Музей түні: Акция кезінде мұражайдың бар екенін білмейтіндер кездеседі - қызметкер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбедегі Өнер музейінде «Музей түні» акциясы өтті. Акцияға Ә.Молдағұлова музейі, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Өнер музейі қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл «Музей түні» акциясы «Бақытты бала» жобасы аясында өтті. Әлия Молдағұлова музейі соғыс жылдарында қолданылған заттар мен киімдерді, қару-жарықты шығарды. Келушілердің көбі қаруды ұстап көріп, оның мықтылығын тексеріп көргісі келеді.

«Жауынгерлердің ас ішетін ыдысы, пластинка, каска, жарылғыш заттардың қалдығы әкелінді. Көбін іздеу тобы арнайы әкеліп береді. Бәрі 1988 жылдан бері жиналып тұр. Музейде 100-ден астам жәдігер бар. Әлі де ата-анасының қолданған заттарын, арнайы топтың тапқан заттары тапсырылады. Келушілер қаруға қызығады, ұстап көруге тырысады. Біз бүгін 1940 жылдардағы қаруды әкелдік»,- деді Әлия Молдағұлова музейінің бас қор сақтаушысы Айсұлу Тұралиева.

Айта кетейік, бұл музейде Әлия Молдағұловаға Кеңес одағының батыры атағы берілген грамотасы сақтаулы. Сонымен қатар, мектептегі үлгерім табелі бар.

«Мектеп оқушылары, студенттер жиі келеді. Шетелдік қонақтар да Әлия Молдағұлованың өмірімен танысады. Бірақ мүлде музейге келмеген ақтөбеліктер әлі бар. Олар «Музей түні» акциясы кезінде танысып, бар екенін біледі. Кейбірі бала кезінде келіп, қартайғанда соны еске алады», - деді Айсұлу Туралиева.

Ал тағы бір залда облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің дайындаған мүсіні бар. Мүсіннің бәрі скочтан жасалып, шаммен жарықтандырылған.

«Мүсінді скочтан бір апта дайындадық. Алдымен маникен арқылы жасап, кейбірі музей қызметкерлерінің мүсіні болып шықты. Алдымен пакетті орап, кейін скочтаймыз. Мүсін шыққан кезде оны төбеге іліп, арнайы шаммен жарықтандырылды. Өткен жылы тек қол, аяқ секілді адамның белгілі бір дене бөлігін жасағанбыз. Биыл толық бейне әзірленді»,- деді облыстық музейдің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібекова.

Сонымен қатар, жергілікті қолөнер шеберлері өздері дайындаған бұйымдарды таныстырып, сатуға шығарды.

Соңғы жаңалықтар