. Ораза уақытында құлшылық ете отырып, Аллаға бағыштап зікір жасау, құран оқу - ашу-ыза мен шиеленістен өзін алыс ұстатады, денесі мен рухының барлық күш-жігерін пайдалы және оңды бағытқа салады. Үшіншіден - бауырда тастардың жиналуынан, қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Төртіншіден, жыл бойы үздіксіз тамақтану, әсіресе консервіленген және жартылай фабрикатты тағамдарды қолдану, дәрі-дәрмектер ішу мен ластанған ауа салдарынан денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғайды.

Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 185-ші аятында: «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді», деп жазылған. Аятта айтылғанындай, оразаның мақсаты - мұсылманды рухани тазартып, тақуалыққа жеткізу. Тақуа - сақтану, сиыну деген ұғымды білдіреді. Ендеше, тақуалық - Аллаһ Тағалаға бойсұну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйғандардан тыйылып, иманды, көркем мінезді, парасатты жан болып, Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану. Демек, оразаның міндеті - жанды рухани жағынан тазартып, көркем мінезге тәрбиелеу, нәпсі тізгінін қолға алу.

Дәулетті кісілер кембағалдар мен міскіндерге қарайласып, қол ұшын созудың қаншалықты сауапты екенін ұғынады.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с./ Рамазан туралы өз хадис-шәрифтерiнде: «Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi»,- немесе «Ораза ұстау сабырдың жартысы», «Сабыр иманның жартысы», «Сабырлылық - қуаныштың кiлтi», - деген-дi. Дана халқымыздың «сабыр түбi сары алтын», «әр бейнеттiң бiр зейнетi бар», деген нақыл сөздерiн ораза ұстаудағы бiздiң сабырымыз бен қасиеттi айда көрген бейнетiмiзге де байланысты шыққан деуге болады. Мүбарак Рамазан айы баршамызға құтты, күллі ислам әлеміне қайырлы да берекелі болғай. Әмин!

* * *

Оразаның уақыты: Таңның атуынан күннің батуына дейінгі уақыт. Күн мен түн болмаған жерлерде сол аймаққа ең жақын жердегі күн мен түні бар аймақты негізге ала отырып ораза ұстайды. Аллаһ Құранда былай дейді: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар» (Бақара, 187). Мұнымен күн мен түннің арасындағы шекара айтылып отыр.

Сәресі - таң намазының уақыты кіргенге дейін 10-15 минут бұрын ішкен абзал. Ауыз бекітерде «Таң атқаннан күн батқанға дейін, Алла тағаланың ризалығы үшін мүбәрак рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім», деп әр күн үшін арнайы ниет етіледі. Рамазан оразасында былай ниет етіледі: «Нәуәйту ән әсуәмә шәһри рамаданә минәл фәжри иләл-мағриб халисан лилләһи таъала. Аллаһу әкбар».
Мағынасы: «Алла ризалығы үшін таңнан кешке дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім. Аллаһу акбар».

Ауызашар. Ауызды ақшам намазының уақыты кiрген соң, ақшам намазын оқымай тұрып: «Жаратқан ием! Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтіріп, берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!» деп ниет етіп, құрмамен не болмаса сумен ашу сүннет. Ауызашарда мына дұға оқылады: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә амәнту уә алайкә тәуәккәлту уа ала ризқиқә әфтарту, уә саумәл ғади мин шәһри рамаданә нәуәйту, фағфирли мә қаддамту уә мә аххәрту». Бұның мағынасы: «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, Өзіңе тәуекел еттім. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Менің ілгері-кейінгі күнәларымды кешіре гөр!».

Пітір садақасын - Рамазан айы басталған күннен бастап, Айт намазына дейін беріп үлгерген дұрыс. Пітір садақа мөлшері, пітір берілетін азық-түлік жергілікті базар нарқымен өлшенеді. Пітір садақасын бидай, арпа, мейіз және құрмамен беруге болады. Дегенмен, пітірдің бағасы жергілікті базардағы бөлшек нарықпен есептелуі тиіс. Осыған орай, Рамазан айында берілетін пітір-садақаның құнын өңірлерде жергілікті мүфтилер тағайындайды. Ораза алғаш рет мұсылманға парыз болған жылы Расулуллаһ (с.ғ.с) пітір садақаны үмметіне уәжіп етіп, оны беруді бұйырды. Пітір садақасы һижраттың екінші жылында Аллаһ Тағаланың: «Әлдекім тазарса және Раббының атын еске алып, намаз оқыса, ол арманына жетеді» («Ағла» сүресі, 14-15-аяттар), деген аяттары арқылы мұсылмандарға әмір етілді. Рамазан айының оразасынан шығу белгісі және осы айда біліп-білмей істеген қате-кемшіліктеріне кәффәрәт болу ретінде берілетін садақаны шариғат «пітір» деп атады. Пітір садақа міскін мен пақырларға беріледі. Міскін - қажеттілігінен артық бірде-бір дүниесі болмаған, әл-ауқаты төмен адам. Пақыр - табысы немесе мал-мүлкі өз қажетінен артылған, бірақ нисап мөлшеріне жетпеген әлеуметтік жағдайы орташа адам. Ал байға, исламға қарсы шыққандарға, пасық (ғибадатқа ынтасыз), дені-басы сау бола тұрып, жалқаулық етіп, істемей жүрген жұмыссызға, өзінің ата-анасы мен әйел, бала-шағасына пітір берілмейді. Ислам ғұламалары: «Пітір садақа халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, ислам дінін тарату жолына беріледі», деген. Биыл Қазақстанда республика мешіттері барлық өңірлер бойынша пітір садақасын 150 теңге мөлшерінде бекітіп отыр.


Оразаның парыз болу шарттары: ең алдымен мұсылман болу, яғни ораза мұсылмандарға парыз. Екінші, балиғат жасында болуы жане ақыл-есі түзу болуы қажет. Сондықтан жас балаға және ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Үшіншіден, ораза ұстауға күші жету және тұрғын болуы тиіс. Яғни, науқас немесе ұзақ сапар шегетін жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ бұл адамдар да ораза ұстаса, олардың оразасы дұрыс делінеді. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал жүкті әйелдер мен бала емізген аналарға да ораза парыз емес. Бірақ, мұсылман болғандықтан да олар ораза қазасын басқа күндері өтейді.

Қадір түні - тамыздың 3-нен 4-іне қараған түн! Ләйләтүл-Қадр - яғни қасиетті Қадір түні - бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз «құдырет» мағынасы да қамтиды. Қадір түнінің қасиетін жұмыр басты пенде өз ақылымен біле алмайды. Сондықтан оның қадір-қасиетін Жаратушымыздың өзі «Қадір» сүресінде: «1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады», - деп баяндайды. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Аллаһ Қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деп, бұл сыйдың қадірін білуге шақырады. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім сауабын тек қана Аллаһтан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», - дейді. Сондықтан мүмкіндігінше, әрбір пенде Қадір түнінде берілетін сыйдан мақұрым қалмауға тырысуы керек. Ол түнді бос өткізбей, дәрет алып, екі бас болса да намаз оқып, Аллаһ Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн.

Соңғы жаңалықтар