МҰСТАФИН ҒАБИДЕН

None
None
Мұстафин Ғабиден (1902-1985) - қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Бұрынғы Ақмола облысының Нұра өзенінің жағалауындағы Сарытөбе атты жерде (қазіргі Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданы) дүниеге келген. Ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, 14 жасында Спасскі зауытының табельшісінен бір жыл орысша оқып, сондағы орыс-қазақ мектебін бітірген. 20-жылдардан бастап ауылдағы кеңес жұмыстарына араласты.
1925-1933 жылдары білімін көтеру мақсатында Қызылордаға келіп, оқуға түсе алмай, өлкелік сотта іс-қағаздарды тіркеуші болып істеген. Түскен шағымдарды есіне ала отырып, ел ішіндегі заңсыздықтар туралы мақалалар жазуды үйренді. Жазушылыққа деген ұмытылысы да осы кезеңдерде басталды. 1933-1938 жылдары Қарағанды қаласындағы шахтада темір жонушы (токарь), слесарь. 1938-1940 жылдары - «Қарағанды пролетариаты» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінің жауапты хатшысы, Новосібірде шыққан «Қызыл Ту» газетінің, «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналының әдеби қызметкері, редакторы. 1940-1948 жылдары - Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналының редакторы. 1953-1957 жылдары Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, 1961-1964 жылдары Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1927 жылы «Жыл құсы» журналында алғашқы «Сәрсен мен Боқаш» тырнақалды әңгімесі жарияланып, 1929 жылы тұңғыш әңгімелер жинағы «Ер Шойын» атпен шыққан. 1940 жылы Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған «Өмір не өлім» атты тұңғыш романы жарияланды. Бұл кітап үлкен шығармашылық жолдың бастауын белгілеген ақын еңбегі еді. Соғыс жылдарында «Құлаған құз», «Алынған кек», «Басқа пәле тілден», «Айғақ» (1942), «Тұтқын», «Күлмеген адам», «Керуен» секілді шағын туындылырды өмірге әкелді.

Соғыстан кейін ол кең көлемді прозада қалам тартып, дүниежүзіне танымал болған Шығанақ Берсиев өмірінен «Шығанақ» повесін жазды (1945). Ол «Қарағанды» (1952), «Дауылдан кейін» (1960), «Көз көрген» (1963) романдарын жазды. Бұл шығармалар идеялық-көркемдік қуатының молдығымен қазақ әдебиетіне зор үлес болып қосылып, жазушыны әдебиеттің аса көрнекті өкілдерінің қатарына көтерді. Ғабиден Мұстафиннің шығармалары көптеген әлем халықтарының тілдеріне аударылып, оқырмандардан өз бағасын алды. Оның шығармалары ХХ ғасыр басындағы дүрбелең оқиғалар мен қоғамдағы жаңалықты, ел басынан өткерген ауыртпашылықты кеңінен суреттеуімен құнды. Мұнда ол өзі өмір сүрген дәуірдің панорамалақ суреттерін жасап, қиыншылықтарды жеңе отырып, ілгері ұмытылған қоғамды, ондағы адамдар қарым-қатынасын көркем бейнелеген.

Ғабиден Мұстафин шығармашылық пен қатар қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, 6-шы сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 4-5,8-10 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

Ол 2 мәрте Ленин, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

КСРО Министрлер Кеңесінің 1986 жылғы 31-ші наурызындағы қаулысымен Алматы қаласындағы бір көшеге, Қарағанды қаласындағы № 83 орта мектеп пен Бұқар жырау ауданындағы «Березняки» ауылына белгілі жазушы Ғабиден Мұстафин есімі берілген.

2001 жылы Астана қалалық әкімшілігінің қаулысына сәйкес қалалық мәслихатының 25.12.2001жылғы №132/26-II шешімімен Астана қаласындағы жаңа көшелердің біріне Ғабиден Мұстафиннің есімі берілді.

2002 жылы Қарағанды облысында Ғабиден Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына орай торқалы мерейтойы кең көлемде атап өтіліп, Токаревка кенті Ғабиден Мұстафин кенті болып өзгертіліп, Қарағанды қаласындағы көшеге аты беріліп, жазушының ескерткіш-мүсіні орнатылды.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 6 том.
"ҚазАқпарат"ҰК"АҚ-ның арнаулы жобалар бөлімімен толықтырылған.

Соңғы жаңалықтар