Мұздай қаруланып, «Астана біздікі» деп видеоға түскен жігіт сотқа тартылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада мұздай қаруланып, «Астана біздікі» деп видеоға түскен жас жігіттің соты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотта айыпталушының жазасын ауыстыру туралы материал қаралуда. Ол бұрын сотты болған. Кейін қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге байланысты босап шыққан. Яғни, жазасының өтелмеген бөлігі шартты жазаға ауыстырылған. Сот тарапынан оған түзелуге мүмкіндік берілген. Соған қарамастан, ол бостандықта жүріп, қылмысқа жол беріп отыр (қару ұстап таралған видео – авт.)», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық №2 сотының баспасөз қызметінен.

Аудандық соттың мәліметінше, соңғы жасалған заңбұзушылық бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Бүгінгі сотта қаралып жатқан мәселе – оның өтелмеген жазасының бөлігін мейлінше қатаң жазаға ауыстыру. Сотта осындай өтініш қаралуда. Ал видеоға қатысты іс материалдары сотқа әлі келіп түскен жоқ», - деп хабарлады соттан.

Еске сала кетсек, елорда сақшылары «бақайшағына дейін қаруланған» жігіттің кім екенін анықтап, көп өтпей ұстаған болатын.

Оның алдында «Астана-сергек» Instagram парақшасында жас жігіттің қару ұстап, «Астана біздікі» деген видеосы тарады. Видеода жас жігіт бірнеше қаруды ұстап, былапыт сөздер айтады.

Соңғы жаңалықтар