«Мұзбалақ» мультфильмі Ыстанбұл кинофестивалінде жүлдегер атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Мұзбалақ» мультфильмі кезекті жеңісімен қуантып отыр. Туынды Түркияның Best Istanbul Film Festival фестивалінде үздік толықметражды анимациялық фильм атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мәлімет таратты.

«Қазылар алқасына 40 жуық мультфильм ұсынылды. Фестивальге 100-ден аса мемлекеттің өкілдері қатысты. Картинаның режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазыны және жобаны жасауға атсалысқан шығармашылық топты жаңа жеңісімен құттықтаймыз» делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Мұзбалақ» екі бірдей фестивальде жүлдегер атанған болатын.

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі 2018 жылы түсірілген. Сценарий авторлары - Ербол Бораншы, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда.

Ерте заманда қара ниетті Шегірдің кесірінен жер астындағы әбжылан оянып, жер бетіне шығады. Әбжылан қазақ ауылын отқа орап, қарсы келгенді жалмап, ел ішіне үрей туғызады.

Сол сәтте балапанына қауіп төнгенін сезген ана бүркіт әбжыланмен айқасып, оны жер астындағы мекеніне қуып тығады. Ал бүркіт отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді.

Адам жұтып дәніккен әбжылан күн тұтылғанда алып айдаһарға айналып жер бетіне шығатынын білген ауыл адамдары айдаһарды тек қыран бүркіт қана жеңе алатынын түсініп, іздеуге аттанады.

Мұзбалақты Ақтай мен Шегір іздеп табады. Мұзбалақтың жан дүниесін түсініп, тілін тапқан Ақтай Мұзбалаққа еркіндік сыйлап, онымен адал дос болуға серттеседі.


Соңғы жаңалықтар