Музей жәдігерлері: Шыман ханның ордасы, Сәңкібай батырдың жерленген жері

None
None
ТЕМІР АУДАНЫ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Темір ауданында Шыман ханның ордасы орналасқан ауыл мен Сәңкібай батыр жерленген жер бар. ҚазАқпарат тілшісі аудандағы құнды жәдігерлермен танысып қайтты.

Ақтөбе облысы, Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық ауылындағы музейде тарихи деректер сақтаулы тұр. Мәселен, археология-этнография залында қыш құмыра сынықтары, күйдірілген тастар бар.

«ХV-XVI ғасырларда Темір ауданының Тасқопа ауылында қала болды. Бұл жер Шыман ханның ордасы деп аталды. Күйдірілген тас бөлшегі, сынықтары қираған қала орнынан табылған жәдігер. Қала жаугершілік заманында қиратылған екен. Бесоба, Қособа деген мазарлар бар», - деді Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов. Қазіргі уақытта қираған қала орны төмпешікке айналған. Тарихи деректерге сүйенсек, қала күйдірілген кірпіштен салынған. Ауыл ақсақалы Орынбасар Досанов «Шыман ханның ордасы» атты мақаласында Ұлы жібек жолы бойында қала салған Шыман ханның ордасын қалмақтар бұзып, қиратқанын жазады.

«Сәңкібай батырдың сүйегі Темір ауданының территориясында, Кенжалы өзенінің бойында жатыр. Мазары бар, ұрпақтары ас беріп тұрады. Ақтөбе қаласында Сәңкібай батыр даңғылы бар. Бірақ көбі оның сүйегі ауданда екенін білмейді», - деді Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов.

Темір аудандық музейінде соғыс ардагерінің денесінен табылған оқ та сақтаулы. Аудан бойынша 10 мыңнан астам адам Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Қазір тек бір ардагер қалды. Соғыс ардагері Әнуар Ахметжанов Кеңқияқ ауылында тұрады.

«1942 жылы Айтбай Алмағамбетовке оқ тиіп, оқ 1997 жылы алынды. 55 жылдан кейін қолы ауырып, оқ бар екені анықталған екен. Оқты жергілікті дәрігерлер алып тастады. Ауданда төрт генерал өмірге келді. Жансен Кереев туып, өсіп, мектеп бітірді. Қазақтың мақтанышына айналған азамат Ж.Кереев атындағы мектеп, көше бар. Жансен Кереевтің Жансен Кереев атты немересі бар. Алматы қаласында тұратын Жансен «Туған жерге тағзым» атты акциясы аясында екі мектепке тегін Wi-fi орнатып берді. Қазір балалардың бәрі интернетті тегін пайдаланып жүр», - деді Ж. Қалмағамбетов.

Айта кетейік, аудандық мұражайда 3 мыңнан астам жәдігер бар. Жыл сайын музей жәдігерімен 7 мыңға жуық адам тамашалайды.

Темір ауданында Досжан ишанның жерленген жері мен мешіті бар. Меккеден қонақ үй салған ишанның ұрпағы әлі де сол ауданда тұрады. Олардың қолында атадан әкеге мирас болып қалған мөрдің түпнұсқасы сақтаулы тұр.

Соңғы жаңалықтар