Myń bala Ұлттық олимпиадасы ауыл балаларына қандай мүмкіндіктер ашады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдың 24 ақпанынан бастап еліміздің ауыл мектебі оқушыларының арасында «Myń bala» Ұлттық олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры ұйымдастыратын олимпиада талантты, әрі қабілетті жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған Елбасының «Ел Yмiтi» бастамасы аясында өткізіледі. Білім додасы ауыл мектебінің 5-6 сыныбында оқитын 300 мыңнан астам оқушыны қамтитын болады.

Олимпиада 2 кезеңнен тұрады: сырттай және тікелей.

Сырттай кезең 24 ақпан мен 10 наурыз аралығында өтеді. Бұл кезеңде қатысушыларға келудің қажеті жоқ. Алғашқы кезеңде қатысушылар биылғы оқу жылының І және ІІ тоқсандарындағы математика, жаратылыстану, информатика, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндері үлгерімінің нәтижесі бойынша іріктеледі. І кезеңнің қорытындысы бойынша ұпайлары ең жоғары болған 5000 оқушы ІІ кезеңге жолдама алады. ІІ кезеңге өткен оқушылар тізімі www.fpp.kz интернет-ресурсында 2020 жылы 10 наурызда жарияланады.

II кезең 20 наурызда өтеді. Бұл кезеңде компьютерлік тестілеу нәтижесі бойынша 1000 оқушы іріктеледі. Тестілеу еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ғимараттарында ұйымдастырылады. Тестілеу қазақ және орыс тілдерінде өтеді.

Сынақ оқушылардың когнитивті дағдыларын анықтауға бағытталатын болады. Яғни үміткерлердің логикалық және кеңістіктікте ойлау қабілеттерін анықтай алатын тапсырмалар беріледі. Тестілеу уақытында бейне-трансляция жүргізіледі.

ІІ кезеңге өткен оқушылардың ата-аналарына арнайы SMS-хабарлама келеді. Онда олимпиаданың ІІ кезеңі өтетін орын мен күні хабарланады. Олимпиада қорытындысы бойынша 1000 жеңімпаз атанған оқушылар тізімі www.fpp.kz интернет-ресурсында 2020 жылы 11 мамырда жарияланады.

«Myń bala» олимпиадасы балаларға қандай мүмкіндік береді?

Біріншіден, ең жоғары нәтиже көрсеткен 1000 жеңімпаз дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім алуға жолдама алады. Мысалы, еліміздегі Дарын, «Білім-инновация» лицейлері, Республикалық физика-математика мектептерінің бірінде (ҚР Білім және ғылым министрлігінің бөлінген квоталарына сәйкес) білімін жалғастырады.

Екіншіден, олимпиаданың үздік 1000 оқушысы үшін Нұр-Сұлтан қаласында жазғы мектеп және күзгі демалыста лагерлер ұйымдастырылады.

Үшіншіден, Ұлттық олимпиадаға қатысқан әрбір оқушыға келешекте біліктілігін, дағдыларын дамыту үшін мүмкіндік беретін El Úmiti онлайн даму платформасы қолжетімді болады.


Соңғы жаңалықтар