Мұз кесегінен болған өлім: Алматы әкімдігі шатыр неліктен тазаланбағанын түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімдігі шатырдан мұз кесегінің құлауынан 60 жастағы әйелдің мерт болуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанат Жақсыбаевтың айтуынша, аталған үйдің шатырларын тазалау жұмыстары өткен аптада ғана жүргізілген. 

«Тазалау жұмыстарын «Верный выбор» пәтер иелері кооперативі жүргізді.  Үйдің шатыры мұздан, қардан тазаланған. Тек бір пәтерге ғана жұмысшылар кіре алмай қойған. Шатырды тазалау үшін жұмысшылар 9-қабаттағы пәтерге кіруі керек болған. Ал ол пәтер жабық болған. Кішкентай ғана мұз сүңгісі еріген сумен қосылып үлкен кесекке айналған да, үзіліп түскен», - деді Жанат Жақсыбаев.

Оның айтуынша, марқұм болған әйел аталған үйдің тұрғыны емес. Аудан әкімдігі оның жақындарына барынша көмек көрсетпек.

«Өтемақы мәселесін аудан басшылығымен ақылдаса отырып қарастырамыз. Әзірге қайтыс болған әйелдің туыстарымен хабарласып, қандай көмек қажеттігін анықтаймыз», - деді Ж.Жақсыбаев.

Полиция көз жұмған әйелдің денесін алып кетті. Ал ПИК төрағасынан жауап алынып жатыр.

Айта кетейік, оқиға бүгін Алматының орталығында болды. 60 жастағы әйелдің басына 9-қабаттың шатырынан үлкен мұз кесегі құлап кеткен. Әйел сол жерде көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар