Мұсылмандар діни басқармасының республикалық конференциясы Алматы облысынан басталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының республикалық конференциясы Алматы облысынан басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ислам - ынтымақ пен бірлік діні» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция бүгін Талдықорғаннан басталды.

Оффлайн және онлайн - аралас режимде өткен шараға облыс әкімі Қанат Бозымбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және бірқатар ғалымдар қатысты.

Конференцияда дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттаудың қоғам тұрақтылығын сақтаудағы рөлі туралы мәселе талқыланды.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өз сөзінде ел тұтастығын сақтау жолында өңірде қолға алынған шараларға тоқталып өтті.

Соның ішінде діни ахуалды талдау, дінтанушы мамандарды даярлау, деструктивті ағымды ұстанушылармен жүргізілген жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ.

«Соңғы екі жылда облыстық дін істері басқармасы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениет университеті, Д.А. Қонаев атындағы Заң академиясы сияқты алдыңғы қатарлы алты жоғарғы оқу орындарымен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол жеткізді. Теолог, дінтанушы мамандарды даярлайтын бұл оқу орындарында Алматы облысынан жалпы саны 244 студент білім алуда, оның ішінде облыс әкімінің грантымен 30 студентіміз білім алып жатыр. Аталған түлектерді қызметке орналастыру күн тәртібіндегі бірінші мәселе», - деді Қанат Бозымбаев. Б ас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында діни қызмет аясында имамдар үшін 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жарияланғанын айтты. Бұл конференция осы атаулы жыл аясында өткізіліп отыр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров онлайн қосылып діни ағартушылық жұмыстардың ақпараттық насихаты, имамдардың цифрлық сауатын арттыру сияқты маңызды мәселер туралы баяндады. Сонымен қатар, министр өз сөзінде дін саласындағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікірімен бөлісіп, мүфтияттың қызметі жөнінде, оның ішінде елдегі діндар азаматтар арасындағы ағартушылық жұмыстар жүргізуге қатысты өзінің ұсынысын жеткізді. Бұған қоса, министр әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қоғамдағы радикалды діни идеологияның таралуына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударды.

Осы жиында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің және басқа да ғылыми ордалардың ғалымдары баяндама жасап, өзара пікір алмасты.

Жалпы Алматы облысында 12 конфессияға қарасты 647 діни бірлестік заңды түрде қызмет атқаруда.

Олардың ішінде 478-і Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты ислам мешіттері.

Деструктивті ағым ұстанушылармен жұмыс жүргізетін «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» жұмыс жасайды.

Осы орталықпен қатар басқармаға қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» қызмет бағытына облыстағы діни ахуалға сапалы талдау, зерделеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізу жатады.


Соңғы жаңалықтар