Музейді бүлікшілерден қорғаған қаһарман: жастардың көп нәрсені білмейтіні қынжылтты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілердің Мемлекеттік орталық музейге шабуыл жасалғаны белгілі. Сол бір сын сағатта тарихи бай мұралардың бүлініп, қолды болып, тоналып кетуінен аман алып қалған музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы еді. Оның музейге басып кірген бүлікшілерді қалай тоқтатқаны туралы бұған дейін ақпарат құралдарында талай жарияланды. Республика күні қарсаңында халық арасындағы қарапайым қаһармандарды тағы бір еске алу мақсатында, біз «Республика қаһармандары» атты жоба ашып, осы жобаға лайық деп тапқан кейіпкеріміздің өскен ортасы, балалық шағы, отбасы, қызметі жайында әңгімелескен едік.

- Бибігүл Дәндіқарақызы, балалық шағыңыз, туып өскен ортаңыз, ата-анаңыз жайлы айтсаңыз.

- Мен 1968 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданы, Желтораңғы ауылында өмірге келдім. Ауылымызда «желтораңғы» деген ағаш бар. Оның бір ерекшелігі – желсіз жайма шуақ күннің өзінде ағаштың жапырақтары өздігінен сыбдырлап тұрады. Мінеки, осы ауылда орта мектепті бітірдім. Әкем Мұрат Дәндіғараұлы 8 класстық білімі бар, қарапайым жұмысшы-тракторист болған адам. Анам Несібала Садыққызы белгілі ұстаз, ауылда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Мен бала кезімнен әкемнің туған апайы Ақжамал апамның қолында өстім. Сондықтан аты-жөнім әкемнің емес, атамның қызы ретінде жазылып жүр. Біз бір ата-анадан туған бес ағайындымыз. Аллаға шүкір, қазір әрқайсымыз отбасылымыз. Әкем 49 жасында, анам 58 жасында өмірден өтті.

- Негізгі мамандығыңыз кім?

- Негізгі мамандығым тарихшы. Ауылда орта мектепті бітірген соң, Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін оқып бітіргем.

- Мемлекеттік орталық музейге дейін қайда еңбек еттіңіз?

- ҚазМУ-ды бітірген соң, жолдамамен Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия институтына «Қазақстан тарихы пәнінің» оқытушысы ретінде барып, онда 9 жылдай тұрып, еңбек еттім. Кейін отбасы жағдайымен Алматыға көшіп келдім. Алматыда Орталық Азия университетінде Қазақстан тарихынан студенттерге 3-4 жыл сабақ бердім. 2003 жылдан бастап Мемлекеттік орталық музейде жұмыс істеген едім. Мұнда алғашында Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастадым. Кейін экспозиция бөлімінің жетекшісі, кадр бөлімінің жетекшісі болдым. 2013 жылдан бастап музей директорының музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп келдім. Жақында ғана осы қызметтен босап отырмын.

- Отбасыңыз бар ма? Балалар, немерелеріңіз бар шығар?

- 1990 жылы Алматыда тұрмыс құрдым. Жолдасым Алматы облысы, Балқаш ауданының тумасы. Қарағанды металургиялық институтын бітірген, металлург болды. Екеуміз екі қызды тәрбиелеп өсірдік. Үлкен қызым қазір Түркияда тұрып жатыр. Екінші қызым Жаркент қаласында тұрады. Екеуі де тұрмыс құрған. Үлкен қызымнан туған үш немерем бар. Жолдасым осыдан 3 жарым жыл бұрын 50 жасында өмірден өтті.

- Бибігүл Дәндіқарақызы, сіздің қаңтар оқиғасы кезінде музейге басып кірген бүлікшілерді қалай тоқтатқаныңызды жақсы білеміз. Ол туралы БАҚ-та бірнеше мәрте айтылып, жазылды. Енді айтыңызшы, қаңтар оқиғасы өткелі 9 ай уақыт өтті. Қазіргі көңіл күйіңіз қалай? Үрей басылды ма?

- Кейде осындай еліміз үшін қасіретті болған күндерді еске алғың да келмейтіні рас. Шыны керек, ештеңені түсінбей қалдық қой. Олай дейтінім, жастар арандап қалды. Музейге басып кіргеннің көбі жастар болды. Әлі де көз алдымда, өзімді ұстай алмаған күйі олардың алдарынан жүгіріп шығып, бар даусыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім. Оларға «Бұл заттардың барлығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, тарихымызды өртейміз, тарихымыздан ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге болмаса да, балаларыңызға, елімізге, келешек ұрпаққа керек болады ғой» дедім. Арасында біреулер сөзімді естіп, қаллғандарына тоқтау салғандай болды. Кейіннен олармен бес сағат бойы сөйлестім, сол кездері жастардың музейде тарихи бай мұрамыз тұрғанын, олар не үшін сақталып тұрғанын білмейтініне тіпті қынжылдым. Екіншіден, жастарымыз қаңтар оқиғасында бейбіт шеруге шығамын деп араңдатуға ұрынып қалды. Бұл өкінішті жағдай болды.

- Бүгінгі күні музейге келтірілген шығын көлемі анықталды ма?

- Музейдің сыртқы есігі, терезелері, бейнекамерелары сынған еді. Кейін бізге жомарт жанды азаматтар демеушілік жасап, ол шығындардың орнын жауып берді. Қосымша бейнекамераларды да көбейтіп берді. Өзімізден қаржы шыққан жоқ.

- Бүлік кезінде сізге, музей қызметкерлеріне денсаулықтарыңызға ешқандай зақым келген жоқ па?

- Сол кездегі-қаңтардағы Алматының әр түкпірінде болған оқиғаларды естісем, жаным түршігеді. Бізде, әйтеуір құдайға шүкір, ешкімнің денсаулығына зақым келген жоқ. Бәріміз аман-есенбіз. Бастысы тарихи құндылықтарымыз бен музейіміз аман қалды. Енді тарихи мұрамыз ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді деп сенемін. Осы орайда айта кетейін, музейдегі құнды жәдігерлердің аман алып қалу жалғыз менің емес, менімен бірге болған әріптестерімнің де еңбегі. Олардың сол кездегі іс-әрекеттері мақтауға тұрарлық. Әріптестеріме алғысым шексіз.

- Музейді бүлікшілерден қорғап қалғандарыңыз үшін лайықты сыйлық, марапаттар берілді ме?

- Бұл оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолынан «Парасат» орденін кеудеме тақты. Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі атандым. Әріптестеріме Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Құрмет» грамотасын тапсырды.

- Сұхбатыңызға рахмет, еңбегіңіз жемісті болсын.


Соңғы жаңалықтар