Мұсылмандардың қасиетті мерекесі – Құрбан айт басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылатын Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрбан айттың мемлекеттік деңгейде аталып өте бастағанына да, мінекей, он жылдан астам уақыт болды. Дербес Қазақстанның тарихына көз жүгіртер болсақ, 2005 жылдың 28 желтоқсанында Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар тиісті заң жобасын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт пен Рождество мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып жарияланған болатын. Биыл ұлық мерекеге байланысты қазақстандықтар бір күн - 21 тамызда, яғни бүгін демалатын болады.

Құрбан айт - әлемдегі мұсылман қауымның ең қасиетті мерекесі. Құрбан сөзі - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді. Яғни, жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу, ал шариғаттағы терминдік мағынасы - «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз, тауық, күркетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарап тұр. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт.

Айт кезінде құрбандық шалуға ниеттенген жамағаттың барлығын да мал бағасы қызықтыратындығы сөзсіз. Осыны ескере отырып, бұған дейін оқырман қауымға Қазақстанның өңір-өңіріндегі құрбандыққа шалынатын мал бағасына шолуды ұсынған болатынбыз.

Құрбан айт мейрамын атап өту өзге өңірлермен бірге, бүгін елорданың барлық 9 мешітінде мерекелік «Айт намазынан» (басталуы сағат 07:00) бастау алады. 23 тамызға дейін елордада құрбандық шалу ұйымдастырылады. Қазіргі таңда Астана қаласында негізгі құрбандық шалу орындары бекітілген. Нақтырақ айтқанда, Алматы ауданы: «Метро» СҮ (Астана-Қарағанды т/ж), Байқоңыр ауданы: «Нұрбереке-555» ЖШС, Алаш шоссесі, 30 («Көк Базар» базарының арты), «Есжанова А» ЖК, «Жайлау», Алаш шоссесі, Ц 313 көшесі, «Шаушен» ШҚ, «Астана-Павлодар» т/ж, 9 км, «Темеш» ШҚ, Астана - Софиевка т/ж 7 шақырым. Ал Есіл ауданында «Алтын-Таға» базары, Қосшы кентінің маңы, Сарыарқа ауданында «Ұлжан» әмбебап базары (бұрынғы «Саянұр» базары) бекітілген.

«Құрбан айт» мерекесін атап өту күндері халыққа құрбандық шалу және тағы басқа өзекті мәселелер бойынша ақпараттандыру үшін тәулік бойы «2288» Call-center жұмыс жүргізетін болады.

Соңғы жаңалықтар